The website color
Distance between letter distance
Images
14.10.2020

Мәжіліс қарыздық еңбекті реттеу туралы депутаттық заң жобаны мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 14 қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттардың бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қарыздық еңбекті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Құжат қарыздық еңбек саласында еңбек етуші азаматтарды әлеуметтік қорғауға, сондай-ақ жұмыс берушілер тарапынан олардың еңбек үшін сыйақы алу құқығы сақталуын, еңбек жағдайларын қауіпсіздік және гигиена талаптарына сәйкес қамтамасыз етуге бағытталған.

Заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин:

-Қай кезеңде де еңбек мәселесі өте маңызды. Сондықтан бұл саланы әрқашанда заң деңгейінде қорғау үшін дер кезінде нақты қадамдар жасалып келеді. Соның бірі бүгінгі біз мақұлдаған заң жобасы. Осы құжатта қарыздық еңбекті реттеу деген нормалар енгізілді. Бұл азаматтарды жұмыспен қамту және олардың әлеуметтік жағдайын сақтау жолында тағы бір жаңа мүмкіндік деуге болады, - деді.

Сонымен қатар Еңбек кодексінде қабылдаушы және жіберуші тараптар жұмыскерінің құқықтары мен міндеттері ескерілген. Мәселен, қабылдаушы тарап жұмыскерлерінің негізгі жалақысынан төмен емес жалақы мөлшерін реттейтін нормалармен толықтыру ұсынылған. Сондай-ақ, қарыздық жұмыскердің еңбек қызметі уақытындағы жазатайым оқиғалар кезіндегі тергеп-тексеру тәртібін және персоналды беру жөніндегі қызметтерді көрсету бойынша қызметті жүзеге асыру тәртібін реттейтін нормалар қарастырылған.

Бүгінгі жалпы отырыста депутаттар Еуразиялық патент конвенциясына өнеркәсіптік үлгілерді қорғау туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Хаттаманың мақсаты өнертабысқа арналған еуразиялық патенттерді тіркеудің қолданыстағы жүйесіне ұқсас өнеркәсіптік үлгілерге қатысты құқықтарды алудың өңірлік жүйесін құру.

Осы жүйені құру республикадан тыс жерлерде өнеркәсіптік үлгілерге қорғау алу рәсімдерін жеңілдетуге және Еуразиялық патент ұйымының Еуразиялық патент ведомствосына бір өтінім беру жолымен әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы отырыс барысында Палата бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту туралы кодекске түзетулер енгізу, сондай-ақ Ұлттық қордан 2020 – 2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт және республикалық бюджет пен  бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелеріне қатысты заң жобалары бар.

Сонымен қатар жұмысқа алған заң жобаларының қатарында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы және энергия үнемдеу мен тиімділігін арттыру және аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелеріне қатысты түзетулер енгізетін  заң жобалары бар.

Сондай-ақ, бүгін Палатаның бейінді комитеттері қорытынды әзірлеу мерзімдерін шығару үшін бірқатар ратификациялық заң жобаларын жұмысқа алды. Олар ЕАЭО тауар мен қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы шартты және Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы азаматтардың өзара визасыз жол жүрулері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары. Сонымен бірге Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді шаралар мен шығыстарды қолдау бағдарламасы) және Қазақстан мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді шаралар мен шығыстарды қолдау бағдарламасы) ратификациялау туралы заң жобалары бар.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары Е. Бектұрғанов, Ж. Ахметбеков, В. Олейник, А. Рау және Ю. Тимощенко мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген С.Майлыбаев).



Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan