Медиа орталығы

Жаңалықтар

М. Жұмағазиевтің депутаттық сауалы

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Ақтөбе облысының әкімшілік орталығы – Ақтөбе қаласы – еліміздің Батыс аймағындағы тоқсан жолдың торабында орналасқан ірі қала. Келешегі – зор, әлеуеті – мол. Сондықтан Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында Қазақстанның келешегі үлкенқалалар шоғырына Астана, Алматы және Шымкент мегаполистерімен бірге Ақтөбе қаласын да қосқан болатын.

Ақтөбе алдағы уақытта миллиондық қалаға айналады деп күтілуде. Оған толық негіз бар: қала халқының саны жыл сайын табиғи өсім және елді мекендер мен іргелес өңірлерден көшіп келіп жатқан отбасылар есебінен үдемелеп артып келеді. Қала аумағы жаңа шағын аудандармен толығуда. Сонымен бірге, қалада екі әкімшілік-аумақтық аудан ашылды. Соңғы жылдары бірнеше ірі кәсіпорындар ашылып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде мыңдаған ақтөбеліктер жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді.

Осыған орай, қаланың инфрақұрылымын интенсивті түрде жетілдіру мәселесі туындап отыр. Атап айтқанда, 500 мыңға жуық тұрғыны бар қаланың ескі және жаңа бөліктерін жалғайтын «Сельмаш» аумағындағы апатты жағдайдағы жол өткелін жаңарту талап етіледі. Бұл жол өткелінің сапалы қызметі халықаралық үш маңызды магистраль үшін де қажет. Атап айтқанда, біріншіден, автокөліктер осы жол өткелі арқылы халықаралық әуежайға, екіншіден – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолына шығады, үшіншіден, жол өткеліндегі теміржол желісі арқылы тәулігіне ондаған халықаралық бағыттағы жолаушылар және жүк поездары өтеді. Алайда, 1960 жылы салынған жол өткелі өзінің қызметін әлдеқашан атқарып болды. Қазір апатты жағдайда. Бұл жөнінде арнайы сарапшылар тиісті қорытынды берген.

Облыс әкімдігі жол өткелінің әлеуметтік-экономикалық және стратегиялық маңызын ескере отырып, жаңа жол өткелін салу үшін 144 млн. теңгеге техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледі. Мердігерлер анықталып, жергілікті бюджеттен 100 млн. теңге қаржы бөлініп, алғашқы құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кетті. Дегенмен, жалпы құны 2 млрд. 700 млн. теңге болатын жол өткелін қазіргі заманға сай етіп салуға жергілікті бюджеттің әлеуеті көтермейді.

Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, осы жобаны сапалы іске асыру үшін 2018 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау барысында 300 млн. теңге, жол өткелі құрылысын одан әрі жалғастыру үшін республикалық бюджеттен тиісінше қаржы бөлуге ықпал етуіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

М. ЖҰМАҒАЗИЕВ

М. ТАҒЫМОВ

Ваш отзыв и предложение по сайту