Сенат -> Медиа-орталығы -> Жаңалықтар

Медиа орталығы

Жаңалықтар

Жайық суының тартылғаны ауыл тұрғындарын алаңдатады

Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов аймақтарға сапар барысында Индер ауданындағы Бөдене ауылында жергілікті тұрғындармен кездесті. Жүздесуге облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, мекеме, кәсіпорын басшылары, ардагерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, әкімшілік бөлім басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында тұрғындар ауылдағы әлеуметтік мәселелер шешімін тауып келе жатқанын атап өтті. Дегенмен, жергілікті тұрғындарды алаңдатып отырған мәселелер де бар екені айтылды. Жайық өзені суының жылдан жылға азайып бара жатқаны, орман-тоғайдың жағдайы нашарлағаны, шабындық, мал азығы жетіспейтінін, мал ұрлығы тоқтамай тұрғаны сөз болды. Тұрғындар осы мәселелерді орталықтан жүйелі түрде қараса деген тілектерін білдірді. Сонымен бірге, Жер кодексінің ережелері жас және жаңадан кәсіп бастайтын адамдарға кедергі жасап отыр деген пікір айтылды.

Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов мемлекет тарапынан қайтарымсыз несие алып, өз ісін бастаған жас кәсіпкерлермен кездесті. Олардың бірі 1995 жылдан бері жұмыссыз жүрген Жаңаша Иманқұлова қайтарымсыз кредит алып, шаштараз қызметін қолға алған. Мемлекеттің осы бағыттағы саясатына ризашылығын білдірді.

Сәрсенбай Еңсегенов суретші Тілек Халиннің ел, ауыл тарихы, салт-дәстүрді баяндайтын, тәрбиелік және танымдық маңызға ие сурет галереясында болды. Зейнеткер суретші тәжірибесі мен білімін жастарға үйретуде.

Ваш отзыв и предложение по сайту