The website color
Distance between letter distance
Images
09.10.2019

Мәжіліс «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға түзетулерді мақұлдады


 

 

Нұр-Сұлтан, 9 қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті.

Онда депутаттар «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға түзетулерді мақұлдады.

Заң жобасы «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының іс-шараларын, Мемлекет басшысының 2018 және 2019 жылдардағы жолдауларын, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде, сондай-ақ 2019 жылғы бюджетті атқару көлемінде Үкімет алдына қойылған бірқатар міндеттерді шешу мақсатында дайындалды.

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин:

-  Бүгін халқымыздың әлеуметтік жағдайын одан әрі  күшейтуге тағы бір нақты қадам жасалды деп айтуға  болады. Себебі, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен 2019 жылға арналған бюджетті нақтылау бойынша әлеуметтік салаға қосымша қаражаттар  қаралып отыр. Бұл халқымыздың бірқатар нақты мәселелерін шешуге бағытталған. Енді, осы бөлінген әрбір теңге пайдалы жұмсалып, өз нәтижесін беру керек. Сол үшін Парламент бюджеттің тиімді жұмсалуын қатаң бақылайтын болады, - деді Палата Спикері.

Айта кету керек, 2019 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы (трансферттер түсімінсіз) 7 081,3 млрд.теңге сомасында айқындалды немесе 94,9 млрд. теңгеге ұлғайды.

2019 жылға арналған республикалық бюджеттің шығыстары нақтыланған бюджетпен салыстырғанда 94,9 млрд. теңгеге ұлғая отырып, 12 028,1 млрд. теңге сомасында көзделуде.

Нақтыланған республикалық бюджеттің шығыстары АӘК алушылар санының ұлғаюына байланысты атаулы әлеуметтік көмек төлеу, медициналық көмек көрсету және денсаулық сақтау объектілерінің құрылысын жалғастыруға бағытталған. Сонымен қатар, салымшыларға тұрғын үй қарыздарын беру және салымдар бойынша сыйлықақылар төлеу, жолаушылар вагондары паркін, санитариялық техниканы жаңартуды және машина жасау саласының жобаларын қаржыландыру үшін өнеркәсіпті қолдау қарастырылған. Сондай-ақ, Павлодар және Ақтөбе облыстарының қажет етілетін суармалы жерлерінің гидромелиоративтік жүйелерін реконструкциялау, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, мамандандырылған әуе кемелері авиапаркін дамыту және оны толықтыру жөніндегі міндеттер бар.

Бұдан басқа, заң жобасында жекелеген мемлекеттік органдардың қайта ұйымдастырылуы ескеріле отырып шығыстарды түзету, бюджет қаражатының үнемделуі және ағымдағы жылдың 9 айындағы атқарылу қорытындылары ескеріліп, қаражатты өңірлер мен бюджеттік бағдарламалар арасында азаматтық қызметшілердің еңбекақысын арттыруға, жылу энергетикасы мен көлік инфрақұрылымын дамытуға, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына қайта бөлу ескерілді.

Жылыту маусымын үздіксіз жүргізуді қамтамасыз ету, жылумен жабдықтау объектілерін жылыту кезеңіне дайындау үшін, сондай-ақ басқа да кезек күттірмейтін мәселелерді шешу мақсатында Үкіметтің кезек күттірмейтін шығындарға арналған резерві 61,8 млрд.теңгеге ұлғайтылды.

Сондай-ақ, бүгінгі отырыста Мәжіліс «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасы мен басқа да заң жобаларын жұмысқа алды.    

 

(Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).

 

   

 

 

 


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan