Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
08.09.2020

Н.Нығматулин бейнеконференция режимінде АСЕАН ПАА отырысында сөз сөйледі


Нұр-Сұлтан, 8 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының Парламентаралық Ассамблеясының 41-ші Бас Ассамблеясына (АСЕАН ПАА) қатысты. Бұл ауқымды форум осы жылы бейнеконференция режимінде өтті.

 АСЕАН ПАА Бас Ассамблеясының пленарлық отырысында сөз сөйлеген Мәжіліс Спикері әлемдік жеткізу тізбектерін қалпына келтірудің, қазіргідей күрделі геосаяси жағдайларда көлік-логистикалық бағыттардың ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

- Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бүкіл Еуразия құрлығында серіктестік құру туралы Үлкен Еуразия стратегиялық идеясы ерекше өзекті болып отыр. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету үшін Еуразиялық экономикалық одақ желісі бойынша АСЕАН-мен өзара іс-әрекетті дамыту әлеуетті болып табылады, - деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, осы форматтағы экономикалық байланыстарды нығайту континент елдерінің дамуына, экономикалық өсуіне және азаматтардың әл-ауқатының артуына қуатты серпін бере алады.

 670 миллионға жуық халқы бар АСЕАН, жалпы ішкі өнімі 3,5 трлн. АҚШ долларын және сыртқы сауда айналымы 4,5 трлн. АҚШ долларын құрайтын ең ірі аймақтық ұйымдардың бірі.

 Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін айтқан Нұрлан Нығматулин Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен қарым-қатынасты нығайту және АСЕАН-мен байланысты кеңейтуді Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі деп атады.

 Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы парламенттік дипломатияның халықаралық ынтымақтастықтың тиімді тетіктерін құруда және аймақтық және континентальды деңгейлерде ортақ шешімдер табуда айтарлықтай әлеуетке ие екендігіне сенім білдірді.

 Айта кету керек, АСЕАН ПАА 41-ші Бас Ассамблеясының отырысы Ханой қаласында ұйымдастырылды, оның қазіргі президенті Вьетнам Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы.

 Сондай-ақ, күн тәртібіне сәйкес бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Парламенттің COVID-19-дан кейін аймақтағы ынтымақтастық пен экономиканы қалпына келтірудегі рөлі, жұмысшы әйелдер үшін жұмыс пен кірісті қамтамасыз етуде Парламенттегі әйелдердің рөлін арттыру, ПАА АСЕАН жас Парламент өкілдерінің бейресми кездесуі туралы мәселелер қаралды.

 

 

 

 

 (Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01, суретті түсірген Ж.Құспанов).   


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі