20.06.2019

Бюджет-2018: Парламент Үкімет пен Есеп комитетінің есептерін бекітті




Нұр-Сұлтан, 20 маусым, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен Палаталардың бірлескен отырысы өтті. Отырыста Парламент Үкімет пен Есеп комитетінің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылап, бекітті.

Күн тәртібіне сәйкес Бюджет мәселесімен қатар Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәми «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауын баяндады.

Қ.Мәми атап өткендей, бұдан бұрынғы Жолдауды жариялағаннан бергі кезең Қазақстанның мемлекеттілігі мен конституциялық бірегейлігі үшін тарихи таңбалы оқиғаларымен ерекшеленді. Мемлекет басшысы өкілеттігінің көшуі, Конституцияға өзгерістер енгізу және Республика Президентінің кезектен тыс сайлауы Конституцияның талаптарына қатаң сәйкестікте өтті.

Парламент жиынында Үкіметтің және Есеп комитетінің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері жөнінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов пен Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова баяндама жасады.

Әлихан Смайылов атап өткендей, 2018 жылы бюджеттік саясат мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайтуға және экономиканың одан әрі өсуіне негізделді. Жыл қорытындысымен еліміздің экономикасының өсуі және әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудың қорытындылары ықпал етті.

Бірлескен отырыста қосымша баяндаманы Сенаттың және Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеттерінің мүшелері Сергей Симонов пен Дәурен Әділбеков баяндама жасады. Осы тақырыпта одан әрі сенаторлар Н.Бекназаров, М.Бортник, С.Ершов, Н. Қылышбаев, Д.Мусин, С.Плотников, ал Мәжілістен Қ.Жабағиев, Д.Мыңбай, Е.Никитинская, Б.Оспанов, А.Платонов, И.Унжакова сөз сөйледі. Сондай-ақ, аталған мәселелер бойынша Сенат және Мәжіліс депутаттары Б.Еламанов, С.Жақсыбеков, Е.Мамытбеков, О.Перепечина, А.Жамалов, А.Қоңыров, А.Перуашев, Ш.Өтемісов пікір білдірді.

Талқылау қорытындысы бойынша Парламент Есеп комитеті мен Үкіметтің кірістері – 8 789 004 519 мың теңге, шығыстары – 9 334 732 675 мың теңгені құрайтын 2018 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітті.

Палаталардың бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин депутаттар айтқан ұсыныстар бойынша нақты шаралар қолданатынына және одан әрі тығыз жұмыс істейтініне сенім білдірді.

(74-63-01, Мәжілістің Баспасөз қызметі).



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі