The website color
Distance between letter distance
Images
13.07.2022

“AMANAT” партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалуы Мәжіліс депутаттарының бақылауында


Нұр-Сұлтан, 13 шілде, Мәжіліс үйі. Алматыда қалалық филиалдың Саяси кеңесі Бюросының және Алматы қаласы мәслихатындағы «AMANAT» депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті.

Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері қатысты.

Отырыста халықтың өмір сүру жағдайын, жол-көлік инфрақұрылымын және экологиялық ахуалды жақсарту, сондай-ақ білім беру және медицина объектілерін салу мәселелері қаралды. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының 2022 жылдың бірінші жарты жылдығы бойынша 12 бағыттың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.

Мәселен, 2022 жылы Жол картасының 148 пункті іске асырылу сатысында тұр. Бүгінгі таңда 45 шақырым сумен жабдықтау және кәріз желілері салынды. 2022 жылы «Алмагүл» қосалқы станциясының құрылысы аяқталады. 138 шақырым электр және 17 шақырым жылу желілері жаңғыртылатын болады.

Ал экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында жыл басынан бері 145 мың көшет отырғызылды, жыл соңына дейін тағы 360 мың ағаш отырғызу жоспарлануда. Газбен жүретін 300 автобус сатып алынды. Алайда, партиялықтарда автобустарын газбен толтыратындарға қатысты сұрақтар туындады. Алматылықтар таңертең аялдамаларда қоғамдық көлікті ұзақ күтуге мәжбүр, ал ЖҚС бекеттерінде автобустардың кезегі көп екені байқалуда.

Қалалық мобильділік басқармасы өкілінің айтуынша, қазір алты бекеттің екеуі ғана жұмыс істейді, дегенмен газ станциясы құрылысының тиісті жобасына қаражат бөлінген.

Сонымен қатар, жыл соңына дейін 14 мыңға жуық оқушыға арналған 18 орта білім беру нысанын іске қосу жоспарлануда. Оған 10 750 орынды 11 мектеп, 1 270 орынды 5 қосымша құрылыс, 1 800 орынды 2 ғимаратты сатып алу кіреді.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты Бекқали Торғаев биыл аяқталуы тиіс 5 мектептің құрылысына қатысты алаңдаушылық білдірді:

«Бұл нысандар өткен жылдан бері өтпелі болып келеді. Соның бірі – Мәдениет шағын ауданындағы мектеп құрылысы. Құрылыс басқармасының есептеуінше, мектеп тамыз айында пайдалануға беріледі. Алайда, нысанға барғаннан кейін құрылыс жұмыстары баяу жүргізіліп жатқанын көрдім. Мектептің инфрақұрылымы мен абаттандыру мәселелері де ерекше бақылауды талап етеді», - деді Б.Торғаев.

Алайда құзырлы орындар келісім-шартқа сәйкес Мәдениет шағын ауданында мектеп құрылысы тамыз айының соңына дейін аяқталатынына сендірді. Бұл үшін барлық техника мен 400-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған.

Сондай-ақ, депутат Мәди Ахметов мегаполистегі жастар мәселесін көтерді. Атап айтқанда, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамтудың белсенді шаралары мен жастар практикасы және жаңа жұмыс орындарының мәселелері  қозғалды.

Отырысты қорытындылай келе, Мәжіліс депутаттары партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасын жүзеге асыру партиялықтардың ерекше бақылауында екенін атап өтті.

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, “AMANAT” партиясының материалы бойынша)

 


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan