Сенат -> Медиа-орталығы -> Жаңалықтар

Медиа орталығы

Жаңалықтар

Сенат республикалық бюджетке түзетулерді Мәжіліске жіберді

Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен өткен Парламент Сенатының отырысында «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар қаралды.

Заң жобасы 2019-2023 жылдарға арналған нақтыланған макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде әзірленді және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде, Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында айтқан тапсырмаларын, Президенттің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру шаралары туралы» Жарлығын, Президенттің бюджет саласындағы айлығы төмен қызметшілер мен атқарушы органдардың төменгі санаттағы мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын көтеруді 1 шілдеден 1 маусымға ауыстыру туралы тапсырмасын іске асыруға бағытталған.

Әлемдегі қазіргі жағдайды, сыртқы нарықтардағы көрсеткіштерді және 2018 жылғы экономикалық даму қорытындыларын ескере отырып, Қазақстан Республикасының 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік – экономикалық даму болжамы аясында 2019 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы нақтыланды.

Осылайша, базалық сценарийде 2019 жылы мұнай бағасы барреліне 55 АҚШ доллары деңгейінде сақталды.

2019 жылы номиналды Жалпы ішкі өнім 64 335,0 млрд теңге көлемінде бағаланады, ол 2018 жылғы қарашада мақұлданған көрсеткіштен 323,5 млрд теңгеге артық. Жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнім 9 409,2 АҚШ долларын құрайды. Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 3,8 % деңгейінде сақталды.

Ұлттық банк жылдық инфляцияның бұрын жоспарланған 4-6% шегіндегі мақсатты дәлізін сақтап қалды.

2019 жылға арналған республикалық бюджеттің кіріс болжамы (трансферттер түсімін есептемегенде) 200,4 миллиард теңгеге ұлғайып, 6 986,3 млрд.теңге сомасында белгіленді.

2019 жылға арналған трансферттердің түсімдері 621,0 млрд теңгеге ұлғайып, жалпы сомасы 3 466,1 млрд теңгені құрайды.

2019 жылға арналған республикалық бюджет түзетіліп, 1 168,8 млрд теңгеге ұлғайды және бюджеттің шығыстары 11 895,1 млрд теңге сомасында көзделіп отыр.

Көрсетілген ұлғайтуларды, сондай-ақ қаражатты қайта бөлуді ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары:

- жаңа әлеуметтік «Әлеуметтік қамқорлық» шараларына 444,3 млрд теңге сомасында;

- Қазақстан Республикасы Президентінің «Бәсекеге қабілеттілікті арттыру жөніндегі кейбір шаралар туралы» тікелей инвестициялар қорын құруға арналған Жарлығын іске асыруға 370,0 млрд теңге сомасында;

- «Жастар жылы» аясындағы шараларға 24,6 млрд теңге сомасында;

- өңірлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шараларға;

- еліміздің бұрын қабылдаған міндеттемелеріне жіберілетін болды.

2019 жылға арналған республикалық бюджет тапшылығы 347,6 млрд теңгеге ұлғайып, 1 326,6 млрд теңгені немесе Жалпы ішкі өнімнің 2,1% - ын құрады.

Қосымша баяндама жасаған Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды. «Жаңа әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру үшін тағы да кепілдендірілген трансфертті ұлғайтып, Ұлттық қор қаржысын пайдалануға мәжбүр болып отырмыз. Тиісінше, келесі жылы республикалық бюджеттің шығыстарын тұрақты негізде талап ететін сала ретінде әлеуметтік саланы қаржыландыру қалай жоспарланады деген заңды сұрақ туындайды. Болашақтағы бұл шығындарды қаржыландыру көздері бүгінде әлі нақты анықталған жоқ», - деді О. Перпечина. Сенатор сондай-ақ ауыл тұрғындарының өмірін түбегейлі жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жаңа арнайы жобасын іске асыруға тоқталды. Бұл жобаның негізгі мақсаты келешегі бар ауылдық елді мекендердің әлеуметтік, инженерлік және жол инфрақұрылымын жаңғырту болып табылады. Алайда, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін шешу әртүрлі бағдарламалық құжаттарда: Аймақтарды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы, 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы және басқалардың аясында белгіленген. «Өкінішке орай, бүгінгі таңда Үкімет әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтердің тізбесі мен қол жетімділігінің нақты көрсеткіштерін қамтитын түрлі елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеуді аяқтаған жоқ. Осыған байланысты, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды жүйесіз қаржыландыруды болдырмау үшін осындай барлық бағдарламаларды үйлестіру, ауылдық елді мекендердің басымдылығын іріктеу жөніндегі нақты дәлелдерді анықтау, сондай-ақ оларды іске асыру кезеңдері мен тетіктерін қарастыру қажет деп есептейміз», - деп атап өтті О. Перпечина.

Сенат Төрағасы Д. Назарбаева О.Перепечинаның сөзіне қолдау білдіріп, әлеуметтік шығындарды қаржыландыру көздеріне және ауылды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың үйлестірілмеуіне байланысты мәселелердің аса маңызды екенін атап өтті. «Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті Үкіметпен және салалық министрлікпен бірлесіп осы мәселені пысықтайды деп ойлаймын, кейін біз Сенаттың отырысында тыңдайтын боламыз», - деді Парламент жоғарғы Палатасының Төрағасы.

Сенат комитетінің төрағасы О.Перепечина қосымша баяндаманы аяқтай келіп, биылғы жылдың 20 наурызында өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында маңызды шешімдер қабылданғанын және Қазақстан Республикасының Президенті республикалық бюджетті түзетуді талап ететін бірқатар тапсырмалар бергенін атап өтті. Оларды іске асыру үшін 38,8 млрд теңге қажет болады, ол үшін республикалық бюджет тапшылығының есебінен оның номиналды мәнін арттырып әрі Жалпы ішкі өнімге қатысты мөлшерін 2,1% деңгейінде сақтай отырып қарастыру ұсынылып отыр. Заң жобасы Мәжіліске жіберілді.

Бюджетке түзетулерді талқылау барысында қызу пікірсайыс туындады. Депутаттар өздерінің сын ескертпелері мен ұсыныстарын айтты. Сенатор Еділ Мамытбеков бюджеттік бағдарламалар басшыларының бюджеттік қаражатты сапасыз жоспарлау мен тиімсіз пайдаланғаны үшін жауапкершілік шарасын күшейтуді және тәртіптік жазаны әкімшілік жауапқа тарту жазасымен күшейтуді ұсынды. «Бұл «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етеді. Бұл ретте, жаза нақты болуы керек және ескіру мерзіміне қарамастан басқа жұмыс орнына ауыстырылуы немесе бюджеттік бағдарлама басшысының жұмыстан босатылуы тиіс», - деп атап өтті сенатор.

Ол Ұлттық банк заңнамалық тұрғыда экономикалық өсім үшін жауап бермейтінін атап өтті. Сонымен қатар, Ұлттық Банк жыл сайын Үкіметпен бірлесіп ақша-кредит саясатының негізгі бағыттарын белгілейді. Е.Мамытбековтың пікірінше, Жалпы ішкі өнім өсімі үшін жауапкершілік ортақ болуы тиіс.

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2019-2021 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңға өзгеріс енгізді.

2019 жылға арналған республикалық бюджетке Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт мөлшері 2 700 млрд теңге сомасында белгіленді.

2019 жылы кепілдік берілген трансферт есебінен республикалық бюджет шығыстарының 23 пайызы қаржыландырылады, ол Ұлттық қордағы қаржының төмендетілмейтін қалдығы бойынша тиісті қаржы жылының соңындағы Жалпы ішкі өнімнің болжамды мәнінен 30%-ы мөлшерінде шарттардың орындалуын қамтамасыз етеді.

Отырыс барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары жария етілді. Владимир Волков Бесағаш ауылындағы көлік жол айрығынан Талғар қаласына дейінгі күре жолды елді мекендерде 7 жер үсті жаяу жүргіншілер өткелін салу арқылы қайта жаңартуды және кеңейтуді 2020-2024 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына енгізу мәселесі бойынша; Михаил Бортниктың Бейнеу кентінде теміржол вокзалының құрылысын қаржыландыру туралы депутаттық сауал жолдады.

Ваш отзыв и предложение по сайту