Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
07.10.2020

Мәжіліс жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы депутаттық түзетулерді мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 7 қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттардың бастамасымен әзірленген электр энергетикасына қатысты заң жобасы мақұлданды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер  мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жаңа маневрлік қуаттарды салу үшін жағдайлар жасау көзделеді. Сондай-ақ, тасқындық электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сату тетігін ендіру, жаңартылатын энергия көздерін қолдауға өтпелі тариф белгілеу мен қаржы-есеп айырысу орталығының ЖЭК объектілерінен электр энергиясын сатып алу мерзімін ұлғайтуды қарастырады.

Осыған байланысты, заң жобасында «Электр энергетикасы туралы» және «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Депутаттар - жұмыс тобының мүшелері құжатты талқылау барысында «Электр энергетикасы туралы» заңның ұғымдық аппаратына бірқатар толықтырулар енгізді.

Ал, заң жобасының жекелеген нормаларын жетілдіру мақсатында жұмыс тобы генерацияның маневрлік режимі бар генерациялайтын қондырғыларды салу жөніндегі жобаларды іске асыру тетігіне;

- тасқындық электр энергиясын беру кезінде энергия өндіруші ұйымдарды электр энергиясын беруге арналған көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуден босатуға;

- алдағы жылға электр қуатының жүктемені көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету бойынша көрсетілетін қызметке, бағаны төмендетуге қуат нарығында қалыптасқан қаражатты бағыттауға қатысты нормаларды қабылдады.

Сонымен қатар, Палата бүгінгі отырыста «Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.     

Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ішкі су жолдарымен кемелердің жүзуі кезінде туындайтын қатынастарды реттеу бойынша бірыңғай құқықтық алаң құруға бағытталған.

Келісімде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ішкі су жолдарымен кемелердің транзиттік өтуіне оңайлатылған рұқсат беру тәртібін және екі жақты тасымалдар кезінде хабарлама жасау тәртібін енгізу ұсынылады.

Сонымен қатар, Келісімде Тараптардың Тараптар кемелері үшін порттардың көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізудің тең жағдайын ұсынуы, кемелер экипажы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттарды өзара тану, сондай-ақ кеме құжаттарын және теңізшілердің біліктілік құжаттарын тану көзделіп отыр.

Жалпы отырыста Палатаның бейінді комитеттері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа алды.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары А.Қоңыров, А. Жамалов, Б. Дүйсенбинов Ш.Өтемісов, Н.Әлімжанов, Ф. Қаратаев мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж.Құспанов).

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі