19.06.2019

Мәжіліс тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты түзетулерді мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 19 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті.

Онда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралызаң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Құжат «бір үй – мүлік меншік иелерінің бір бірлестігі (ММБ) – бір шот» қағидаты бойынша тұрғын үй қорын басқарудың жаңа моделін енгізуге, көппәтерлі тұрғын үйлерді кондоминиум объектілері ретінде тіркеу тәртібін айқындауға және кондоминиум объектілерін басқару және күтіп-ұстау жөніндегі қызметті реттеуге, жергілікті атқарушы органдардың жергілікті бюджет қаражаты есебінен қолда бар көппәтерлі тұрғын үйлерді техникалық зерттеп-қарауды, оларды тіркеуді қамтамасыз ету және сәйкестендіру құжаттарын дайындау бойынша құзыретін айқындауға, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциясының құзыретін нақтылауға бағытталған.

Осы күні Мәжіліс мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жоюға, мемлекеттік қызмет өткеру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл процестерін оңтайландыруға бағытталған түзетулер енгізді. Атап айтқанда, бағынысты адамдар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаған кезде бірінші басшылардың дербес тәртіптік жауаптылығын арттыру, нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама институтын қалпына келтіру, шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында докторантура бағдарламалары бойынша оқуды аяқтаған адамдарды, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда кемінде бес жыл жұмыс істеген адамдарды мемлекеттік қызметке конкурстан тыс тағайындау мүмкіндігін бекіту және «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін атқаратын лауазымдары өзгертілген жағдайда қайта тағайындау тәртібін нақтылау.

Сонымен қатар, бүгінгі отырыста Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды.

Келісім бұрыннан бар ғылыми байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді және Қазақстан Республикасы ғалымдарының, инженерлерінің, студенттері мен техникалық мамандарының ұзақ мерзімді негізде CERN ғылыми-зерттеу жобаларына, сондай-ақ Тараптардың уағдаласуы мүмкін басқа да үлестерді қосуға қатысу мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге негіз болады.

Бүгін Палата бірқатар заң жобаларын жұмысқа алды. Олардың қатарында лотереялар және лотерея қызметі, көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бар.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар А. Қожахметов, К. Мұсырман, Д. Мыңбай, Д.Нұрманбетова, А.Платонов, Б. Ізмұхамбетов, Т.Сыздықов, В.Косарев, М. Магеррамов, М. қазбекова, Е. Никитинская, Н.Жұмаділдаева, Ш.Нурумов.

***

Бүгінгі жалпы отырыста Мәжіліс Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының баяндамасы бойынша Палата депутаты Анар Жаилғанованың Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігініңтөрағасы қызметіне тағайындалуына байланысты өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдады.

(Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж. Құспанов).



Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan