Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
04.12.2019

Мәжілісте конституциялық заң жобасы мақұлданды


 

Нұр-Сұлтан, 4-желтоқсан, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңы бойынша түзетулер тұтастай мақұлданды. Құжаттың басты мақсаты - «инвестициялық резидент» ұғымын және Қазақстанда «инвестициялық салық резиденттігі» бағдарламасын енгізу.

Инвестициялық салық резиденттігі бұл инвестордың және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына көп мәртелі кіру визасын беру арқылы инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

Ең алдымен әлеуетті шетелдік инвестор «Астана» халықаралық қаржы орталығы кеңсесінде сенімділікке және осы қаржы орталығы туралы конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігіне тексеруден өтеді. Одан кейін «Астана» халықаралық қаржы орталығының әртүрлі құралдарына инвестициялар салып, орталықтың инвестициялық резидент мәртебесін ала алады.

Инвестициялық резидент «Астана» халықаралық қаржы орталығының өтінішхаты бойынша бес жылға дейінгі мерзімге кіру визасын алуға құқылы. Инвестор елде тұрып жатқанына 90 күн өткеннен кейін және бюджетке жыл сайынғы міндетті төлемді төлегеннен кейін ол Қазақстаннан тыс жерлердегі көздерден пайда болған кірістер бойынша жеке табыс салығын төлеуден босату құқығын алады.

Осы заң жобасы аясында сондай-ақ Республика Президенттігіне, Сенат пен Мәжіліс депутаттығына кандидаттары үшін жалпыға бірдей декларациялауды 2020 жылдан 2021 жылға ауыстыру бөлігінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізіледі. Бұл 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңімен көшуіне байланысты.

Заң жобасы елімізге айтарлықтай инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Айта кетейік, бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының қазақстандық үлгісіне әлемдік қаржы құрылымдары қызметінің ең үздік тәжірибесі енгізілген.  Оның қатысушылары тек Қазақстан мен өңірдің ғана емес, бүкіл әлемнің капиталына қол жеткізе алады. Қазақстан шетелдік елеулі қаражатты тарту үшін әлеуетті инвесторларға тартымды жағдайлар ұсынуға дайын және инвесторларға барынша тиімді жағдай жасамақ. Осы ретте бүгін мақұлданған заң жобасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының одан әрі дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосуы тиіс.

Осы күні депутаттар тарапынан оң бағасын алған тағы бір құжат Кипрмен табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы. Конвенция Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының модельдік конвенциясының негізінде жасалған. Осындай халықаралық шарттар шетелдік инвесторларға кепілдік беріп, салық салу құқығын екі мемлекет арасында әділеттік бөлісуге мүмкіндік береді. Негізі мақсаттар: салықтың барлық түрлері бойынша ақпарат алмасуды қалыптастырып, салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту, резиденттікті дәлелдейтін екі мемлекетте бірдей қолданылатын тәртіпті белгілеу, дивидендтер, пайыздар, роялти сияқты пассивті табыстарға шекті ставкаларды бекіту, екі елдің құзыретті органдардың арасындағы салықтық дауларды шешу үшін құқықтык негізді қалыптастыру. Ақпарат үшін атап өтсек, екі ел арасындағы тауар айналымы соңғы 10 жылда 440 миллион АҚШ долларын құраған.

Жалпы отырыста «Педагог мәртебесі туралы» оған ілеспе заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Сондай-ақ, теміржол көлігі мәселелеріне қатысты заң жобасы екінші оқылымда депутаттар тарапынан қолдауға ие болды.  

Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер туралы Мәжіліс пен Сенат арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсыныстары мақұлданды.

Қарауға енгізілген барлық 7 позиция бойынша келісім комиссиясының мүшелері бірлескен редакцияларды қабылдады.

Осы күні Палата Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы мүшелері өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттеріне қатысты келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары өкілетті органдарға депутаттық сауал жолдады.

 

 (Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі