Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
20.11.2019

Мәжіліс азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау деңгейін күшейтетін заңнамалық түзетулерді мақұлдады


 

                Нұр-Сұлтан, 20 қараша, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Н.Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Атап айтқанда зорлау, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған зорлау үшін, браконьерлік, ұрлық және есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауаптылық қатаңдатылады.

Азаматтардың мүлкіне қолсұғуға қарсы іс-қимыл құралы ретінде мал ұрлау үшін қылмыстық қудалау шаралары қатаңдатылады.

Талқылау барысында депутаттар жеке басқа қарсы ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жазаны қатаңдату мәселелеріне, әсіресе, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған зорлық-зомбылық проблемасына ерекше назар аударды.

 - Бүгін біз бірінші оқылымда мақұлдаған маңызды заң жоба, ең алдымен, Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында Үкімет және Парламентке берген тапсырмалардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ететін болады. Кодекс жобасында есірткі тарату, адам саудасы және жеке тұлғаға қарсы басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны қатайту қарастырылған. Алғаш рет мал ұрлығына қатысты жеке қылмыстық норма енгізілді. Осы айтылған ауыр қылмыстардың барлық түрлері үшін жазаны қатайтудың ережелері азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін заңнамалық тұрғыдан қорғауға мүмкіндік береді деп сенеміз, - деді Н.Нығматулин.

Сонымен қатар бүгінгі отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне теміржол көлігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылауға және жақсартуға бағытталған түзетулер енгізді.  

Халық қалаулылары темір жол билеттерінің тапшылығы және билеттерді қайта сатқаны үшін жазаны қарастыратын қажетті заңнамалық нормалардың жоқтығы мәселелесін ерекше атап кетті.

Мәжіліс Спикерінің айтуынша, жүргізілген талдауға сәйкес билеттердің жетіспеушілігі үш негізгі себепке байланысты қалыптасқан. Біріншіден, бұл ескірген «Экспресс» АБЖ билеттер сату жүйесі әбден ескірген және заманауи талаптарға сай келмейді. Екіншіден, бұл жолаушылар тасымалы үшін қажетті жылжымалы құрамның жетіспеуі. Үшіншіден, билеттерді қайта сатқаны үшін қатаң жауапқа тартпауы және заңнамада бекітілген жазаның болмауы осындай мәселені тудырып отыр.

Осы орайда, Нұрлан Нығматулин бейінді министрлік әлі күнге дейін заңнамаға түзетулер, немесе қандай да бір кешенді, тіпті бір реттік шараларды ұсынбағанын баса айтты.

Сонымен бірге Н. Нығматулин Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 449-бабына сәйкес (қоғамдық орындарда мазалап өтініш білдіру) билетті қайта сатқан делдалдарға жаза ескерту түрінде немесе 5 АЕК айыппұл түрінде қолданылатынын еске салды.

Осы күні Мәжіліс депутаттары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты заң жобасына Сенаттың енгізген түзетулерді де қарап, «Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына Тоғызыншы қосымша хаттаманы ратификациялау туралы» жаңа ратификациялық заң жобасын жұмысқа алды.

                Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер И.Унжакова, Е.Никитинская, Т.Сыздықов бірқатар мемлекеттік орталық органдардың басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.

 

                (М.Мұса – 74-63-04. Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж. Құспанов).

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі