Өмірбаяны

Жеке парағы
СҰЛТАНОВ Қуаныш Сұлтанұлы
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі
1945 жылы 12 мамырда Талдықорған облысы, Панфилов ауданының Еңбекші(Қызыл Еспе) ауылында туған. Қазақ. Әл-Фараби атындағы Қазақтың мемлекеттік ұлттық университетін, СОКП Орталық Комитетінің қоғамдық білімдер Академиясын бітірген. Журналист. Саяси ғылымдарының докторы, профессор. Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесі бар.

Еңбек жолын Сарыөзек ауданаралық баспаханасының жұмысшы-баспашысынан бастаған. Талдықорған, Алматы облыстарының аудандық газеттерінде корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды (1961-1964 жылдар). 1964-1967 жылдары Кеңес Одағы Қарулы Күштер қатарында әскери қызметін өтеді. 1967-1976 жылдары Панфилов аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, екінші, бірінші, Талдықорған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.

1976-1981 жылдары Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы болып сайланып, қызмет етті. 1981-1983 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Мәдениет бөлімінің, 1983-1987 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Ұйымдастыру-партия жұмысы бөлімінің меңгерушісі, 1987-1990 жылдары Қарағанды Облыстық партия комитетінің хатшысы, 1990-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Идеология бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

1991-1993 жылдары Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Үкіметінің құрамында Баспа және бұқаралық ақпарат министрі, 1993 жылдың қаңтарынан 1994 жылдың наурызына дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, 1994-1995 жылдары – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары болып қызмет етті. Осы уақыттарда «Қазақстан халық бірлігі Одағы» қоғамдық қозғалысының Төрағасы (1994-1995ж.) соңынан осы аттас партияның жетекшісі болды.

Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің 9-13 шақырылымдарының депутаты болып сайланды.

1995-2001ж. – Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшісі, Монғолия, Вьетнам, Солтүстік Кореядағы елшіліктерді де қосымша жүргізді.

2001 жылдың 21 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болып бекітілді. 2001-2007 жылдары Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрағасы. 2007-2011 жылдары Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрағасы болды.

2012 жылдың 15 қаңтарында «Нұр Отан» партиясынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2012-2016 жылдары Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.

2016 жылдың 24 наурызында «Нұр Отан» партиясынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

2012 жылдың 13 наурызы – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы.

2013 жылдың 13 ақпаны – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі косультациялық кеңестің төрағасы.

2005ж. ЕҚЫҰ реформалау жөніндегі көрнекті саясат қайраткерлері кеңесінің мүшесі.

Еңбек Қызыл Ту (1980ж.), “Парасат” (2001ж.), ІІ дәрежелі «Барыс» (2014ж.) ордендерімен, 12 медальмен марапатталған. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 2008 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері» атағы (2003ж.), және отандық журналистиканың дамуына қосқан зор үлесі үшін Қазақстан журналистика академиясы тағайындаған «Алтын самұрық» жүлдесіне ие болды (2005ж.), Қазақстан журналистикасын дамытуға сіңірген көрнекті еңбегі және айтулы үлесі үшін «Қазақстанның құрметті журналисі» (2008ж.), белгісімен наградталды.

“Қарлығаштар” (1976ж.), “Жастар екпіні” (1981ж.), “Қазақстан комсомолы” (1981ж.), “Таныс, бейтаныс – Тәуелсіздік” (1995 ж.), “Қазақстан-Қытай: тарих және бүгінгі күн” (1996 ж.), “Қазақстан –Қытай - құжаттар мен материалдар” (1997ж.), , “Алыптың оянуы” (Қытай реформалары туралы очерктер, тең қос автормен) (1999ж.), “Қазақстандағы және Қытайдағы реформалар” (2000ж.), «Мүдделер тоғысы. Перекресток интересов» (2003г.), «Қазіргі заманғы саяси процесс» (Оқу құралы. Астана. 2004ж.), «Серпінді кезең» (2005ж.), «Заман және замандастар» (2009ж.), «Қазақтың жаңа дәуірі» (2010ж.), «Елбасы және қазақ мемлекеттігі» (2015ж.) кітаптарының, 200-ден астам саяси-публицистикалық мақалалардың авторы.

2015 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті «Өнегелі өмір» сериясымен «Қуаныш Сұлтанов» атты жинақ шығарды.

Отбасында жұбайы, 5 баласы бар.

Жеке парағы