Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
10.06.2020

Мәжіліс Үкімет пен Есеп комитетінің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады


Нұр-Сұлтан, 10 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда Үкіметтің  және Есеп комитетінің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралып, бірқатар заң жобалары мақұлданды.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, бөлінген және жұмсалған бюджет қаржысы халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталып, нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуі керек.

Өткен жылы жалпы ішкі өнім өсімі 4,5% құрап, сыртқы сауда айналымы 97 млрд. долларға жетті. 2,7 млн. қазақстандықтың еңбекақысы өсті. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру және аймақтарды дамытуда 13 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салуға мүмкіндік берді.

-                     Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап көрсеткендей, бұл «Nur Otan» партиясының сайлау алдындағы бағдарламаны және халыққа Жолдауды жүзеге асыру үшін Үкімет пен Парламенттің үйлесімді атқарған жұмысы, – деді Мәжіліс Төрағасы. 

Отырыс барысында Ұлттық қордан бөлінетін қаражат мәселесі қаралды.

Атап айтқанда, депутаттар Ұлттық қордан мақсатты трансфертке байланысты жоғары оқу орындарында жоспарланған коворкинг аймағын ашу мәселесін көтерді. Мәжіліс депутаттарының айтуынша, 2019 жылы бұл мақсаттарға 663 миллион теңге бөлінген. Алайда, бұл қаражаттардың игерілмеуі 100 пайызды құрады. Үкімет есебінде мұның себебі қаржыландырудың басқа көздерін пайдалану мүмкіндігіне байланысты осы қаражатқа сұраныстың болмауымен түсіндіріледі.

Осы жайында, Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин Ұлттық қордың қаржысын   шашуға болмайтынын, оның  әрбір тиыны қатаң бақылауда болып, ол қаржыларды ерекше жағдайларға ғана  пайдалану қажеттігін айтты.   

Сондай-ақ, талқылау барысында әлемдік дағдарыс жағдайындағы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешудің жаңа тәсілдеріне деген қажеттілік туралы айтылды.

 -...Мемлекеттік бюджеттің  тиімді болуы  -  тек ғана бөлінген және  игерілген қаражатқа байланысты емес. Ол қаржылардың барлығы нақты экономикалық - әлеуметтік мәселелерді шешіп, халқымыздың өмір сапасын арттыруға ықпал ету керек. Бұл Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да алға қойған негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан, бюджеттің әрбір тиыны қайда және қандай мақсатқа жұмсалғаны алдағы уақытта да депутаттық корпустың бақылауында болады, - деді Нұрлан Нығматулин.

Жалпы кірістер бойынша республикалық бюджеттің атқарылуына тоқталатын болсақ: 2019 жылы республикалық бюджетке кірістер 10,6 трлн.теңгені немесе жоспардағы 10,5 трлн. теңгеге қатысты 100,4%-ды құрады. Республикалық бюджет кірістерінің өсу қарқыны 2018 жылмен салыстырғанда 120,5 %-ды құрады немесе 2018 жылға қарағанда, 1,8 трлн.теңге артық түсті.

Ал, шығыстар бойынша республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша, бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға түзетілген бюджетте (қарыздарды есепке алмағанда) 12 трлн. теңге көзделген болатын, 12 трлн. теңге сомасында немесе бір жылға арналған жоспарға қатысты 99,9% атқару
13 мемлекеттік бағдарламаның индикаторларына, 344 бюджеттік бағдарламаны іске асыру арқылы 53 стратегиялық бағытқа қол жеткізуге пайдаланылды.

Бүгінгі отырыс барысында депутаттар салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы шеңберінде базалық салалардағы отандық компанияларға өздерінің ағымдағы өтімділігін арттыру, төтенше жағдай режимінен кейін экономикалық өсуді қалпына келтіру үшін қаражатты босату, отандық тасымалдаушылар паркін жаңарту, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау үшін салықтық жұмсақтық беру, сондай-ақ карантин кезеңінде салықтық әкімшілендіруді оңайлатуға бағытталған түзетулер ұсынылады.

Құжатта бейрезидент-банктердің филиалдары үшін микроқаржылық қызметпен және банктік қызметпен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым белгіленеді.

Сонымен қатар, Салық кодексінде екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кәсіпкерлік субъектілерінің банктік шоттардан қолма-қол ақша алуы туралы мәліметтерді ұсыну міндеті көзделеді.

Бұдан басқа, 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша бересі төленген жағдайда,  2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша салық төлеушінің жеке шотындағы өсімпұл сомасын есептен шығару бойынша жеке тұлғаларға қосымша салықтық рақымшылық жасауды жүргізу ұсынылады.

Бүгінгі отырыста шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар және көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру мәселелеріне және ауылдық елді мекендерде Интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз етуге қатысты, сондай-ақ,  ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заң жобалары екінші оқылымда мақұлданды.

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01, суретті түсірген Ж.Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі