Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Халықаралық қызмет


29.03.2022

Мәжіліс депутаттары ТМД Парламентаралық Ассамблеясы кеңесіне қатысты

Нұр-Сұлтан. 29 наурыз. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Павел Казанцев бастаған делегация өкілдері ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы 30 жылдығына арналған Кеңестің мерейтойлық отырысына қатысты. Вице-спикер өз сөзінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көпжақты өзара іс-қимылының маңыздылығын тоқтала келе, Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитіне қатысып, онда Астана декларациясын қабылдағанын, барлық мемлекеттер үшін еуразиялық қауіпсіздіктің бөлінбеушілік қағидатын берік ұстанатынын айтты. Сондай-ақ ЕҚЫҰ Астана декларациясы әрбір қатысушы мемлекеттің қауіпсіздігі басқа елдердің қауіпсіздігімен тығыз байланысты деп жариялағанын, «Астана рухы» сенім негізінде өзара түсіністікті көздейтінін атап өтті. П.Казанцевтің айтуынша ТМД ПА парламентшілердің пікір алмасуы, аймақтардың негізгі проблемаларын шешу және ортақ ұстанымдарды жақындастыру үшін таптырмас алаң. Отырыс аясында ТМД ПА Кеңесінің «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының 30 жылдығы туралы» мәлімдемесі қабылданды. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі ТМД ПА тұрақты комиссиясының төрағасы Айгүл Құспан, Аграрлық саясат, табиғи ресурстар және экология жөніндегі ТМД ПА тұрақты комиссиясының мүшесі – Ерлан Барлыбаев қатысты.

24.03.2022

Парламент Мәжілісінің депутаттары Парламентаралық Одақтың 144-ші Ассамблеясына қатысты

Нұр-Сұлтан, 24-наурыз. Мәжіліс үйі. Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы – «Еуразия» парламентаралық одағы геосаяси тобының төрайымы Айгүл Құспан бастаған делегация Индонезияда өткен Парламентаралық Одақтың 144-ші Ассамблеясының жұмысына қатысты. Бұл жолғы Ассамблея жұмысы негізінен парламенттерді климат дағдарысына қарсы шаралар қабылдауға жұмылдыруға бағытталды. Делегаттар климаттың өзгеруіне қарсы тұруға және климаттық келісімдерді жүзеге асыруға кедергі келтіретін мәселелерге назар аударып, «Жасыл» экономикаға көшуді жеделдету үшін Сovid-19-дан кейінгі қалпына келтіру кезеңін пайдалану қажеттігілігіне көңіл бөлді. Сондай-ақ, қатысушылар шығарындыларды азайту бойынша бастамаларды заңнамалық қамтамасыз ету мүмкіндіктерін талқылады. Пікірталас барысында қазақстандық депутаттар Елдос Абақанов және Айжан Сқақова климаттың өзгеруіне қарсы күреске Қазақстанның ынталы екенін айта келіп, экономиканы терең декарбонизациялау бойынша ұлттық деңгейде іске асырылып жатқан шараларға және қолданыстағы заңнамалық тетіктерге, сонымен бірге, 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуі бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Ассамблеяның күн тәртібіне Украинадағы жағдай төтенше мәселе ретінде енгізілген болатын. Осыған орай, Индонезиялық және Жаңа Зеландиялық – екі қарар жобасы ұсынылды, олар келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге және қақтығысты жеңудің дипломатиялық жолдарын іздеуге шақырады. Бейбіт шешімдерді әзірлеуде парламенттердің рөлін арттыру мақсатында, қазақстандық делегация индонезиялық парламентшілердің Парламентаралық Одақта Украина бойынша мақсатты топты құру туралы бастамасын қолдады. Ассамблея аясында әйел-парламентшілер форумы өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бейбіт үдерістерді ілгерілетудегі, тұрақты дамудағы, оның ішінде пандемия жағдайындағы әйелдердің рөлі болды. Делегаттар Сovid-19 кезінде аналардың, жаңа туған нәрестелер мен балалардың денсаулығын нығайту және пандемиядан кейінгі қалпына келтіру тәжірибесімен бөлісті. Аналар, жаңа туған нәрестелер мен балалардың денсаулығы, сондай-ақ сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізу тұрғысынан кедейлік пен теңсіздікке қарсы күрес мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстандық делегация Жас парламентшілер Форумына да қатысты. Жастар форумының мақсатына сәйкес делегациялар жастардың ұлттық парламенттерге қатысуы туралы ақпараттармен алмасты. Айта кету керек, Парламентаралық Одаққа қатысушы төрт елде ғана жастар квоталары жұмыс істейді, олар заң шығарушы органдарда да, саяси партияларда да жастар үшін орындарды заңнамалық түрде бекітеді. Қазақстан партиялық квоталар қолданылатын Парламентаралық Одақтың он сегіз елінің қатарына кіреді. Ассамблея аясында екіжақты және көпжақты кездесулерге ерекше назар аударылды. Айгүл Құспанның төрағалығымен ТМД-ның он елі қатысатын «Еуразия» парламентаралық одағының геосаяси тобының отырысы өтті. Ассамблея алаңында Айгүл Құспан Бахрейн ұлттық ассамблеясы Өкілдер Палатасының Төрайымы, Парламентаралық Одақтағы Араб геосаяси тобының төрайымы Фаузия бин Абдулла Юсуф Зайналмен кездесіп, дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде екі ел арасында белсенді саяси диалог орнағанын ерекше атап өтті. 2014 жылы Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген болатын. Айгүл Құспан өз сөзінде Бахрейн тарапына 1300 орынды жаңа мектептің құрылысын қаржыландырғаны үшін сондай-ақ Сыртқы істер министріне Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Орталық Азия-Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің Ынтымақтастық Кеңесі» диалог алаңының алғашқы жұмыс кездесуін ұйымдастыруға көмектескені үшін алғыс білдірді. Сонымен бірге Бахрейнді Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының мүшесі болуға, Қазақстанмен тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Ассамблея аясында Комитете төрайымы Индонезияның Халық Өкілдері Кеңесінің (заң шығарушы органның төменгі палатасы) мүшесі, парламентаралық ынтымақтастық комитетінің төрағасы, қорғаныс, сыртқы істер және ақпарат мәселелері жөніндегі комиссияның мүшесі Фадли Зонмен де кездесті. Индонезия Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі. Біздің елдерімізді дәстүрлі достық және сенімді қатынастар байланыстырады. Келесі жылы Қазақстан мен Индонезия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде екі ел арасында қарқынды саяси диалог орнап, жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін берік іргетас қаланғанын атап өткен Айгүл Құспан алдағы уақытта да бейінді комитеттер мен Қазақстан-Индонезия парламентаралық достық тобы желісі бойынша жүйелі диалог құрудың мүмкіндігі зор екенін алға тартты. Іс-шара барысында сондай-ақ Парламентаралық Одақтың төрағасы Дуарте Пашекумен, Парламентаралық Одақтың Бас хатшысы Мартин Чунгонгпен, БҰҰ жанындағы Парламентаралық Одақтың тұрақты бақылаушысы, Венадағы Парламентаралық Одақтың Кеңсесінің Басшысы Бриджит Бреннермен, Парламенттермен және сыртқы байланыстар жөніндегі Парламентаралық Одақтың директоры Анда Филиппен, Түркия делегациясының басшысы-Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының мүшесі Равза Кавакчы Кан, Түркітілдес елдер Парламенттік ассамблеясының Бас хатшысы Мехмет Сурейя Эрмен екіжақты кездесулер ұйымдастырылды. Парламентаралық Одақ 1889 жылы құрылған, бүкіл әлемде бейбітшілікке, демократияға және орнықты дамуға жәрдемдесуді қоса алғанда, кең ауқымды өзекті мәселелер бойынша парламентаралық дипломатияға жәрдемдесетін ұйым саналады.

09.03.2022

ТҮРКПА-ға мүше парламенттер халықаралық істер комитеттері төрағаларының алғашқы отырысы өтті

Нұр-Сұлтан. 9 ақпан. Мәжіліс үйі. Бүгін ТҮРКПА-ға мүше парламенттер халықаралық істер комитеттері төрағаларының бейнеконференция форматындағы алғашқы отырысы өтті. Бауырлас елдердің өкілдері сыртқы саяси ынтымақтастықты және осы бағыттағы парламенттердің рөлін талқылады. Отырысқа Қазақстан тарапынан Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан қатысты. Өз сөзінде комитет төрайымы Мемлекет басшысының еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандырумен қатар, сыртқы саяси ынтымақтастыққа да баса көңіл бөлетінін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов ТүркПА-ның жұмысымен танысып, Ассамблеяның Іс басындағы Төрағасы ретінде басталған жұмыстарды әрі қарай жалғастыруды тапсырған. Осы орайда Қазақстан тарапы алдағы уақытта ТүркПА-ның атауын «Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы» деп өзгертуді қолға алып, ол жұмыстарды жақын арада ТүркПА Хатшылығымен бірлесе атқаратын болады. Сонымен қатар, ТүркПА-ның аясын кеңейтіп, осы жылдың ішінде толыққанды мүше ретінде Өзбекстанды қосуға бағытталған істер талқыланып, Түрікменстанға ТүркПА-дағы бақылаушы мәртебесін беру жұмыстарын биыл аяқтау керектігіне назар аударылды. А. Құспан «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатының қабылдануы да Түркі елдері ынтымақтастығының дамуындағы жаңа кезең екенін айта келіп, ұйымның жұмысы нәтижелі болу үшін беделді халықаралық парламентаралық ұйымдармен ықпалдасу қажеттігіне тоқталды. Сондай ұйымдардың бірі – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының парламенттік Ассамблеясы. Бұл ретте биыл ТүркПА-ның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясының бақылаушы мәртебесін алуды ұйымдастыру маңызды. Келешекте ТҮРКПА-ға мүше парламенттердің Сыртқы істер комитеттері жылдық іс-шаралар жоспарын белгілеп, ынтымақтастықтықты тереңдетуге бағытталған шараларды қолға алмақ. Бейнеконференцияға ТүркПА-ның Бас Хатшысы, сонымен қатар, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан елдерінің парламент өкілдері қатысты. Ақпарат ретінде айта кетсек, Парламенттік Ассамблея құрылғаннан бері халықаралық және өңірлік деңгейлерде 250-ден астам іс-шара өткізіп, түрлі салалардағы ықпалдастық бойынша 10 Декларацияға қол қойған. Өткен жылы Ыстанбұлда өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің 8-ші Саммитінде түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің атауы «Түркі мемлекеттері ұйымы» атауына өзгерген болатын.

02.03.2022

Мәжіліс депутаттары Испания Парламент өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді

Нұр-Сұлтан, 2 наурыз, Мәжіліс үйі. Мәжілісте бейнебайланыс режимінде «Қазақстан Республикасы-Испания Корольдігі» ынтымақтастығы жөніндегі парламентаралық топтың кездесуі өтті. Шараға Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы, достық тобының жетекшісі Альберт Рау, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов, Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Кұспан қатысты. Кездесу барысында екі елдің мемлекетаралық және парламентаралық ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды. Альберт Рау Испания Қазақстанның Еуропадағы маңызды стратегиялық әріптесі екенін атап өтті. Әсіресе, әскери-техникалық, жаңартылған энергия көздері саласында әріптестіктің әлеуеті зор. Кездесу соңында екі елдің Парламент өкілдері екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі күшейтуге ынталы екендіктерін жеткізді.

09.02.2022

Қазақстан мен Өзбекстан парламенттерінің Спикерлері Е.Қошанов пен Н.Исмоилов Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру туралы Келісімге қол қойды

Нұр-Сұлтан, 9 ақпан, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов пен Қазақстанға ресми сапармен келген Өзбекстанның Олий Мажлис Заң шығару палатасының Спикері Нурдинжон Исмоилов Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру туралы Келісімге қол қойды. Кездесу барысында Ерлан Қошанов Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Миромонович Мирзиёевтің көреген, салиқалы саясатының, сонымен бірге, достық пейілдерінің арқасында бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық өте жоғары деңгейге көтерілгенін, соның нәтижесінде заң шығару органдары арасындағы әріптестік те жыл сайын нығайып келе жатқанын атап өтті. Оған дәлел ретінде Мәжіліс Төрағасы жақында Өзбекстан Президентінің біздің елімізге сапары барысында қос ел Президенттерінің парламентаралық ынтымақтастық туралы кеңесті құру келісіміне қол жеткізгенін, оның тарихи маңызын алға тарта келіп, біздің елдеріміз тәуелсіздік алған күннен бастап, бір-біріне қолдау көрсетіп, қос мемлекеттің өркениеті жолында берік, үйлесімді, сындарлы қарым-қатынас орнағанын айтты. Жаңа құрылған Кеңес біздің мемлекеттеріміздің ықпалдастығына тың серпін беретінін, қол жеткен табыстарымызды одан ары тереңдетіп, Президенттеріміздің барлық сала бойынша келісімдерін тиімді жүзеге асыруға, заңнамалық ынтымақтастықты күшейтуге жаңа жол ашатынын атап өтті. Өз кезегінде мәртебелі мейман бұл келісім арқылы екі елдің, соның ішінде, парламенттар арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңі басталғанын, заң шығарушы органдар мемлекет басшыларының келісімдерін жүзеге асыру үшін бар күш-жігерлерін арнайтынын жеткізді. Биыл қос мемлекет арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына тура 30 жыл толады. Бүгінде Өзбекстан Қазақстанның ірі экономикалық әріптесі саналады. Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ, көлік-логистика, құрылыс, транзит және туризм басқа да салаларда әріптестік әлеуеті жоғары. Кездесу барысында Ерлан Қошанов Қазақстан Президентінің атынан Нурдинжон Исмоиловқа бауырлас халықтар арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін II «Достық» орденін табыс етті.

21.12.2021

Н.Нығматулин Румыния Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары А.Горгиуды қабылдады

Нұр-Сұлтан, 21 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Румыния Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Алина- Штефания Горгиу бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Нұрлан Нығматулин Румыния Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындаған Еуропадағы алғашқы елдердің бірі екенін және маңызды саяси, экономикалық серіктес ел екенін атап өтті. Палата Спикерінің айтуынша, Қазақстан мен Румыния арасындағы қарым-қатынастарының қалыптасуы мен дамуындағы шешуші рөлді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атқарып, бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Румыниямен әріптестікті кеңейтуге үлкен мән береді. Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы Алина Горгиудың елімізге сапары парламентаралық диалогты одан әрі нығайтуға және мемлекеттер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қуатты серпін беретінін айтты. Өз кезегінде, Румыния Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Қазақстан – Румыния үшін маңызды серіктес ел екенін және парламентаралық байланысты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар, сауда-экономикалық ынтымақтастық, ауыл шаруашылығы, экология, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларына қатысты басым бағыттарға назар аударды. Мәжіліс Төрағасы Қазақстан мен Румыния парламентшілерінің бірлескен жұмысын жандандыру заң шығару саласындағы тәжірибе алмасуға, сондай-ақ парламентаралық ұйымдар аясындағы өзара тығыз қарым-қатынасқа ықпал ететініне сенім білдірді.

20.12.2021

Н.Нығматулин Парламентаралық Одақтың төрағасы Д.Пашекумен кездесті

Нұр-Сұлтан, 20 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламентаралық Одақтың төрағасы Дуарте Пашекумен кездесіп, ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылады. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, қазақстандық Парламент өкілдерінің Парламентаралық одаққа мүше мемлекеттердің әріптестерімен өзара іс-қимылы парламентаризм, заң шығару және демократияландыру мәселелері бойынша сындарлы диалогты дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар Нұрлан Нығматулин бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде болып жатқан саяси жүйені реформалау, экономиканы жаңғырту, азаматтық қоғамды дамыту мәселелері туралы айтты. Палата Төрағасы мәртебелі мейманның Қазақстанға сапары парламентаралық диалогты одан әрі нығайтуға және Қазақстан Парламенті мен Парламентаралық Одақ арасындағы ынтымақтастықты дамытуға елеулі серпін беретініне мән берді. Өз кезегінде, Д.Пашеку Парламентаралық Одақтың Қазақстан Парламентімен ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетініне сенім білдіріп, Қазақстан Еуразия құрлығындағы мемлекет ретінде, Парламентаралық Одақтың мүшесі ретінде өте маңызды серіктес ел екеніне назар аударды. Сондай-ақ Нұрлан Нығматулин қазіргі таңда Парламентте Уәкіл институтын дамыту арқылы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, өлім жазасы, балаларды қорғау, волонтерлік қызмет және т.б салалардағы заңнаманы жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

10.12.2021

Нұрлан Нығматулин Мемлекеттік Думаның бірінші вице-спикерін қабылдады

Нұр-Сұлтан, 10 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Дума Төрағасының бірінші орынбасары Александр Жуковпен Қазақстан мен Ресей парламентаралық ынтымақтастығын кеңейту мәселелерін талқылады. Тараптар екі ел арасындағы 30 жыл ішіндегі ынтымақтастық туралы айтып, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екіжақты қарым-қатынастарды дамытудағы тарихи рөлін атап өтті. Нұрлан Нығматулин Ресей Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктесі және одақтасы, сенімді дос және тату көрші екенін, сондай-ақ, мемлекетаралық өзара іс-қимыл одан әрі де арта түсетінін және оған екі ел парламенттері өзіндік үлес қосатынын айтты. Өз кезегінде, мәртебелі мейман Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде асулардан өтіп, елдер арасындағы ынтымақтастық барлық бағыттары бойынша қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин Мәжіліс пен Мемлекеттік Думаның парламентаралық комиссиялары мен Палата комитеттерінің бірлескен жұмысын жандандыруды да қолдады. Отырыс барысында ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, ТМД ПАА аясындағы өзара іс-қимылды нығайту туралы сөз болды. Мәжіліс Спикерінің айтуынша, модельдік заңдар, ұсынымдар мен парламентаралық іс-шаралардың тәжірибелік сипаты қазіргі заманның өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететін болады.

10.11.2021

Нұрлан Нығматулин Францияның Қазақстандағы Елшісін қабылдады

Нұр-Сұлтан, 10 қараша, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Француз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесспен Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Кездесуде Франция еліміздің Еуропалық Одақтағы стратегиялық әріптесі екенін айтқан Мәжіліс Спикері Қазақстан басшылығының екіжақты саяси байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударатынын атап өтті. Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде өтіп жатқан саяси жүйені реформалау, экономиканы жаңғырту, азаматтық қоғамды дамыту үрдістеріне назар аударды. Сонымен қатар, тараптар екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің басым бағыттары туралы айта келе, көлік және энергетика, денсаулық сақтау және білім беру салаларын атап өтті. Франция елшісі Дидье Канесс тұрақты даму және «жасыл» экономикаға көшу саласында қос мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды дамыту басымдыққа ие екенін айтты. Бұдан басқа, Қазақстан мен Францияның ауыл шаруашылығындағы өзара іс-қимылдың әлеуеті зор екеніне тоқталды. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бейінді комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арасындағы тұрақты кездесулер тәжірибесін қайта бастау заңнамалық қызметті, оның ішінде өнеркәсіпті экологиялық трансформациялау, цифрландыру және т. б. мәселелер бойынша тәжірибе алмасуға ықпал ететін болады.

08.11.2021

Нұрлан Нығматулин Польшаның Сенат Спикері Томаш Гродзкиймен кездесті

Нұр-Сұлтан, 8 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Польша Республикасының Сенат Маршалы Томаш Гродзкиймен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Палата Спикері келесі жылы Қазақстан мен Польша арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толатынын атап өтіп, осы жылдар ішінде елдер арасында сенімді саяси диалог орнағанын, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың белсенді дамығанын жеткізді. Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан-Польша ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесі ерекше екенін, осы жолда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдер арасындағы жан-жақты әріптестікті дамытуға зор мән беретінін айтты. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, мәртебелі мейманның елімізге сапары парламентаралық диалогты одан әрі нығайтуға және елдеріміз арасындағы екіжақты өзара іс-қимылды кеңейтуге елеулі серпін берді. Өз кезегінде, Томаш Гродзкий Қазақстанмен өзара іс-қимылды дамыту, халықтар арасындағы қатынастар достық пен өзара көмек негізінде құрылатынын атап өтіп, Қазақстанда түрлі ұлт өкілдерінің достық пен келісімде өмір сүріп жатқанына қызығушылық танытты. Сонымен қатар, тараптар парламентаралық диалогты арттыруға ерекше назар аударды. Отырыс барысында Нұрлан Нығматулин Мемлекет Басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси жүйені реформалау, азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі жұмыстарға назар аударды. Мәжіліс Төрағасы сондай-ақ, Қазақстан Парламенті елді саяси жаңғырту үшін қажетті заңнамалық базаны қамтамасыз ете отырып, бұл процеске белсенді түрде тартылғанын атап өтті. Мәжіліс Төрағасы парламентаралық байланыстарды нығайтудың маңыздылығы туралы айта келіп, поляк әріптесіне қазақстандық және поляк парламентшілерінің ынтымақтастық жөніндегі топтар, сондай-ақ заңнамалық тәжірибемен алмасу үшін тиісті комитеттер деңгейіндегі өзара байланысты күшейтуді ұсынды. Өз кезегінде, Сенат Маршалы Томаш Гродзкий поляк сенаторларының Қазақстанмен барлық салада ынтымақтастықты дамытуға қажетті қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты. Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин поляк әріптестерін және Польша халқын 11 қараша күні атап өтетін ұлттық мереке –Польша Тәуелсіздігі күнімен құттықтады. Нұрлан Нығматулин мен Томаш Гродзкий қазақстандық және польшалық Парламент өкілдері арасындағы диалогты жандандыру екі ел үшін де тиімді болатынына сенім білдірді.

01.11.2021

Мәжіліске Әзірбайжан елшісі келді

Нұр-Сұлтан, 1 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Агалар Атамоглановпен кездесті. Тараптар екіжақты саяси, сауда-экономикалық, инвестиция, парламентаралық және мәдени-ізгілікті байланыстары туралы пікір алмасты.

25.10.2021

Мәжіліс депутаттары Өзбекстан Президентінің сайлауына бақылаушы ретінде қатысты

Нұр-Сұлтан, 25 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс депутаттары Айгүл Құспан, Жәмилә Нұрманбетова және Фахриддин Қаратаев Өзбекстан Президентінің сайлауында ТМД ПАА және ТүркПА байқаушылар миссиясының құрамында бақылаушы ретінде барды. Сапар барысында депутаттар екі жақты кездесулер өткізіп, ТМД ПАА халықаралық бақылаушылар тобының ұйымдастыру кеңестеріне қатысты. Атап айтқанда, Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Сенаты Төрағасының бірінші орынбасары Содик Сафоевпен, Олий Мажлисінің заң шығару палатасы Төрағасының бірінші орынбасары Акмал Саидовпен және Өзбекстанның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаевпен кездесті. Сонымен қатар, депутаттар Өзбекстан Республикасының Президенттігіне кандидаттыққа ұсынылған бірқатар партия өкілдерімен де жүздесіп, пікір алмасты.

19.10.2021

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Сауд Арабиясы Королдігі Парламентінің Төрағасымен кездесті

Нұр-Сұлтан, 19 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанға ресми сапармен келген Сауд Арабиясы Корольдігі Консультативтік кеңесінің Төрағасы Абдалла бен Мұхаммад бен Ибрахим Әл Аш-Шейхпен кездесті. Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин Сауд Арабиясы Қазақстанның Таяу Шығыстағы және мұсылман елдеріндегі ең маңызды серіктестерінің бірі екенін айтты. Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрқашанда Сауд Арабиясымен қарым-қатынасты дамытуға ерекше көңіл бөлетінін, бүгінде бұл бағытты Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Палата Спикері Сауд Арабиясы Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы маңызды әріптестерінің бірі екенін, екі ел басшыларының бірлескен жұмыстары Нұр-Сұлтан және Эр-Рияд қалалары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға оң серпін беретініне мән берді. Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин бейінді парламенттік комитеттер арқылы өзара сапарлар алмасу тәжірибесін одан әрі белсенді жалғастыра отырып, парламентаралық ұйымдар шеңберінде жұмысты әрі қарай тиімді ынталандыру керектігіне тоқталды. Өз кезегінде, мәртебелі мейман екі ел арасындағы саяси-экономикалық байланыстың ерекше дамып келе жатқанын, осы қалыптасқан қарым-қатынасты одан әрі нығайту қажеттілігін атап өтті. Нұрлан Нығматулин мен Әл Аш-Шейх Қазақстан мен Сауд Арабиясы қатынастарын жан-жақты нығайту және арттыру парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға зор серпін беретініне сенім білдірді.

13.10.2021

Мәжіліс депутаты халықаралық іс шараға қатысты

Нұр-Сұлтан, 13 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс депутаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова Санкт-Петербургте өткен III Еуразиялық әйелдер форумының жұмысына қатысты. Іс-шарада әйелдердің саясат пен бизнестегі көшбасшылығы, жаңа технологиялар мен инновацияларды дамыту, экология, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, еріктілер қозғалысы және басқа да салалардағы мәселелер талқыланды. Халықаралық іс-шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Л. Рамазанова әйелдердің өмір сүру сапасын арттыру және құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған елімізде жүргізіліп жатқан реформалар жайында айтты. Депутат бүгінде әлем елдері жаһандық және өңірлік сын-тегеуріндерден туындаған жалпы проблемалар мен кедергілерге тап болып жатқанын айтты. Осы ретте, оларды еңсеруге Еуразиялық гендерлік ағарту орталығын құру ықпал ететін және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту саласында озық тәжірибемен алмасу үшін Алматыда құрылатын Орталық Азия өңірлік білім орталығының алаңын ұсынуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, депутат орталықтың негізінде еларалық гендерлік зерттеулер институтын құруды ұсынды. Айта кету керек, төрт жылда бір рет өткізілетін іс-шараға 110 елден делегаттар қатысады.

13.10.2021

Мәжіліс депутаты БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілдерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, 13 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының арнаулы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының жетекшісі Наталья Германмен және БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰДБ әкімшісінің көмекшісі және БҰҰДБ Еуропа мен ТМД бойынша Өңірлік бюросының директоры Мирьяна Сполярич Эггермен кездесті. Кездесу барысында Дариға Назарбаева мен Наталья Герман Қазақстан мен БҰҰ-ның білім беруді дамыту, экология, әйелдер мен жастар бастамасын қолдау саласындағы әріптестік мәселесін талқылады. Дариға Назарбаева БҰҰ-ның маңызды рөлін атап, «БҰҰ халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін шоғырландыратын жаһандық ұйым болып қала береді» деді. Наталья Герман тәуелсіздік жылдары Қазақстанның қол жеткізген табысын жоғары бағалап, еліміздің бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақты дамуды нығайту саласындағы халықаралық бастамаларын ерекше атады. Әрі БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің «Қазақстан мен БҰҰ әріптестігі үлгі-өнеге» деген сөзін тілге тиек етті. Тараптар Қазақстанның Алматы қаласында БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы бастамасының өзектілігіне тоқталды. Наталья Герман БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі миссиясын Алматыға уақытша орналастыру мәселесін жедел шешкені үшін БҰҰ атынан Қазақстанға алғыс білдірді. Әйелдердің өзін-өзі таныту мүмкіндіктерін кеңейтуге тоқталған БҰҰ-ның арнаулы өкілі бұл бағытта Қазақстанда нақты реформалардың жүзеге асып жатқанын атап өтті. Парламентте және жергілікті өкілді органдарда әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілген еді. Бұған қоса, Қазақстан Еуропалық одақпен бірлескен білім беру бағдарламасына Қазақстан мен Өзбекстанда ауған әйелдерін оқыту туралы бастама көтерді. Наталья Герман алғашқы отырысы 2020 жылы желтоқсан айында өткен көшбасшы әйелдер кеңесін құру жөніндегі бастамасы үшін Дариға Назарбаевқа алғыс айтты. «Нұрсұлтан Назарбаев Қоры білім беру, жастар бастамасын қолдау саласындағы жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді. Әріптестік пен тәжірибе алмасуға біздің мүмкіндігіміз мол деп ойлаймын. Сол себепті, Дариға Нұрсұлтанқызы, сізді биыл желтоқсанда Ташкентте өтетін көшбасшы әйелдер кеңесінің келесі отырысына қатысуға шақырамын», - деді Наталья Герман. Мәжіліс депутаты өз кезегінде қарттардың жұмысқа орналасуын, бос уақытын жақсы өткізуін, денсаулығын нығайтуға арналған бағдарламалар жасауға баса мән беруді ұсынды. Дариға Назарбаеваның БҰҰДБ Еуропа мен ТМД бойынша Өңірлік бюросының директоры Мирьяна Сполярич Эггермен жүздесуі тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыру мәселесіне арналды. Мирьяна Сполярич Эггер Қазақстанда гендерлік мәселеге байланысты ТДМ мемлекетішілік бағдарламалар мен стратегиялардың сәтті түрде интеграцияланғанын ерекше атады. БҰҰ өкілі Қазақстанның әйелдер құқығын қорғау, өңірлік деңгейде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бастамаларын оң бағалады.

12.10.2021

Мәжіліс депутаттары Еуропарламенттегі әріптестерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, 12 қазан, Мәжіліс Үйі. Мәжіліс депутаттары Айгүл Құспан, Снежанна Имашева, Айдос Сарым, Айжан Сқақова және Андрей Линник Бельгияда өткен "Қазақстан Республикасы – Еуропалық одақ" (ҚР-ЕО) парламенттік ынтымақтастық комитетінің кезекті 18-ші отырысына қатысты. Іс-шара барысында ҚР-ЕО желісі бойынша болашақ ынтымақтастық үшін бірқатар перспективалық бағыттар туралы айтылды. Атап айтқанда, экономика, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, экология және су ресурстары салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Мәжіліс депутаттары еуропалық әріптестерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі саяси бастамалары, коронавирус пандемиясы жағдайындағы Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралар кешені, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қызметі жайынан хабардар етті. Өз кезегінде, Еуропалық Парламент депутаттарының тарапынан еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға, өлім жазасын жоюға, сайлау заңнамасын жетілдіру сияқты қазақстандық саяси реформаларға жоғары баға берілді.

11.10.2021

Нұрлан Нығматулин Словакияның Сыртқы және еуропалық істер министрі Иван Корчокпен кездесті

Нұр-Сұлтан, 11 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Словакия Республикасының Сыртқы және еуропалық істер министрі Иван Корчокпен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын талқылады. Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин Словакия Қазақстан үшін маңызды серіктес ел екенін, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнаған жылдар ішінде сенімді саяси диалог жолға қойылып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті. Нұрлан Нығматулин мәртебелі мейманға кездесулер барысында қол жеткізілген барлық келісімдерді іске асыру Қазақстан мен Словакия арасындағы жемісті ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар, отырыста Мәжіліс Төрағасы Парламенті Мәжілісінің заң шығарушылық жұмысы туралы айтып, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси жүйені жаңғырту үдерістерін қолдау, азаматтық қоғамды дамыту үшін заңнамалық база құру жөніндегі жұмыстарға тоқталды. Нұрлан Нығматулин атап өткендей, бүгінде екі елдің Парламент өкілдері Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеялары, Еуропа Кеңесі, Парламентаралық Одақ сияқты парламентаралық ұйымдар аясында өзара іс-қимыл жасауда. Өз кезегінде, Иван Корчок Қазақстан мен Словакия арасындағы байланыс, оның ішінде парламентаралық қарым-қатынасты нығайтуға ниетті екенін айтты. Сонымен қатар, Словакия Республикасының Сыртқы істер министрі Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, Қазақстан Орта Азия бойынша жаңғыру, адам құқығы, азаматтық қоғам жағынан көш бастап келе жатқанын атап өтті. Нұрлан Нығматулин мен Иван Корчок парламентаралық диалогты нығайту Қазақстан мен Словакия арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

29.09.2021

Нұрлан Нығматулин Әзербайжан Милли Мәжілісінің Спикері Сагиба Гафаровамен парламентаралық байланысты талқылады

Нұр-Сұлтан, 29 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Әзербайжан Милли Мәжілісінің Спикері Сагиба Гафаровамен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Әзірбайжан басшыларының уағдаластықтарын заң жағынан қолдау, сондай-ақ екі елдің жан-жақты өзара іс-қимылын дамытуға арналған мүмкіндіктерін атап өтті. Нұрлан Нығматулин мен Сагиба Ғафарова ынтымақтастық жөніндегі топтардың, тиісті комитеттердің бірлескен жұмысын жандандыруды, заңнамалық тәжірибе алмасуды қолдап, пікір алмасты. Кездесуде Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзербайжанмен қарым-қатынасты стратегиялық серіктестік пен бауырлас халықтар арасындағы достық рухында нығайту үшін берік іргетас қалауға қосқан ерекше үлесін атап өтті. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бүгін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бакумен ынтымақтастықты тереңдетуге мән береді. Өз кезегінде, Әзербайжан Милли Мәжілісінің Спикері Сагиба Гафарова бауырлас елдерімізді түркі дүниесіне ортақ мәдениет, ортақ дәстүрлер, ортақ тарих байланыстыратынын атап өтті. Сонымен қатар, Түркістанда өткен Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының Х пленарлық отырысының қорытындылары туралы айтқан Нұрлан Нығматулин мен Сагиба Ғафарова отырыста қабылданған шешімдер парламентаралық диалогты нығайтуға, сондай-ақ түркі елдері арасындағы жан-жақты ықпалдастықты дамытатынына сенім білдірді.

28.09.2021

Н. Нығматулин: Түркістан декларациясы Елбасының тарихи үлесін атап көрсетеді

Нұр-Сұлтан, 28 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Түркітілдес елдердің Парламент өкілдері заманауи жаһандық сын-қатерлері аясында барлық мәселелер бойынша өзара іс-қимылды күшейтуге ниетті. Бұл түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының Х пленарлық отырысының қорытындысы бойынша қабылданған Түркістан декларациясында көрініс тапты. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, бұл тарихи құжат қол жеткізілген нәтижелерді бекітіп қана қоймай, болашаққа деген жоспарларды да көрсетеді. МәжілісТөрағасы Нұрлан Нығматулин барлық қатысушыларға қасиетті қара шаңырақ, бүкіл «Түркі әлемінің рухани Астанасы» киелі Түркістан жеріне келіп, маңызды жиынға қатысқандарыңыз үшін шын жүректен алғысын білдірді. Сондай-ақ, ТүркПА-ның мерейтойлық шаралары бауырлас елдер арасындағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстарды парламенттік деңгейде одан әрі нығайтуға арналғанын айтты. Палата Спикерінің айтуынша, «Түркістан Декларациясы» бұл тарихи құжат бүкіл түркі елдерінің Атажұрты, рухани Астанасы киелі Түркістан жерінде қабылданғаны елдеріміз арасындағы достыққа, туыстыққа, сыйластыққа жаңа серпін береді. Нұрлан Нығматулин атап өткендей, осы Түркістан Декларациясы ТүркПА-ның негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтыңтеңдессіз жоғары рөлін бағалап, тарихи үлесін ерекше көрсетті. - Енді мүше елдеріміздің барлық сала бойынша ынтымақтастығын нығайту, ұйымның халықаралық мәртебесін күшейту, түркі елдер бірлігін тереңдету - осының барлығы алдағы бір жылдың ішінде біздің жұмыстарымыздың ең маңызды бағыттары болады. Және мұрагерлікті сақтап, ТүркПА-ға мүше мемлекеттер аясын кеңейтуге де баса назар аударатын боламыз, - деді Палата Спикері. Сондай-ақ, Нұрлан Нығматулин осы жиында біз алғаш рет электрондық сауда, энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану және энергетикалық тиімділік, кинематография мәселелері бойынша халықаралық модельдік заңдар қабылдағанын атап өтіп, осының барлығы, біздің Ассамблея жұмысына жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Палата Төрағасы Әзербайжаннан, Қырғызстаннан, Түркиядан, Мажарстаннан, Өзбекстаннан келген әріптестеріне, барша халықаралық ұйым мүшелеріне бірлескен табысты жұмыс үшін алғыс білдірді. Іс-шара барысында Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің Төрайымы Сахиба Гафарова, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Талант Мамытов, Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Мұстафа Шентоп сөз сөйледі. Айта кету керек, Түркістан декларациясының маңызды тармақтары Елбасының тарихи рөлін бекіту, еліміздегі Президенттік саяси реформалар пакетін қолдау, қауіпсіздікті нығайту, COVID-19 пандемиясының салдарымен күреске арналды. ТүркПА шешімі бойынша келесі XI пленарлық отырыс 2022 жылы Қырғызстанда өтеді.

28.09.2021

Нұр-Сұлтан, 28 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының Х пленарлық отырысының қатысушыларына құттықтау хат жолдады. Құттықтау хатты жиналғандар алдында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин оқып берді. - Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған ТүркПА бауырлас елдердің бірлігін бекемдейтін беделді ұйым. Мерейтойлық басқосудың қасиетті Түркістан қаласында өтуінің зор символдық мәні бар. Түркі дүниесінің рухани астанасында өтіп жатқан алқалы жиын тамырлас халықтарды ортақ мүддеге жұмылдырады. Біздің елдеріміз алдына зор мақсаттар қойып отыр. Жаңа сын-қатерлерге төтеп береміз десек, өзара ынтымақтастықты барынша нығайта түсуіміз қажет. Әріптестеріміздің әлеуетін арттырып, түркі әлемінің халықаралық аренадағы рөлін күшейтуге тиіспіз, - деп жазылған Мемлекет басшысының құттықтау хатында. Қасым-Жомарт Тоқаев осы ретте жаһандық және өңірлік түйткілдерге байланысты ұстанымымыз бір болуы айрықша маңызды екенін атап өтті. - Бұл жұмыста ТүркПА-ның алатын орны ерекше. Біздің парламенттеріміз әрбір мәселеге түркі жұртының тұтастығы тұрғысынан қарауы керек. Бүгінгі басқосуда осы бағытта салиқалы ойлар айтылып, тың бастамалар көтеріледі деп сенемін! – деді Мемлекет басшысы. Осы орайда, Қ. Тоқаев пленарлық отырысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, Түркі халықтары бірлігінің арта беруіне ниеттестік білдірді.

Нұр-Сұлтан, 28 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Түркістан қаласында өтіп жатқан Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының X пленарлық отырысында Қазақстанның ТүркПА-ға төрағалығының негізгі бағыттарына назар аударды. Сессия жұмысына ТүркПА-ға мүше елдердің Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның, сондай-ақ қонақ ретінде Өзбекстанның және бақылаушысы мәртебесімен Мажарстанның парламенттік делегациялары, Түркі ынтымақтастығы ұйымдарының, бақылаушы ұйымдардың және басқа да мекемелердің басшылары мен өкілдері қатысты. Нұрлан Нығматулин, Ассамблея қызметінің алдағы негізгі бағыттары ең алдымен, Түркі әлемінің ұзақ мерзімді мақсаттарын іске асыруға серпін беретін «Түркі келешегі – 2040» стратегиялық құжатын әзірлеу екенін айтты. - Біз Кеңесте ТүркПА-ның Модельдік заңдар туралы ережесін қабылдадық. Сонымен бірге ТүркПА заң жобалау қызметінің 2022-2027 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлейтін боламыз. Жаңа цифрлық технологиялардың дамуы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көңіл бөлуді қажет етеді. Сондықтан, біз «Киберқауіпсіздік туралы» модельдік заң қабылдауды ұсынамыз, - деді Палата Спикері. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, тағы бір негізгі бағыт – ол халықаралық қатынас. Сонымен қатар, отырыс барысында қауіпсіздік жағдайына ерекше назар аударылды. Бұл бағытта, әсіресе, Ауғанстандағы қазіргі жағдай алаңдатып отыр. Қазіргі уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға көмек көрсету миссиясының қызметкерлері уақытша Алматыға көшірілді. Осыған орай, Мәжіліс Төрағасы бүгінгі күні аталған елдің гуманитарлық дағдарыс алдында тұрғанына баса айтып: -Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Алматыда халықаралық гуманитарлық - логистикалық хаб құруды ұсынамыз. Тағы бір мәселе ТүркПА-ға қатысушы мемлекеттер аясын кеңейту, - деді. Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы мерейтойлық отырысқа Өзбекстан Парламентінің өкілдері де қатысып отырғанына қуанышты екенін жетікізіп, қазіргі уақытта Түркмен әріптестермен де парламентаралық байланыстың нығайып келе жатқанын атап өтті. Нұрлан Нығматулин Түркі әлемінің бірлігі біздің елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтумен тікелей байланысты екеніне назар аударып, төрағалық барысында мәдениет, ғылым және білім саласындағы қатынастарды одан әрі нығайтуға ерекше көңіл бөлетініне тоқталды. Мәжіліс Төрағасы отырыс барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен биыл «Түркістан» телеарнасы ашылғанын, аз ғана уақыттың ішінде бұл телеарна заманға сай үздік техникалармен қамтамасыз етіліп, жоғары кәсіби мамандармен толыққанын айтты. - Түркістан бүкіл Түркі әлемінің «рухани Астанасы» болғандықтан, аталған телеканалды жалпы Түркі мемлекеттеріне ортақ арна жасауды ұсынамын, - деді Нұрлан Нығматулин. Мәжіліс Төрағасының пікірінше, ол елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси даму жолын және парламенттер қызметін жан-жақты насихаттап, бүкіл Түркі елдеріне қажетті ақпараттық орта қалыптастыруға үлес қосатын болады.