10.09.2019

Мәжілісте әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасы таныстырылды


Нұр-Сұлтан, 10 қыркүйек, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте жаңа заң жобаларының таныстырылымы өтті.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі жобасы туралы әділет вице-министрі Наталья Пан баяндады.

Кодекс жобасы бірыңғай заңнамалық актіде жария құқықтық қатынастар саласында әкімшілік рәсімдерді жүзеге асырудың және сот ісін жүргізудің құқықтық негіздерін, қағидаттарын, ережелерін белгілейді.

Кодекс жобасында мынадай негізгі ережелер көзделеді:

1) әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру кезіндегі жаңа қағидаттар, атап айтқанда, формальді талаптарды теріс пайдалану құқық пен тыйым салудың мөлшерлестігі, басымдығы;

2) тек мемлекеттік органдар ғана емес, сондай-ақ билік шешімдерін қабылдау құқығы берілген ұйымдар да танылатын "әкімшілік орган" құқықтық санаты;

3) рәсімдік кепілдік әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру кезінде тыңдалуға тиіс;

4) соттың белсенді рөлінің принципі;

5) жекелеген жағдайларды қоспағанда, дауды сотта қарау кезінде мемлекеттік органның кінәлілігін презумпциялау;

6) даулардың жекелеген түрлерін қоспағанда, міндетті түрде сотқа дейінгі шағым жасау.

Тақырып бойынша қосымша баяндамамен Жоғарғы Сот Мамандырылған сот алқасының төрайымы Айгүл Қыдырбаева сөз сөйледі.

Жобаның мақсаты – азаматтардың құқықтарын мемлекеттің қорғауының түсінікті механизмін қалыптастыру. Кодекстің жобасы талапты қабылдау және қарау рәсімін жеңілдетеді. Атап айтқанда, жаңа кодекс судьяны әр түрлі, соның ішінде талап қоюды «қарамауға» байланысты ұйғарымдарды шығарудан босатады. Прокурордың қатысуы қысқартылады. Прокурор істердің жекелеген санаттары (салықтық, кедендік, экологиялық, бюджеттік даулар)бойынша қатысатын болады.

Сондай-ақ, кодекс жобасында жария-құқықтық дауларды қарауды жалпы юрисдикция соттарынан және мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттардан алып әкімшілік соттарға беру ұсынылады.

Азаматтық сот ісін жүргізудің жаңа түрінің басты ерекшелігі судьяның белсенді рөлі болып табылады. Дауды сотта қарау кезінде әкімшілік органның "кінәлілік презумпциясы" бекітіледі. Дәлелдеу ауыртпалығы құқықтық шешім қабылдаған органға жүктелетін болады.

Әкімшілік сот өз шешімдерінің орындалуын қатаң бақылауды қамтамасыз ету мақсатында ақшалай өндіріп алу институты енгізіледі. Судья ақша өндіріп алуды іс қаралып жатқан процесте өз бетімен қолдана алады.Мұндай шара сот талаптарын орындамау, сот шешімін орындамау үшін қолданылатын болады. Ақшалай өндіріп алудың мөлшері 10-нан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін болады, бұл әкімшілік айыппұлмен тең. Ақшалай өндіріп алу сот шешімі орындалғанға дейін бірнеше рет қолданылуы мүмкін.

Кодекс жобасында істерді қараудың ақылға қонымды мерзімдері белгіленіп отыр. Әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімдерінің институты Ресейде, Германияда, Латвияда және Еуропаның басқа да елдерінде (Италия, Португалия, Чехия, Украина және басқалар) табыспен қолданылуда.

Соттар істің нақтылы күрделілігін, соттың іс-әрекетінің жеткіліктілігін және процеске қатысушылардың адалниетті тәртібін назарға алатын болады.

Істерді қараудың ең жоғары ұзақтығы жобада талап қою түскен сәттен бастап 6 аймен шектелген.

Таныстырылым барысында депутаттар қарауына сот ісін жүргізудің жаңа түрі қолданыстағы кодекстер мен заңдарға түзетулер енгізуді көздейтін ілеспе заң жобасы да енгізілді.

Таныстырылымға Мәжіліс депутаттары, азаматтық қоғам өкілдері, блогерлер, қоғам қайраткерлері, уәкілетті мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес, оқу және ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты.

Заң жобалары бойынша талқылау одан әрі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Арман Қожахметов жетекшілік ететін жұмыс тобында жалғасатын болады.

(Мөлдір Мұса, 74-63-04. Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі. Суретті түсірген – Сайлау Майлыбаев).



Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan