Медиа орталығы

Жаңалықтар

Сәуле Айтпаева ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған балабақшада болды

Сенат депутаты Сәуле Айтпаева «Co-Make» қоғамдық қорының қатысуымен арнайы білім беруді қажет ететін мектеп жасына дейінгі балалар үшін (аутизмге шалдыққан, есту, сөйлеу, қимыл дағдылары төмен балалар) әлеуметтік бейімделу мен білім алуға үйрететін «RostOk» балабақшасына барды.

Онда «Co-Make» қоғамдық қорының басшысы Ирина Калюжнаямен, ұстаздар мен балалардың ата-аналарымен кездесті. Балабақшаның жұмыс барысы көрсетіліп, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналармен көкейкесті мәселелер бойынша ашық әңгіме өтті.

«Біздің балабақшамыздың басқалардан ерекшелігі – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды жинап, бір-бірімен араластыру арқылы оқытамыз. Тәжірибе көрсеткендей, небәрі бір айдан кейін қоғамға үйренбеген бала басқа бүлдіршіндермен ойнап, қосымша білікті мамандардан көмек алып отыр»,-деді «Co-Make» қоғамдық қорының басшысы Ирина Калюжная.

Сәуле Айтпаеваның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанып отырған басым бағыттарының бірі – әлеуметтік саланы дамыту болып табылады. Осы тұрғыда, «RostOk» балабақшасы сияқты жобалар еліміздің азаматтарына әлеуметтік демеу болып отыр.

«Біздің мақсатымыз – барлығына тең мүмкіндік беретін қоғамды құру. Онда ерекше қажеттіліктері бар азаматтар ешкімнен кем болмай, оқып, жұмыс істеуге жағдайы болуы керек. Біз өз балаларымызды басқа балалардың ерекшелігін біліп, онымен санасатындай етіп өсіруіміз қажет»,-деді депутат.

Балабақша 2,5 жастан 7 жасқа дейінгі 55 баланы ақылы негізде қабылдап, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан ерекше қажеттілікті талап ететін 65 бала тегін білім беруге дайын.

Сенатор «RostOk» балабақшасының әлеуетін жоғары бағалап, алдағы уақытта әлеуметтік жобаны бұдан әрі дамытуда сәттілік тіледі.


Ваш отзыв и предложение по сайту