03.07.2019

Мәжілістің осы сессиядағы соңғы жалпы отырысы өтті



Нұр-Сұлтан, 3 шілде, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулерді мақұлдады. Осы ретте, Палата Спикері Нұрлан Нығматулин мемлекет қабылдаған әлеуметтік шаралар халықтың көптеген проблемаларын шешуге мүмкіндік беретінін айтты.

- Өздеріңізге белгілі, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлеуметтік стратегиялық бастамаларын одан әрі жалғастыру мақсатында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тапсырмалар жүктеген болатын. Осыған байланысты, тұрмысы төмен азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету үшін, халқымыздың әлеуметтік жағдайын күшейту үшін нақты шаралар қолға алынуда. Сондықтан, осы үш жылдық бюджетке енгізген өзгерістер барлық әлеуметтік тапсырмаларды жеткілікті қаражатпен қамтамасыз етуге зор ықпал ететін болады, - деді Н.Нығматулин.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмектесу жағын ұйымдастыруы керектігіне баса назар аударды.

Осыған байланысты Нұрлан Нығматулин бөлінген қаражатты пайдаланудың тиімділігіне назар аударып, Мəжіліс депутаттары осы мəселені мұқият қарап, қол жеткізілген нəтижелерді талдауға ниетті екенін атап өтті.

- Бәріміз, Үкімет пен депутаттық корпустың мүшелері, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек, - деді Мәжіліс Төрағасы.

Н.Нығматулин сессия аяқталғаннан кейін депутаттар өңірлерге барған кезде осы жұмысқа белсене атсалысуы керектігіне тоқталды.

Айта кету керек, Мемлекет Басшысының қиын өмірлік жағдайға тап болған қазақстандықтардың борыштық ауыртпалығын төмендету жөніндегі шаралар туралы Жарлығын жүзеге асыруға 89,2 млрд. теңге, сонымен қатар, жұмыссыздықты қамтамасыз ету, аз қамтылған, көп балалы отбасыларды және жастарды қолдау бойынша қолданыстағы шараларды кеңейту үшін - 138,6 млрд. теңге, Үкіметтің резервін арттыруға, оның ішінде, Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайлардың салдарын жоюға - 72,2 млрд. теңге қарастырылған.

Бүгінгі отырыста Мәжіліс ТМД қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімді, Қазақстан мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шартты, Қазақстан мен Қырғыз арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы, сондай-ақ, Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияға Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімдері туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа алды.

Сонымен қатар, бүгінгі Палатаның төртінші сессиядағы соңғы жалпы отырысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин өткен сессия жұмысын қорытындылады. Өз сөзінде Мәжіліс Спикері:

- Бүгін біз төртінші сессиядағы Мәжілістің соңғы жалпы отырысын өткізіп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, бұл сессия Мәжіліс тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Осыған орай, елімізге, халқымызға қажетті көптеген заңдар қабылданды. Көптеген парламенттік шаралар өтті. Олардың барлығы, ең алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлеуметтік-экономикалық, стратегиялық міндеттерін орындауға арналды. Сонымен бірге, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталды, - деді.

Атап айтар болсақ, үшінші сессияда Мәжілістің 41 жалпы отырысы өтіп, 199-ден астам мәселелер қаралды. Осы кезеңде Палата қарауында 110 заң жобасы болып, оның 81-і мақұлданып, Сенатқа жолданған.

Сонымен бірге, 13 «Үкімет сағаты» мен 2 парламенттік тыңдау, 14 көшпелі отырыс және 4 халықаралық конференция ұйымдастырылды.

Палата Спикері атап өткендей, осының барлығы депутаттық корпустың Үкіметпен, тиісті мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесі.

Отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы депутаттарға сессия аяқталғанымен, аймақтарға барып сайлаушылармен кездесіп, онда айтылған ұсыныстар одан әрі заңшығарушылық қызметте ескерілуі қажеттілігіне назар аударды.

(Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж. Құспанов).



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі