Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
12.06.2019

Мәжіліс міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


 

Нұр-Сұлтан, 12 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Отырыста депутаттар міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 

Заңнамалық құжат Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы                                     10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін әзірленді және сақтандыру қағидаттары мен әлеуметтік әділдіктің сақталуы ескеріле отырып, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамытуға, еңбек өтілі мен төлем мөлшерлері арасындағы өзара байланысты күшейтуге, халықтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуы үшін ынталандыруларды қалыптастыруға бағытталған.

Жаңалықтар еңбекке қабілеттіліктен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайларында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүзеге асырылатын әлеуметтік төлемдеріне қатысты.

Сонымен бірге, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді есептеудің жетілдірілген тетігі ұсынылып отыр. Қатысу өтілі 5 және одан көп жылды құрайтын адамдарға жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді жұмысынан айырылу себебіне қарамастан, 6 айға дейін жүзеге асыру ұсынылады. Сондай-ақ, заң жобасымен кірісінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемді есептеу үшін қолданылатын кірісті алмастыру коэффиценті Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарына сәйкес 0,3-тен 0,4-ке дейін арттырылып отыр.

Осы күні Мәжіліс агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелеріне қатысты заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.       

Құжатта ұсынылған түзетулер өсімдіктерді қорғау және олардың карантині, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сумен қамтамасыз ету, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау және дамыту жөніндегі нормаларды көздейді, сондай-ақ, тұтастай алғанда, агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар жерді қашықтықтан зондтау (ғарыш мониторингі), аэрофототүсірілімнің, сондай-ақ жерүсті түсірілімдер мен байқаулардың деректерін пайдалану арқылы, әсіресе, топырақ құнарлылығының өзгеруіне және табиғи жемшөп алқаптарының өсімдік қабаты жай-күйінің өзгеруіне байланысты процестер көбірек байқалған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерде жердің ұтымды пайдаланылуын бақылау тетіктерін жетілдіруге бағытталған түзетулер енгізді.

Сонымен қатар, ветеринариялық қызметтің жұмыс істеуінің тиімділігін арттыру үшін депутаттар бақылау-қадағалау функцияларын жергілікті атқарушы органдардан ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосына қайтару және жергілікті атқарушы органдардың аталған қызметінің құрылымын олардың тік бағыныстылығын құру арқылы өзгерту бойынша түзетулерге бастамашы болды.

Палата отырысында Мәжіліс бірқатар заң жобаларын жұмысқа алды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасы және Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы екі ел шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының шекарасын кесіп өту тәртібі туралы, сонымен қатар Қазақстан мен Армения үкіметтері арасындағы азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге байланысты заң жобалары бар.  

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж.Құспанов).

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі