Медиа орталығы

Жаңалықтар

Сенат заңнамаға тұрғын үй қатынастары мәселелері туралы түзетулерді қабылдады

Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы өтті.

Заңнамаға тұрғын үй қатынастары мәселелері жөніндегі енгізілген түзетулерді талқылау барысында қызу пікірсайыс туындады.

Заң жобасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының көп балалы отбасыларын және жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған және Парламент депутаттары М.Айсина, А.Базарбаев, А.Бейсенбаев, Б.Мамыраев, Ш.Өтемісов, Н.Сабильянов және Е.Сұлтановтың бастамасымен әзірлеген болатын.

Заңмен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналардың тұрғынжайды бірінші кезекте алуын көздейтін түзету енгізіледі.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға: «көпбалалы отбасы» ұғымын «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес келтіру; «сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай» деген жаңа ұғымды енгізу; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға азаматтардың аталған санаттарының жиынтық орташа айлық кірісі тұрғынжай беру туралы өтініш жасау алдындағы соңғы 12 айда отбасының әрбір мүшесіне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болуы тиіс жағдайда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай беруді регламенттейтін нормаларды енгізу; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары мәртебесін беру; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға тұрғынжайды бірінші кезекте алу құқығын беру, сондай-ақ олар бойынша тұрғынжайға мұқтаж адамдар есебінің бөлек тізімін жүргізу; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарды, көпбалалы отбасыларды тұрғынжайға мұқтаж адамдар есебінен шығарып тастауға тыйым салуды белгілеу бөлігінде түзетулер көзделген.

Сондай-ақ заңда «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға: «жұмыс істеп жүрген жастар» деген жаңа ұғымды енгізу; Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі жаңа құзырет беру бөлігінде түзетулер енгізіледі.

Сенат комитетінің төрағасы Б. Әйтімова «Заң жобасында ұсынылған тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз жалға алу тетігі көп балалы аналар мен көп балалы отбасыларға мемлекеттен елеулі көмек берілетін, сонымен қатар мемлекеттің және тұрғын үйге мұқтаж көп балалы аналар мен отбасылардың қажетті мүдделерін сақтай отырып, қоғамда масылдық көңіл-күйдің дамуына жол бермейтін тетік болып табылады», - деп атап өтті. Ол бизнес өкілдерін осы мәселені шешуге қосылуға, қоғам алдында әлеуметтік жауапкершілік көрсетуге шақырды.

Сенат басшысы тұрғын үй жөніндегі өзекті мәселелерді бірінші кезектегі басымдық ретінде белгіледі. Дариға Назарбаева тұрғын үй құрылысының қарқыны әлсіз екенін, сатып алу құқығынсыз эконом-класты тұрғын үй құрылысын жаппай салуға ынталандыру тетігінің жоқтығын, жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін алу кезіндегі төрешілдікті атап өтті.

Сенат Төрағасы сондай-ақ заң жобаларымен жұмыс жөніндегі Үкіметтің қызметін сынға алды. Д.Назарбаева Парламентке енгізілетін құжаттардың сапасын «жақсартуды қажет етеді» деп сипаттады. Кейбір заң жобалары қолданыстағы заңнамаға қайшы келеді, заң жобаларын дайындау процесін жүргізуге, оларға сараптама жасауға қарсылық білдіру көріністері кездесіп қалады.

«Сіздер үшін біз жұмыс жасамауымыз керек», - деді Д. Назарбаева.

Палата Каспий теңізінде тосын оқиғаларды болғызбау туралы келісімді және 2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шарт шеңберінде берілетін әскери мақсаттағы өнімнің болуын және нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы келісімді ратификациялады.

Отырыс барысында сенатор Төлеубек Мұқашевтың «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» республикалық-мемлекеттік кәсіпорнын жекешелендіруге қатысты және Н.Сац атындағы мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрын республикалық меншіктен Алматы қаласының коммуналдық меншігіне беру мәселелері туралы депутаттық сауалдары тыңдалды.

Отырыс соңында Сенат басшысы келе жатқан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.

Ваш отзыв и предложение по сайту