Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
26.11.2020

Халықаралық Парламент өкілдері Елбасының Қазақстанды дамыту және парламентаризмді нығайту жолындағы рөлін атап өтті


Нұр-Сұлтан, 26 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық парламенттік конференция өтті. «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстандағы парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуындағы рөлі» атты дәстүрлі шара Мәжілістің ұйымдастырылуымен Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылды.

Биылғы жылы бейнеконференция форматында өткен форумға Вьетнам, Италия, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Чехия, Еуропалық Парламент, ТүркПА парламенттерінің басшылары мен депутаттар қатысты.

Отырысты алғысөзбен ашқан Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанымызды және оның парламентаризмін қалыптастыру жолындағы теңдессіз рөліне тоқталды.

Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Елбасымыз елімізді барлық қиындықтан аман алып шығып, ірі саяси, экономикалық әлеуметтік реформалар жасады. Мемлекетімізді әлемдік деңгейге жеткізді. «Қазақстандық даму жолы» қалыптасты. Сондықтан, шын мәнінде, «Тәуелсіздік жолы ол Елбасы жолы». Осы даму жолымыз қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен одан әрі жалғасуда.

Осы үлкен жолда тәуелсіздік тарихымен бірге келе жатқан қос палаталы Парламенттің де үлесі зор екенін баса айтқан Нұрлан Нығматулин: 

-Бүгінде біздің кәсіби Парламент қоғамдық пікірлер мен ашық саясаттың биік орны болумен қатар, мүмкіндігі мол, қуаты мықты, жоғары заң шығарушы органға айналды. Өзіне жүктелген әрбір міндетті абыроймен атқарып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды қадамдарын, саяси, экономикалық, әлеуметтік бастамаларын сапалы заңдармен қамтамасыз етіп келеді, -деді.

Сонымен қатар Палата Спикері Қазақстан Парламентінің өркениетті елдердің заңнамалық органдарымен тең дәрежеде қызмет етіп, Елбасымыз айтқандай, нағыз демократия мектебіне айналғанын жеткізді.

Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, осының барлығы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел басқарудағы дана, көреген, сындарлы саясатының жемісі. 

Конференция барысында Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшу Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті қалыптастыру, оның саяси жүйесін жетілдіру және тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы ерен еңбегіне тоқталды.

«Тұңғыш Президент Назарбаев - халықаралық қоғамдастықтағы беделді саясаткер болумен қатар, қытай халқының тілеулес досы ретінде ұзақ уақыттан бері қытайлық-қазақстандық тату көршілік және достық ынтымақтастықты нығайтып, Қытайда жоғары беделге ие болып келеді» - деді Қытай Парламентінің Спикері.

Ал, Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Спикері Вячеслав Володин Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси даналығы, бай өмірлік және басқарушылық тәжірибесі Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынастарды дамыту ісінде, халықтарымыз арасындағы достықты нығайтуда, Еуразиялық кеңістікте көпжақты ынтымақтастықты ілгерілетуде ұзақ жылдар бойы сұранысқа ие болады, - деді.

Вячеслав Володинның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл өмірін өз еліне және халқына қызмет етуге арнаған тұлға.

Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мұстафа Шентоп Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары бүкіл әлем үшін зор маңызға ие деп санайды. 

- Қазақстанның үдемелі дамуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың демократияны, адам құқықтарын және заңның үстемдігін дамыту жолында қолға алған қадамдары маңызды орын алатыны сөзсіз, - деді түрік Парламентінің өкілі.

Сонымен қатар Өзбекстанның Олий Мәжілісі заң шығару палатасының Спикері Нурдинжон Исмоилов қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, бұл мерекені Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің беріктігі мен тиімділігін бағалаудың тамаша мүмкіндігі деп атады.

Халықаралық конференцияда сөз сөйлеген Нурдинжон Исмоилов Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевты Қазақстан мемлекетін құрудың бастауында тұрған көрнекті тұлға екенін айтып:

- Оның стратегиялық бағытының арқасында Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік тамырын тереңдете түседі, - деді Өзбекстанның заң шығару палатасының Спикері.

 

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01, суретті түсірген Ж.Құспанов)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі