Медиа орталығы

Жаңалықтар

Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында болды

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайына барып, ҚР ҰҚК шекара қызметінің жұмысымен танысты.

Сапар барысында ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов депутатқа Шекара қызметінің («Нұр-Сұлтан» шекаралық бақылау бөлімі) атқарып отырған жұмысымен, шекаралық бақылаудың техникалық және байланыс құралдарымен таныстырды. Өткізу пунктерін техникалық қамтамассыз ету, оның ішінде инспекциялық-тексеру кешендерінің болмауы, бейнебақылау сияқты бірқатар проблемалы мәселелерге тоқталды.

Сенатор шекаралық бақылаудың әкімшілік және қызметтік жайлармен, нарядтардың қызметін атқару орындарымен танысты. Жыл сайын жүздеген мың қазақстандық демалысқа немесе іссапарға барғанда, ең алдымен, шекара қызметіндегі мамандармен кездесетіндігі ерекше назарға алынды. Кез-келген шетелдік қонақ үшін Қазақстан әуежайдағы бақылау, өткізу пунктеріндегі кабиналардан басталады.

Сенатордың пікірінше, елімізге аяқ басқан азаматпен алғашқы байланыс орнатқан маман түгел мемлекетіміз бен халқымыздың имиджін қалыптастырады. Шекара бақылауындағы қызметкерлер Қазақстанның бет-бейнесі болғандықтан, барлық биік талаптарға сай болуы қажет.

«Өте байқампаз, зейінді, дөрекілікке жол бермейтін, тәжірибелі, кез-келген уақытта қол ұшын беруге дайын азамат болуы қажет. Өйткені заңмен ол талаптардың барлығын қамту мүмкін емес. Бір ғана жылы сөз, тиісті деңгейде көңіл бөлу, дұрыс кеңес, тіпті күлімсіреп, жақсы жауап беру- шекарашылардың кәсіби міндеттерін орындауда үлкен роль атқарады»,-деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

«Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайы еліміздегі ең үлкені, әрі Орта Азия, ЕАЭО пен Таяу Шығыс елдері үшін әуе ХАБ-ы болып, қарқынды дамуда. Қазіргі таңда терминалдар 17 ірі әлемдік әуе компаниялардың 39 бағыты бойынша тасымалын қамтамассыз етіп отыр. Тек осы жылдың бірінші жартыжылдығында өткізу бекеттеріннен 800 мың азамат пен 10 мыңнан аса көлік құралдары жіберілген. Өткізу пункттерінен тәулігіне орташа 9 мыңнан аса адам мен 70 әуе кемесі шекара асыпты.

Ваш отзыв и предложение по сайту