Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
06.11.2019

Мәжіліс жергілікті бюджетке жаңа серпін беретін заң жобасын мақұлдады


 

Нұр-Сұлтан, 6 қараша, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата   мемлекетіміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжат бойынша 2020 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын беру ұсынылуда. Сондай-ақ облыстық мәслихаттарға шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын облыстық және аудандық бюджет арасында бөлу нормативін белгілеу құқығы берілетін болады.

Жергілікті бюджеттерге корпоративтік табыс салығын беру өңірлер экономикаларының, шағын және орта бизнестің дамуын ынталандыратын болады және жергілікті бюджеттердің табыстарын ұлғайтады. Республикалық бюджетке ірі кәсіпкерлік субъектілерінен ғана корпоративтік табыс салығының түсімдері түседі.

Аталған заң жобасының маңыздылығына айрықша назар аударған                                                Н.  Нығматулин:

-Шын мәнінде, осы корпоративтік табыс салығын жергілікті   бюджетке беру туралы   шешім өте орынды, өте қажетті. Енді жергілікті  атқарушы органдар түсетін барлық қаржыны халықтың ең маңызды мәселелерін шешуге жұмсау қажет, - дей келіп, қаражат түсті екен деп оңды-солды бағдарламалар ойлап таппай, қаражаттың әрбір азаматтың игілігіне тиімді жұмсалуын қатаң бақылауға алу керектігін атап өтті.

Сондай-ақ, Палата Спикері атап өткендей, корпоративтік табыс салығынан түскен қаражат аймақ тынысына серпін беріп қана қоймай, шағын кәсіпкерліктің дамуына да жол ашуға тиіс.

Талқылау барысында депутаттар тарапынан көптеген ұсыныстар түсті. Мәжіліс Төрағасы оның барлығы екінші оқылымға дейін жан-жақты пысықталу керектігін тапсырды.

Сонымен қатар, осы күні 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы үкіметаралық хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобасы оң қолдауға ие болды. Осы Хаттамада шарттың №2 қосымшасын жаңа редакцияда беру көзделген. Онда «Байқоңыр» кешенінің технологиялық және техникалық объектілердің, тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау аудандарының координаттары көрсетілген. Жалпы алаңы 11,6 мың гектар 4 жер учаскелері жалдан шығарылады. 1 мың 740 гектар екі учаске Қармақшы ауданының Төретам кентін кеңейту үшін, 9 мың 950 гектар екі учаске «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізін, «Алматы – Мәскеу» теміржолын салу және қолдану үшін және «Бейнеу – Шымкент» газ құбырының желілік бөлігі үшін алынып отыр.

Жалпы отырыста әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне түзетулер және тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану мен оған ілеспе заң жобалары екінші оқылымда мақұлданды.

Мәжіліс жұмысқа алған заң жобалары  қатарында 2014 жылғы 15 тамыздағы Көлік құралы паспортының (көлік құралының шассиі паспортының) және өздігінен жүретін машина және техниканың басқа да түрлері паспортының бірыңғай нысандарын енгізу және электрондық паспорттар жүйелерін ұйымдастыру туралы келісімге Арменияның қосылуы туралы, 2012 жылғы 11 мамырдағы Қазақстан мен Қырғыз арасындағы Қазақстан азаматтарының Қырғыз аумағында және Қырғыз азаматтарының Қазақстан аумағында болу тәртібі туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаларды, сонымен қатар,  2006 жылғы 6 қарашадағы Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы Табыс пен мүлікке салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және  салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция және оған Хаттама шеңберінде Қазақстан мен Армения уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы бірқатар ратификациялық құжаттар бар.

Сондай-ақ, теміржол көлігі мәселелеріне қатысты түзетулерге орай қорытынды әзірлеу мерзімі бекітілді.           

 

(ҚР Парламенті Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі