05.07.2019

Алтыншы сайланған Парламенттің төртінші сессиясы аяқталды


Нұр-Сұлтан, 5 шілде, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтті.

Бірлескен отырыста Мәжіліс Төрағасы алтыншы сайланған Парламенттің төртінші сессиясы дәстүр бойынша атқарылған жұмыстарға есеп беріп, алдағы мақсаттарға назар аударатын маңызды кезең екенін айтып, осы жолда Парламент еліміз үшін, халқымыз үшін көптеген қажетті заңдар қабылдағанына тоқталды.

Бірлескен отырыс барысында Палата Спикері Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төртінші сессияның ашылуында берген тапсырмалары мен Қазақстан Халқына Жолдауын басшылыққа алғанын айтты.

Палата Төрағасы атап өткен санды мәліметтерге тоқталсақ,сессия барысында қос Палатаның 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің 41 және Сенаттың 26 жалпы отырыстары өтті. Онда 319 маңызды мәселелер қаралды.

Жалпы төртінші сессия басталған кезден 83 заң жобасы қабылданды. Оның ішінде 82 заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойып, олар өз күшіне енді.

- Осы қабылданған әрбір заң, ең алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық және әлеуметтік бастамаларын орындауға бағытталды. Әрбір заң сонымен бірге, еліміздің дамуына, халқымыздың өмір сапасын күшейтуге жаңа серпін берді. Ал, ең бастысы, қабылданған барлық құжаттар азаматтарды қолдауға және қорғауға арналды. Осының барлығы, екі палата депутаттарының бірлескен жұмыстарының нәтижесі деп санаймыз. Осы орайда, Сенат та, Мәжіліс те, заң шығару жұмысына белсенді араласып, алға қойған басым бағыттар нәтижелі жүзеге асырылды, - деді Палата Спикері Н.Нығматулин.

Маңызды заң жобаларының қатарында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту жөнінде бастамасына орай, депутаттар «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» Заңды қабылдады.

Сонымен бірге, Елбасының бастамасымен қасиетті Түркістан облысы және Шымкент қаласының алдағы даму жоспары Конституциялық заңмен бекітілді.

Сондай-ақ, Парламенттің әрбір сессиясында негізгі орын алатын еліміздің бас қаржы құжаты республикалық бюджетті қабылдап,екі күн бұрын ғана 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке тағы да түзетулер енгізілді.

Ол тікелей Елбасымыздың стратегиялық міндеттерін жалғастыру мақсатында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты әлеуметтік тапсырмаларын жүзеге асыруға арналған.

Осы қатарда «Денсаулық сақтау мәселелері бойынша», «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша» және «Кинематография туралы», «Стандарт туралы», «Көлік мәселелері бойынша» бірқатар заңдар қабылдады.

Бүгінгі таңда Парламент кәсіпкерлікті қолдауға жағдай жасау үшін, бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеуге қатысты заңнамаға өзгерістер енгізді. Ол бизнес саласын және сауда қызметін нығайтуға ерекше ықпал етеді.

Парламент 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыруды жалғастырып, «Қазақстан Республикасы орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша» маңызды Заң қабылдады.

Сенат және Мәжіліс депутаттары еліміздің сыртқы саясатын жүзеге асыру жолында белсенді жұмыстар атқарды. Сессия барысында депутаттар 12 халықаралық парламенттік ұйым шеңберінде белсенді жұмыс істеді, 327 халықаралық іс-шараға қатысты және 80-нен астам шет ел парламенттерімен ынтымақтастықты арттыруға үлестерін қосты.

Сессия барысында депутаттық корпус Үкімет енгізген заң жобаларымен табысты жұмыс істеп қана қоймай, өзінің заң шығару бастамасын да жемісті орындады.

Соның ішінде, Елбасының «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес депутаттар «Тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша» Заңға бастамашы болды. Ол көпбалалы отбасылар мен жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жол ашты.

Парламент өткен сессияда Үкіметпен, басқа да мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен және халықпен өзара жұмыстарды одан әрі табысты жалғастырды. Осыған орай, Парламентте 20 Үкімет сағаты, 3 Парламенттік тыңдау, 24 «дөңгелек үстел», комитеттердің 29 көшпелі отырысы және 4 халықаралық конференция өтті.

Парламент жұмысында депутаттық сауалдардың рөлі өте зор. Ол әрбір азаматтың, барлық халқымыздың назарында жүрген сұрақтарды шешеге бағытталған. Осыған байланысты, Парламенттің қос палатасының депутаттары өткен сессияда 319 депутаттық сауалдар жолдады (соның ішінде, Мәжіліс депутаттары – 211, Сенат депутаттары – 108 сауал жолдады).

Сонымен қатар, осы сессияда Парламент депутаттарына азаматтардан 7 мыңға жуық хат келіп түсті, осы хаттардың барлығы заңға сәйкес қаралды.

Жалпы айтқанда, Парламент депутаттары 2 мыңнан астам қалалар мен ауылдарды аралап, 4 мыңдай кездесу өткізді.

Отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы н. Нығматулин Парламент пен Үкімет өзара тиімді қызмет атқарғанмен, орын алған кемшіліктер аз емес екеніне тоқталды. Осы ған сәйкес, Үкіметтің заң жобалау жұмысына баса назар аудару қажеттігін айтты.

Жалпы әрбір кезеңде, әрбір уақытта қос Палаталы Парламент еліміз дамуында маңызды рөл атқарып келеді.

- Осы орайда, алдағы бесінші сессия жұмысын айта кетсек, Парламент Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауы мен Әлеуметтік қамқорлық бастамаларын іске асыруға арналған жұмыстарды одан әрі жалғастыратын болады, - деді Н.Нығматулин.

Сонымен бірге, депутаттар өз жұмыстарында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған 10 негізгі бағытынбасшылыққа алады.

Қазіргі уақытта Парламент қоржынында 34 заң жобасы бар. Атап айтқанда, «2020-шы – 2022-ші жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс және «Экологиялық кодекс» пен «Педагог мәртебесі туралы» және мәдениет мәселелеріне арналған заңдар бар.

Сондай-ақ, алдағы сессияда Парламентте тарихи маңызы зор ірі халықаралық шара өтетін болады. Ол биылғы 23 – 24 қыркүйекте Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Еуразия елдері Парламенттері спикерлерінің Төртінші форумы.

«Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» деп аталатын маңызды жиынға 60-тан астам елдің парламент өкілдері қатысады Оның ішінде 43 мемлекеттердің Парламент төрағалары, 16 халықаралық және парламенттік ұйым басшылары келетін болады.

Бұл шара - Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығына арналады.

Сөзін қорытындылай келе, Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин VI сайланған Парламенттің төртінші сессиясы өз жұмысын аяқталғанын жариялап, сессия жұмысының нәтижесі Сенат пен Мәжілістің және Үкіметпен, екі Палата аппаратының қызметкерлері мен ақпарат құралдарымен бірлесіп, атқарған елеулі еңбектерінің жемісі екенін айтып, алғысын жеткізді.

Айта кету керек, сессия аяқтағанымен, Мәжіліс депутаттарының халықпен кездесуі үшін аймақтарға сапары басталады.

Осыдан кейін еліміздің Әнұраны орындалды.

(Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж. Құспанов).



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі