Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
09.12.2020

Ел болашағы үшін маңызды тағы бір заң жобасы мақұлданды


Нұр-Сұлтан, 9 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар дене шынықтыру және спорт мәселелеріне қатысты заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасы қолданыстағы заңнаманы бұқаралық спортты дамыту және халықты, бірінші кезекте балаларды спортпен және дене шынықтырумен айналысуға барынша тарту бөлігінде жетілдіруге бағытталған.

Құжат тұрғындарға арналған спорт үйірмелері мен секцияларын ұйымдастыратын спорт нұсқаушыларының штат бірліктерімен қамтамасыз ету және білім беру бөлімдерінде балалар мен жасөспірімдерге арналған дене шынықтыру даярлығы клубтарын ашу жөніндегі құзыреттерді жергілікті атқарушы органдарға беруді көздейді.

Нұрлан Нығматулин осы заң жобасының маңыздылығын алға тарта келе:

-Осы бұқаралық спортты дамыту біздің болашағымыз үшін, оның ішінде, жастарымыз үшін өте маңызды. Себебі, бүгінгі осы еліміздің абыройын көтеріп жүрген олимпиада және әлем чемпиондары  бұқаралық  спорттан шықты. Әсіресе, бокс пен күрес чемпиондары ауылдан шыққанын білеміз. Сондықтан, спорт нұсқаушыларының жалақысын көтеру, олардың жұмыстарын ұйымдастыру Спорт  министрлігінің басты  міндеттерінің бірі болу керек, - деді.

Енгізілген жаңа нормалар бұқаралық спортты дамытып, дене шынықтыру және спорт саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Заң жобада жүріп-тұруы шектеулі адамдардың дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік беретін нормалар да қарастырылған.

Сонымен қатар отырыста Палата депутаттардың бастамасымен әзірленген микроқаржылық және  коллекторлық қызметті реттеу  мәселелері туралы заң жобаны бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған құжат азаматтардың кредитті бұдан әрі тым көп алуына жол бермеу және тұтынушылық кредит берудің оңтайлы өсу қарқынын қамтамасыз ету мақсатында әзірленді. Өзгерістер мен толықтырулар Азаматтық кодекске, сондай-ақ «Микроқаржылық қызмет туралы» және «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына енгізіледі.  

Жалпы отырыс барысында ратификацияланатын заң жобалары да мақұлданды. Атап айтқанда, Қазақстан Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы ЮНЕСКО аясында мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын құру сондай-ақ, Қазақстан мен Грузия Үкіметтері арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге түзетулер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары бар.

Екінші оқылымда депутаттар техникалық реттеу және жол жүрісіне қарасты заң жобаларын талқылады.

Сонымен қатар Палата мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу және отбасылық және гендерлік саясат мәселелеріне қатысты заң жобаларымен жұмысты жалғастыру туралы ұсыныспен келісті.

Жалпы отырыста Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары И.Смирнова, К.Абсатиров, М.Казбекова, К.Мұсырман, А.Қоңыров, А. Қожахметов, Е.Никитинская және А.Перуашев мемлекеттік органдардың басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген С.Майлыбаев).


Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.