The website color
Distance between letter distance
Images
16.06.2021

Мәжіліс ЕАЭО туралы шартқа Армения мен Қырғызстанның қосылуына қатысты ратификациялық заң жобаларын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 19 маусым, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда бірқатар ратификациялық заң жобалары мақұлданып, жаңа заң жобалары жұмысқа алынды.

Жалпы отырыстың күн тәртібіне көшпес бұрын Мәжіліс Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұсынысы бойынша Республикалық  бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесіне Рүстем  Нұрпейісовті және Юлия Энгельді тағайындады.

Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясының баяндамасы бойынша Мәжіліс депутаты Қанат Мусиннің Жоғарғы Соттың судьясы лауазымына сайлануына байланысты өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Қаулы қабылдады.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұсынысымен Палата Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы етіп Арман Қожахметовті сайлады.

Жалпы отырыс барысында депутаттар Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Армения мен Қырғызстанның қосылуына байланысты түзетулерді қамтитын ратификациялық заң жобаларын мақұлдады.

Хаттамада Армения мен Қырғызстанның электр энергетикалық жүйесі бойынша мемлекетаралық берудің жылдық болжамды көлемдерін айқындау; алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамды мемлекетаралық берудің көлемдері бойынша өтінімді қалыптастыру және беру; мүше мемлекеттер арасында мемлекетаралық берудің жоспарланған көлемдерінің іске асырылуын есептеуді жүргізу; жоғары вольтты электр желілері арқылы электр энергиясын беру, оның ішінде мүше мемлекеттер арасында мемлекетаралық беру бойынша көрсетілетін қызметтерге арналған тарифті есептеу; мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мемлекетаралық берудің шарттық ресімдеуге қойылатын талаптар бөлігінде өзгерістер енгізіледі.

Отырыс барысында депутаттар мемлекеттік сатып алу мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады.

Аталған заң жобасымен жұмыс істеуде депутаттар өнім берушіні таңдау процесін едәуір жеңілдетуге және жылдамдатуға, сондай-ақ ашық бәсекелі нарық құру есебінен бюджет қаражатының үнемделуін арттыруға мүмкіндік беретін «электрондық дүкен» ұғымын нақтылауға; әлеуетті өнім берушілерге конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз ету үшін ғана емес, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету үшін де жеке шотқа ақша салуға мүмкіндік беретін «электрондық әмиян» ұғымын нақтылауға; сатып алынатын тауарларды автоматтандырып сәйкестендіру мақсатында тауарлардың біріздендірілген сипаттамасын қалыптастыруға арналған «электрондық тауарлар каталогы» деген жаңа ұғымды енгізуге;«оффтейк-келісімшарттар» түріндегі мемлекеттік сатып алу туралы ұзақ мерзімді кепілдендірілген шарттар жасасуға және тағы басқа да бірқатар маңызды түзетулер енгізді.

Жалпы отырыста Палата комитеттері Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты және ТМД қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен (біріккен) байланыс жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа алды.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік орган басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар А.Жамалов, Е.Жаңбыршин, С.Нақпаев, Б.Смағұл, Д.Назарбаева, Ж.Ахметбеков, Д.Еспаева, С.Ерубаев, М.Тажмағамбетова, А.Паяев, Г.Құлахметов, А.Линник.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).



Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan