The website color
Distance between letter distance
Images
15.06.2022

Мәжіліс «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 15 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжаттың негізгі мақсаты – өсімдіктер дүниесінің объектілерін күзету, қорғау, қалпына келтіру және олардың барлық алуан түрін пайдалану саласындағы қатынастарды реттеуді қамтамасыз ету, табиғи өсімдіктер ресурстарын және өсімдіктер дүниесінің генетикалық қорын сақтау үшін жағдай жасау.

Осы заң жобасы бойынша баяндама жасаған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев қазіргі уақытта өсімдіктер дүниесін пайдалануды реттеуге байланысты жекелеген нормалар Орман, Экология, Жер, Су, Кәсіпкерлік кодекстерін, «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңдарды қамтитынын атап өтті.

«Осыған байланысты «Өсімдіктер дүниесі туралы» арнайы заңды қабылдау қажеттігі бар. Ол Қазақстан ратификациялаған халықаралық конвенциялардың ережелеріне де негізделген», – деді министр. 

Жиында депутаттар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды күшейту және қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат депутаттары енгізген өзгерістер мен толықтырулармен келісті.

Жалпы отырыста Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары С. Нұрбектің және Б. Әбдіғалиұлының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылданды.

Cоңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков

 

 


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan