The website color
Distance between letter distance
Images
21.09.2022

Мәжіліс Салық кодексіне өзгерістер мен толықтыруларды бірінші оқылымда мақұлдады


Астана, 21 қыркүйек, Мәжіліс үйі. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР кодексіне (Салық кодексі) енгізілген өзгерістер мен толықтырулар шағын және орта бизнеске салық салуды, салықтық әкімшілендіруді жетілдіруді, сондай-ақ бюджетке төленетін төлемдердің жаңа түрлерін және басқа да мәселелерді қамтиды. Сонымен қатар Палата Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Еуразия экономикалық одағы аясындағы келісім мен хаттаманы ратификациялау туралы екі жобаны мақұлдап, бірқатар заң жобасын жұмысқа алды.

Алдымен Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау депутаттар бастамашылық еткен заң жобаларын таныстырды. Олар: цифрлық активтер туралы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» ҚР Конституциялық заңына, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексіне және ҚР кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжаттар.

Бұл заң жобалары Қазақстан аумағында цифрлық активтер нарығын дамытуға, цифрлық активтерді шығару, орналастыру, айналым процесінде туындайтын қатынастарды реттеуге бағытталған, сондай-ақ цифрлық активтер нарығы субъектілерінің қызметін реттеуді қарастырады, – деді Альберт Рау.

Заң жобалары Мәжілістің қарауына қабылданды.

Сонымен қатар депутаттар қазіргі Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы»,  сондай-ақ «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық және телекоммуникациялық желілерде авторлық және сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын жұмысқа алды.

Қолданыстағы Салық кодексіне өзгертулер енгізу мәселесі жалпы отырыста қаралған негізгі тақырыптың біріне айналды. Ол жайында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сергей Симонов баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі өзгерістер мен толықтыруларды алты бағыт бойынша таныстырды. Олар – еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту, салалық заңнамаларға өзгерістер енгізу, отандық тауар өндірушілерді ынталандыру, көлік жүйесін дамыту, жеке тұлғалардан түсетін төлемдерді өзгерту және салықтық әкімшілендіру.

– Қазіргі уақытта еңбекақы төлеу қорынан мөлшерлемелері мен есептеу базалары әртүрлі бірнеше төлемдер төленеді. Оларды бір төлемге біріктіру ұсынылады. Әлеуметтік аударымдар мөлшері қызметкерлерге төленетін болашақ төлемдерге әсер ететіндіктен, жүктемені жеке табыс салығы есебінен төмендету көзделіп отыр, – деді Әлібек Қуантыров.

Министр бірыңғай мөлшерлемеде міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мен әлеуметтік аударымдар мөлшерлемелерінің өсуі ескерілетінін, төлем ерікті негізде қолданылатынын атап өтті.

Салықтық әкімшілендіру бағытында министр кәсіпкерлік субъектілері контрагенттерінің адалдығын тексеру үшін сақтық қағидатын енгізуді ұсынды. Бұл ұсыныс бойынша депутаттар сауалдарын қойды.

– Жыл сайын жалған операциялардан мемлекетке миллиардтаған залал тіркелетінін ескерсек, салық төлеушілер салық міндеттемелерін күмәнді түрде орындаған жағдайда салық бақылауынан бас тарту қаншалықты дұрыс? Неліктен Мемлекеттік кірістер комитеті әлі күнге дейін салық төлеушілерге контрагенттерді ақпараттық жүйелер негізінде тексеру қызметін ұсынбай отыр? – деді Айгүл Нұркина Қаржы министрлігіне қойған сұрағында.

– Бүгінде Мемлекеттік кірістер комитетінің порталына бір күндік фирмалар, әрекетсіз салық төлеушілер, қарызы барлар туралы мәліметтер жариялануда. Бірақ басқа мемлекеттік органдардың деректері қолданылатындықтан, сақтық қағидатына негізделген жүйенің мүмкіндігі зор, – деді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Ұсынылған түзетулерді депутаттар бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ мәжілісмендер Кеден одағының (ЕАЭО) шекарасы арқылы қолма-қол ақшаны өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобаларын мақұлдады.

 

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суреттерді түсірген Ж. Жұмабеков.
 

1

 


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan