Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
28.06.2017

Мәжілістің осы сессиядағы соңғы жалпы отырысы өтті


Астана, 28 маусым. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның осы сессиядағы соңғы жалпы отырысы өтті.

Осыған байланысты сессия жұмысын қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы бұл сессия Мәжіліс тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі болғанын атап өтті.

Осы ретте Н. Нығматулин Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына, Елбасының бастамасымен жүргізілген конституциялық реформаға баса көңіл бөлді.

Оны сапалы заңмен қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ,  Президенттің Жолдауында, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында, «Қазақстан - 2050» Стратегиясында айтылған басым бағыттарды заңнамалық қаматамсыз ету жолында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Айта кетсек, аталған кезеңде Мәжілістің 38 жалпы отырысы өтіп 226 мәселе қаралған. Палата 84 заң жобасын қарап, Сенатқа жолдады.

Сондай-ақ, 16 «үкіметтік сағаттар», 2 Парламентттік тыңдау, 25 «дөңгелек үстелдер», 17 көшпелі отырыстар мен 4 халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылған.

Мәжіліс Төрағасы атап өткен тағы бір үлкен өзгеріс  ол – Мәжіліс жұмысының ашық болуы.

-Өздеріңіз жақсы білесіздер, сессия ашылған күннен бастап, жалпы отырыстар және Үкімет сағаттары «онлайн» режимде бүкіл республикаға көрсетілді. Бұл Мәжіліс жұмысының бұрынғыдан да ашық және сапалы болуына зор ықпал етті. Сонымен қатар, бізде өткен шараларға мемлекеттік органдармен бірге, қоғамдық ұйым мүшелері, Мәжіліске кірмеген партиялар қатысып, біздің Мәжіліс шын мәнінде еркін-пікір орталығына айналды. Осының барлығы біздің жұдырықтай жұмылып, бірлесе жасаған жұмыстарымыздың нәтижесі,-деді Нұрлан Нығматулин.

Ал, бүгінгі жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары ЕАЭО-қа мүше мемлекеттер арасындағы қызметтік және азаматтық қаруды өткізу туралы келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасын мақұлдады.  

Рұқсат беру құжаттарын Еуразиялық экономикалық комиссия бекітетін бірыңғай нысан бойынша мүше мемлекеттердің құзыретті органдары береді. Ол мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде беріледі.

Жеке тұлға аң аулауға қатысу кезінде пайдалану үшін азаматтық қаруды әкеткенге дейін кемінде 10 күн бұрын мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген, аң аулауға қатысуды растайтын құжаттың көшірмесін қоса тіркей отырып, жазбаша түрде хабарлайды.

Сондай-ақ бүгін жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобасы бойынша  Мәжіліс пен Сенат арасындағы келісім комиссиясының ұсыныстары мақұлданды.

Мәжіліс осы күні кейбір заңнамалық актілерге оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша түтулерге қатысты заң жобасы бойынша Сенат енгізген өзгерістерге келісім білдірді.

 (Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі