Медиа орталығы

Жаңалықтар

Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов: Жайық 50 см-ге дейін тайыздады

Бұл күндері Сенат депутаттары өңірлерді аралап, халықтың тыныс-тіршілігімен танысуды жалғастыруда. Депутаттар жұртшылықпен кездесу барысында аймақтардағы көптеген проблемалармен жан-жақты танысып, оны жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен бірлесіп шешудің жолдарын іздестіруге астсалысуда. Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Атырау облысына жұмыс бабындағы сапары барысында жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша Жайық өзенінің жағдайымен жіті танысу үшін қайыққа мініп, айдын ахуалын көріп қайтты.

«Индер ауданының тұрғындарымен кездесуден соң 25 шілде күні Жайық өзенінің жағдайына назар аудардым. Индербор кентінің тұсында бұрынғы өткел бермес Жайық өзенінің ортасында бүгінде әжептәуір арал пайда болған. Судың азаюынан өзеннің кей жері 50 сантиметрге дейін тайыздап кеткен. Аудан басшыларымен бірге өзенге қайықпен шығып, арнаулы құралдармен өлшеу жұмыстарының нәтижесінде оған бәріміз куә болдық. Жергілікті тұрғындар Жайықтың ең терең деген жері 2 метрге де жетпейтінін (170-180 см) айтып, алаңдаушылықтарын білдірді. Қайықтар судан қайырлап әрең шығады. Бұл қауіпты жағдай екені түсінікті. Еліміздің батыс өлкесіндегі ең ірі өзен суының азайып кетуіне байланысты Үкімет тиісті деңгейде назар аударып, бақылауға алып, нақты шара қабылдамаса, соңы үлкен экологиялық зардапқа соқтыруы мүмкін», - деп Сәрсенбай Еңсегенов қоршаған орта мен туған табиғаттағы елеулі өзгерістерге алаңдаушылығын білдірді.

Ваш отзыв и предложение по сайту