Медиа орталығы

Жаңалықтар

Мемлекет басшысы белгілеген басым бағыттар атап өтілді

Парламент Сенатының депутаттары Манап Көбенов пен Нұржан Нұрсипатов Павлодар облысындағы сапары аясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің басшылығымен және жедел құрамымен кездесті.

Сенаторлар кездесуде елдегі әлеуметтік-саяси жағдай, экономикалық және әлеуметтік салалардағы тұрақтылықты нығайту жөніндегі мемлекеттік деңгейде қабылданған шаралар туралы хабардар етті. Сонымен қатар, конституциялық құрылысты қорғау, халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қарсы іс-қимыл, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ҰҚК-нің басым міндеттеріне қатысты мәселелер туралы да айтылды.

М.Көбенов аймақты әлеуметтік-экономикалық тұрғыда одан әрі дамыту үшін Павлодар облысының ерекшеліктерін (бай табиғи ресурстар, өнеркәсіп пен көліктің ірі нысандары, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, Ресейдің ауқымды аймақтарымен көршілес болу, көші-қон ағыны және т.б.) пайдалану қажеттігін атап өтті.

Н.Нұрсипатов құқық қорғау органдары мен сот жүйесін реформалауға қатысты мәселелерге тоқталды. Жастар арасындағы радикалды діни идеологияның алғышарттары, ықтимал қауіп-қатерлері мен таралу үрдісі туралы да айтылды. Еліміздің азаматтарын елге қайтаруға арналған «Жусан» операциясының маңызы ерекше аталып өтілді.

Кездесу соңында билік тармақтары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту, әкімдіктердің, жергілікті өкілді органдардың, прокуратураның және құқық қорғау құрылымдарының қызметін үйлестіруді күшейту мәселелері қаралды.

Әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге, халықаралық терроризмге және діни экстремизмге тиімді қарсы іс-қимылды ұйымдастыруға қатысты Мемлекет басшысы белгілеген басым бағыттар бойынша жұмыс деңгейін арттыру қажеттігі атап өтілді.

Әңгіме барысында әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын арттыру мәселелері де талқыланды.

Ваш отзыв и предложение по сайту