Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
13.11.2019

Мәжіліс ЕАЭО қаржы нарығы туралы келісімді мақұлдады


 

                Нұр-Сұлтан, 13 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасын мақұлдады.

                Келісімді ратификациялау банк және сақтандыру секторларында, бағалы қағаздар нарығындағы көрсетілетін қызметтер секторында қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған лицензияларды өзара тануды қамтамасыз ету үшін жағдай жасайды. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы нарықтарына кемсітушіліксіз қол жетімділігін қамтамасыз етеді.

                Екінші оқылымда депутаттар «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» және оған ілеспе заң жобаларын мақұлдады.

                Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар, әлеуметтік төлемді алушы осы кезеңде еңбек немесе кәсіпкерлік қызметті қайта бастаған жағдайда, бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемдерді азайтуға жол бермеуге бағытталған түзетулер енгізді.

                Сонымен бірге, жұмыс берушінің тиісті органдарға өздерінің пайдасына берешек өндіріп алынатын адамдардың тізімдерін міндетті түрде ұсынуы, сондай-ақ осы талапты орындамағаны үшін жауаптылық белгілеу бөлігінде әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті өндіріп алу рәсімдерін заңнамалық тұрғыдан реттеу бойынша бірқатар түзетулер қабылданды.

                Ілеспе заң жобасында 4 кодекс пен 17 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді. Атап айтқанда, түзетулер арқылы мүгедектерді техникалық көмекші құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, сондай-ақ санаторийлік-курорттық емдеумен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік көрсетілетін қызметтерімен қамтамасыз етудің жаңа тетігі белгіленеді. Жаңа тетік құрылғалы жатқан әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында көрсетілетін қызметтерді алушыға қажетті тауарды (көрсетілетін қызметті) өз бетінше таңдау мүмкіндігін және тауардың (көрсетілетін қызметтің) ең төмен орташа бағасын жергілікті атқарушы органның кепілді түрде төлеуін ұсынады.

                Мәжіліс жұмысқа алған заң жобалары қатарында мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияны, сонымен қатар, тұншықтыратын, улы немесе басқа да ұқсас газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы хаттаманы, 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы екінші хаттаманы, 2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы екінші хаттаманы, 2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы үшінші хаттаманы, 2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының құқықтық мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы екінші хаттаманы ратификациялауға қатысты құжаттары бар.

                 Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірқатар мемлекеттік орталық органдардың басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар А.Перуашев, К.Абсатиров, Н.Жұмаділдаева, Ш.Нурумов, И.Смирнова, К.Мусин, Е.Барлыбаев, А.Қоңыров.

 

(М.Мұса – 74-63-04. Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж. Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі