Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Депутаттық топ ережесі

«Өңір» депутаттық

тобының отырысында

бекітілді

«2021 жылғы 22 қазан»

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының

«Өңір» депутаттық тобы туралы ереже

Осы Ереже Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының «Өңір» депутаттық тобының мәртебесін, өкілеттігін және қызметін ұйымдастыруды айқындайды.

1. Жалпы ережелер

1.1. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының «Өңір» депутаттық тобы депутаттардың еркін бірлестігі болып табылады және өңірлердің дамуына жәрдем көрсету мақсатында өз өкілеттіктерін бірлесіп жүзеге асыру мақсатында құрылады.

1.2. Депутаттық топтың құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы, Қазақстан Республикасының заңдары, Парламенттің және Сенаттың регламенттері және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ осы Ереже құрайды.

1.3. «Өңір» депутаттық тобы туралы ереже депутаттық топ мүшелерінің отырысында бекітіледі.

1.4. «Өңір» депутаттық тобын тіркеу үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Бюросына жазбаша хабарлама жіберіледі, онда
оның атауы, мақсаттары, құрамы және депутаттық топтың атынан сөйлеуге және Парламенттің, Палаталардың отырыстарында, комиссияларда, мемлекеттік органдарда, саяси партияларда және қоғамдық бірлестіктерде өкілдік етуге уәкілетті адамдар айқындалады.

1.5. Депутаттық топтың шешімі ұсынымдық сипатта болады.

2. Депутаттық топ қызметінің бағыты мен өкілеттігі

2.1. Депутаттық топ қызметінің бағыттары мыналар:

1) өңірлік даму мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу;

2) өңірлік даму мәселелері бойынша, оның ішінде аудандық маңызы
бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін төте сайлауды ендіру, сондай-ақ аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту бойынша қолданыстағы заңнамаға мониторинг жүргізу және қоғамдық пікірді зерделеу;

3) елді және өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамыту саласындағы мемлекеттік саясат туралы тұрғындарды хабардар ету;

4) өңірлік даму саласындағы заңнаманың жай-күйі туралы қоғамды хабардар ету;

5) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңеспен, «Республикалық мәслихаттар бірлестігі» қоғамдық бірлестігімен өзара байланыс жасау;

6) мәслихат депутаттарымен және Жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестермен өзара байланыс жасау.

2.2. Депутаттық топтың өкілеттігі:

1) заң шығару бастамашылығы тәртібімен заң жобаларын енгізеді;

2) топ енгізетін заң жобалары бойынша баяндамашыларды айқындайды;

3) заң жобаларын, Сенаттың өзге де актілерін қарайды және олар бойынша түзетулер, ұсыныстар мен ескертпелер енгізеді;

4) депутаттық сауалдар жолдайды;

5) Парламенттік тыңдау өткізу туралы ұсыныстар енгізеді;

6) өңірлік даму мәселелері бойынша «дөңгелек үстелдер», кездесулер өткізуді ұйымдастырады;

7) халықаралық ұйымдармен және басқа мемлекеттер Парламенттерінің ұқсас құрылымдарымен тәжірибе алмасуды, өзара байланыс жасауды және ынтымақтастықты жүзеге асырады;

8) Парламент Палаталарымен, олардың үйлестіруші және жұмысшы органдарымен тұрақты жұмыс бойынша байланыста болады;

9) өңірлерді дамыту мәселелері бойынша мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауазымды адамдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды, оның ішінде талдамалық, статистикалық және басқа да материалдарды белгіленген тәртіппен сұратады және алады;

10) министрліктер мен ведомствалардан, ғылыми мекемелерден,
оқу орындарынан және басқа да ұйымдардан заң жобалары бойынша қорытындылар алады, сондай-ақ аталған органдар мен ұйымдардың басшыларымен келісу бойынша заң жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс топтарын құрады;

11) жергілікті өкілді органдардың депутаттарын (хатшыларын) Сенаттың қызметімен таныстыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға жәрдемдеседі;

12) өңірлік даму мәселелері бойынша депутаттық сауалдардың қаралу нәтижелеріне талдау жүргізеді;

13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес
өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3. Депутаттық топтың құрамы мен құрылымы

3.1. Депутаттық топтың жетекшісі және оның орынбасары ашық дауыс беру арқылы топ мүшелерінің жалпы санының жай көпшілік даусымен
үш жыл мерзімге сайланады.

3.2. Депутаттық топтың жетекшісі:

1) депутаттық топтың қызметіне жалпы жетекшілікті жүзеге асырады;

2) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда топ атынан өкілдік етеді, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің жұмысына қатысады;

3) топтың отырыстары өткізілетін жерді және уақытын белгілейді;

4) топтың отырыстарында төрағалық етеді.

3.3. Депутаттық топ жетекшісінің орынбасары:

1) топтың жұмыс жоспарының жобасын әзірлеуді қамтамасыз етеді;

2) топ отырыстарының күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;

3) депутаттық топтың жетекшісі болмаған кезде оның функцияларын жүзеге асырады.

3.4 Депутаттық топ барлық облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың өкілдерінен құралады.

3.5. Топтың құрамы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарынан ғана қалыптастырылады.

3.6. Депутаттың жазбаша өтініші депутаттық топтың құрамына енгізу үшін негіз болып табылады.

3.7. Депутатты депутаттық топтың құрамынан шығару үшін:

1) депутаттық топтан шығу туралы жазбаша өтініш;

2) депутаттық өкілеттігін тоқтату негіз болып табылады.

4. Депутаттық топтың қызметін ұйымдастыру

4.1. Депутаттық топтың отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ, әдетте, тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.

4.2. Егер депутаттық топтың отырысына топ мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, топ отырысы заңды болады.

4.3. Депутаттық топтың жұмысы Сенаттың жұмыс жоспарымен байланысты болатын және депутаттық топтың отырысында бекітілген жоспардың негізінде жүзеге асырылады

4.4. Депутаттық топтың шешімі ашық дауыс беру арқылы қатысушылардың жай көпшілік даусымен қабылданады.

4.5. Депутаттық топтың шешімдері топтың жетекшісі не оны алмастыратын адам қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

4.6. Депутаттық топтың мүшелері:

1) депутаттық топ өткізетін барлық іс-шараларға қатысуға;

2) депутаттық топтың жұмыс жоспары және оның отырыстарының күн тәртібі бойынша, сондай-ақ депутаттық топтың құзыреттілігі шеңберінде талқыланатын мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуге;

3) депутаттық топтың тапсырмасы бойынша топ атынан сөйлеуге;

4) депутаттық топтың жұмысына қатысты материалдармен танысуға құқылы.

4.7. Депутаттық топтың мүшелері:

1) осы Ереженің талаптарын сақтауға;

2) депутаттық топтың отырыстарына тікелей қатысуға;

3) топқа комитеттердегі, комиссиялардағы және Сенаттың
өзге де органдарындағы өзінің жұмысы туралы ақпарат беруге;

4) депутаттық топтың шешімдерін орындауға міндетті.

4.8. Топтың қызметін ұйымдастырушылық және өзге де қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аппараты жүзеге асырады.

5. Депутаттық топтың қызметін тоқтату

5.1 Депутаттық топтың қызметін тоқтатуға оның өз қызметін тоқтату туралы шешімі негіз болып табылады.

Депутаттар депутаттық топтан шыққан жағдайда (және егер оның құрамындағы мүшелердің саны оны тіркеуге қажетті мүшелер санынан аз болса) Палата Бюросының қаулысымен депутаттық топ өз қызметін тоқтатады.

5.2. Депутаттық топтың жетекшісі Сенат Бюросын депутаттық топтың қызметін тоқтату туралы хабардар етеді.