Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
01.04.2020

Мәжіліс әлеуметтік мәселелерді басты назарға алды


 

Нұр-Сұлтан, 1 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, түрлі санаттағы азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Отырысты ашқан Нұрлан Нығматулин Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдайлар кезінде азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде қосымша шаралар ұсынған мәлімдемесіне тоқталды.

-     Өздеріңізге белгілі, кеше ғана Президент Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев қалыптасқан жағдайға байланысты арнайы мәлімдеме жасады. Онда Мемлекет Басшысы осы күрделі кезеңде, елімізді, халқымызды жан-жақты қолдаудың өте маңызды екенін айтып, осы жолда қосымша шаралар қолға алынатынын атап өтті. Бұл қазіргі уақытта өте керекті шаралар, ең алдымен, экономикамыздың тірегі - шағын және орта бизнесті күшейтуге арналып отыр. Сонымен бірге, азаматтардың әлеуметтік жағдайын да одан әрі тұрақты ұстауға бағытталған. Сол үшін республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінеді. Бұл қазақстандықтарды уақытша қиындықтан аман алып шығу үшін, мемлекет тарапынан жасалған тағы бір нақты қадам, - деді Нұрлан Нығматулин.

Палата Төрағасының пікірінше, Мемлекет Басшысының мәлімдемесі  қазіргі жағдайды бақылауға ғана емес, дағдарыстан кейінгі кезеңге арналған нақты іс-қимыл жоспары.

Бұл шаралардың барлығы уақытылы және төтенше жағдай кезінде азаматтарды да, бизнесті де қолдауға бағытталғанын атап өткен Мәжіліс Төрағасы енді қазақстандықтардың әрбір санатына барынша қысқа мерзімде мемлекет тарапынан маңызды көмекті әрбір салаға жеткізуге мүмкіндік беретін нақты тетіктер қажеттігіне назар аударды.

Осы ретте Палата Спикері бұл жұмыста мемлекеттік органдардың да, депутаттық корпустың да, бизнес-құрылымдардың да бірлескен күш-жігері маңызды екенін айтты.

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Президенттің аграрлық секторда, ең алдымен, көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізуге, сондай-ақ жол картасы аясында азаматтарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін жұмыспен қамту саласына қойған міндеттерінің өзектілігіне ерекше назар аударды.

Осы қабылданған шараларға сәйкес, депутаттық корпус дағдарысқа қарсы шаралардың тиімділігін қамтамасыз ету үшін заңнамалық деңгейде барлық қажетті қолдау көрсетеді, - деді Нұрлан Нығматулин.

Жалпы отырыста депутаттар «Ардагерлер туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасының мақсаты – ардагерлер мен Отан алдындағы әскери және азаматтық борышын өткерген өзге де адамдардың құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау саласындағы мәселелерді реттеу. 

Құжат жобасы ардагерлердің 5 әлеуметтік қорғалатын санатының мәртебесін айқындауды көздейді. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген адамдар үшін жеке мәртебе белгілеуді ұсынады. Бұдан басқа, Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындаған әскери қызметшілерді басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлерінің дербес санатына жатқызу ұсынылады. Атап айтқанда, оларға Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейтуге, Чехословакиядағы қақтығыстарды, Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан адамдарды және Ирактағы бітімгершілік операциясына қатысушыларды жатқызу ұсынылады. Заң жобасында ардагерлер үшін бірқатар әлеуметтік қолдау шараларын белгілеу көзделеді.

Сонымен қатар бүгін Палата салық салу мәселелері бойынша депутаттық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасын депутаттар құқықтық нормаларды «Ардагерлер туралы» заң жобасына сәйкес келтіру мақсатында әзірледі.

Құжат жобасы ҰОС қатысушылары мен оларға теңестірілген тұлғаларға көлік, мүлік салықтары, соттарда мемлекеттік баж төлеу, азаматтық хал актілерін тіркеу кезінде және т. б. салықтардан және мемлекеттік баждардан босату ұсынылады.

Бүгінгі жалпы отырыста депутаттардың «Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

 

***

Жалпы отырыста Палата Мәжіліс депутаты Гүлшара Әбдіқалықованы Қызылорда облысының әкімі етіп тағайындау туралы Қазақстан Республикасы Президентінің  Жарлығына байланысты өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Қаулы қабылдады.

Сонымен қатар Палата депутат Бейбіт Мамраевты Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы етіп сайлады.

 

(74-63-01, Эльмира Башеева, Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі