Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
09.12.2019

Мәжілісте өткен Үкімет сағаты атаулы әлеуметтік көмек жөніндегі мемлекеттік саясатты тиімді іске асыру тақырыбына арналды


 

 

Нұр-Сұлтан, 9-желтоқсан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның басшылығымен кезекті Үкімет сағаты өтіп, онда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жаңа тәсілдері, оны іске асыру тетіктері, аталған салада орын алған проблемаларды және оларды шешу жолдары жан-жақты қарастырылды.  Гүлмира Исимбаева атап өткендей, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатына сәйкес Қазақстан әлеуметтік бағдарланған мемлекет. Мүгедектерді, көпбалалы және табысы аз отбасыларды әлеуметтік қолдау - үнемі мемлекеттің маңызды міндеті болып табылады. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап неғұрлым тиімді әлеуметтік саясатты әзірлеу үшін біраз жұмыс атқарылды.

Заңнама жетілдіріліп, әлеуметтік көмек көрсету әдістемесі өзгеруде, мемлекеттік менеджмент тәсілдері жаңартылуда және халыққа атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде  әділдік пен объективтілікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қабылданып жатыр.

Соңғы 14 жыл ішінде әлеуметтік салаға жұмсалатын шығыстар үш есе өсті. 1,5 миллионнан астам азамат тұрақты түрде жәрдемақылар мен төлемдерді алып тұрды. Жалпы алғанда, әлеуметтік салаға  жұмсалатын қаражат - бюджеттің 45 пайызын құрады.

Тақырып төңірегінде баяндама жасаған Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ағымдағы жылғы 27 ақпанда Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында АӘК тағайындау тетігі өзгертілгенін айтты. Мысалы, 1 сәуірден бастап  кедейлік шегі 50% - дан 70% - ға дейін өсті (14 849-дан 20 789 теңгеге дейін). Сондай-ақ табысы аз отбасынан шыққан әрбір балаға АӘК мөлшері 20 789 теңге немесе 70% ең төмен күнкөріс деңгейі көлемінде белгіленген. Сонымен қатар шартсыз ақшалай көмек көрсету мерзімі 3 айдан 6 айға дейін, шартты ақшалай көмек 6 айдан 12 айға дейін ұзартылды.

Нәтижесінде, ағымдағы жылғы қараша айының басына шамамен 456,5 мың отбасы немесе 2,1 млн.-ға жуық адам мемлекеттен нақты қолдау алды, оның ішінде 53% - ы - көп балалы.  Алғашқы рет бюджетте АӘК төлеуге 245 млрд.теңге көзделген, 10 ай ішінде оның 66,5% немесе 163 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова өз сөзінде Парламент Мәжілісі АӘК берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін заң жобасын мақұлдады, ең басты бағыт еңбекке ынталандыру, табысы аз азаматтардың табысы мен мемлекеттік қолдау мөлшеріне қатысты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету екенін атап өтті.

                Ұсынылып отырған шаралар көпбалалы аналарды қолдау, жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік көмекті қамтиды.

         Бірінші. Табысы аз балалардың 56 % - дан астамы көпбалалы отбасылардың балалары. Осыған байланысты көпбалалы отбасыларға жеке мемлекеттік жәрдемақы енгізу көзделген. Ол табысына қарамастан, көпбалалы аналардың беделін тану, олардың отбасыларындағы материалдық әл-ауқатын арттыру, елде бала тууды ынталандыру ретінде берілетін болады.

                Осылайша, 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар 340 мыңнан астам көпбалалы отбасылар үшін отбасының балалар санына байланысты 2020 жылы 42 496 теңгеден 74 388 теңгеге дейін сараланған мөлшерде жаңа мемлекеттік жәрдемақы белгіленетін болады.

Бұл жаңа норма АӘК тағайындау кезінде балаларға белгіленген төлемді бір мезгілде алып тастаумен енгізіледі.

         Екінші. АӘК шын мәнінде оған мұқтаж, қиын өмірлік жағдайға тап болған және өз бетінше шыға алмайтын адамдарға тағайындалады.

                2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, АӘК-нің тоқсан сайынғы тағайындалуын қайтару және тиісінше келісілген, сондай-ақ шартты және шартсыз көмекті үш айға тағайындау қолға алынады.   Сондай-ақ, АӘК мөлшері отбасының барлық мүшелері үшін кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы орташа табыс арасындағы айырмашылық ретінде белгіленетін болады. Және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан жағдайда АӘК алу шарттарын күшейту. Егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған белсенді шаралардан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері АӘК алу құқығынан айырылады.

Сондай-ақ, бала күтімімен айналысатын аналарға бала үш жасқа толуымен жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығы беріледі.

Үкімет сағаты қорытындысы бойынша арнайы Ұсыным әзірленді

 

(ҚР Парламенті Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі