Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
23.09.2020

Мәжіліс отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы депутаттық заң жобаны мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 23 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттардың бастамасымен әзірленген «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» және оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.

Құжат отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік саясаттың құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру мақсатында дайындалған.

Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар  тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы іс-қимыл шараларының тұтас жүйесін құруға бағытталған нормаларды енгізіп, жауапты органдардың құзыреттерін нақтылады.

Осы заң жобасына орай өз пікірін білдірген Мәжіліс Төрағасы: 

-                Жасыратыны жоқ, соңғы кезде елімізде тұрмыстық даулар көрсеткіші өсіп отыр. Шын мәнінде, кез-келген дамыған елде, әрине, оған жол беруге болмайды. Сондықтан, тікелей, Президенттің тапсырмасына сәйкес, біздің депутаттар бастамашы болып, осы Заң жобасын әзірледі. Осы құжаттағы жаңа нормалар бүкіл ел болып, халық болып, қоғам болып отбасындағы жанжалға қарсы күресуге мүмкіндік береді. Бұл халқымыздың денсаулығы, өмірі және балаларымыздың болашағы үшін өте маңызды мәселе, өте маңызды заң, - деді.

Айта кету керек, заң жобасы арқылы құқық бұзушылардың зорлық-зомбылық және агрессиялық мінез-құлқын өзгерту үшін психологиялық жағынан түзету бағдарламасынан өту арқылы құқық бұзушыларды қайта әлеуметтендіру жөнінде шаралар енгізу көзделеді. Сондай-ақ, құқық бұзушыларға қатысты қорғау нұсқамасын шығару кезінде полицияның оларды бақылау жөніндегі құзыретін күшейте отырып, уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреттерін нақтылау ұсынылады.

Сонымен қатар, зардап шеккендердің құқықтары мен қауіпсіздік кепілдіктерін бекіту және осы саладағы заңнаманың сақталуын қоғамдық бақылау мәселелерін реттеуді қарастырады.

Бүгінгі отырыста Палата Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу, сондай-ақ жекелеген халықаралық шарттардың қолданысын өзгерту және тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шартқа сәйкес кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу бойынша қолданыстағы нормативтердің мерзімі 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленді.

Осы көрсетілген мерзімнің өтуіне байланысты Хаттамада тұрақты негізде кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлудің жаңа нормативтерін бекіту көзделген(Армения Республикасы – 1,220%, Беларусь Республикасы – 4,860%, Қазақстан Республикасы – 6,955%, Қырғыз Республикасы – 1,900%, Ресей Федерациясы – 85,065%).

Сонымен қатар, бүгін депутаттар салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелеріне қатысты  заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Аталған құжат жобасында салық төлеуші-жеке тұлғаларға салық салуды жақсарту мақсатында көпқабатты тұрғын үйлерге салынатын жер салығын алып тастауға; жеке тұлғалар, жеке тұрғын үй меншік иелері үшін жер салығы мен мүлік салығын бірыңғай мүлік салығына біріктіру қарастырылған. Яғни, екі салық бір төлеммен төленетін болады. Сондай-ақ, жеке тұлғалардың көлік құралдарына арналған салықты төлеуін салықтық кезеңнің 31 желтоқсанынан кейінгі жылдың 1 сәуіріне ауыстыруға, салық салынуға жататын жеке тұлға кірістерінен ашық және интервалдық инвестициялық пай қорларының пайларын өткізу кезіндегі құн өсімінен алынатын кірістерді, жеке тұлғаларға әлеуметтік және қайырымдылық көмек көрсету мақсатында үкіметтік емес ұйымдардан өтеусіз алынған кірістерді алып тастау туралы, білім алатын адамның оқыту кезеңінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде уақытша болу кезеңінде науқастанып қалу жағдайына арналған сақтандыру бойынша нақты жүргізілген шығыстары бойынша салық салынатын кірісті азайту ұсынылған.

Жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті.

Жалпы отырыста Палатаның бейінді комитеттері микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша түзетулер енгізу үшін заң жобасын жұмысқа алды. Осының қатарында бірқатар ратификациялық заң жобалары бар. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімге Арменияның қосылуы туралы хаттама, сондай-ақ, Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек және адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы заң жобалары бар.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: З.Аманжолова, М.Қазбекова, Д.Еспаева, А.Қоныров, Ш.Хахазов, Қ.Ержан, А.Платонов, А.Перуашев.

 

***

 

Бүгін Мәжіліс жалпы отырыста Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А. Смағұловтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Қаулы қабылданды.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж.Құспанов).

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі