Ахметбеков
Жамбыл
Әужанұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Хатшысы

Депутатқа хат
"Ядролық қарусыз әлем құру" халықаралық конференциясы, 2016 жылғы 29 тамыз, Астана қаласы

29 тамызда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция өтті.

Форум БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес жыл сайын аталып өтілетін Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні аясында өтіп отыр. Форум барысында жалпы отырыс, сондай-ақ «БҰҰ және қарусыздандыру үдерістері: келешегі қандай? «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі», «Ядролық тежеуден бас тарту – халықаралық қауіпсіздіктің жаңа сипаты», «Ядролық қарудан азат аймақтар. Орнықты әлемнің географиясы», «Ядролық қарусыздану саласындағы азаматтық қоғамның рөлі» тақырыптары бойынша төрт панельдік сессиялар өтті. Конференцияның қосалқы ұйымдастырушысы Ядролық қаруды таратпау және жою жолындағы парламентшілердің (PNND) халықаралық ұйымы болып табылады. Басқосуға әлемнің 50 елінен 200-ге жуық халықаралық ұйымдардың басшылары, беделді саясаткерлер, парламенттік қоғамдастықтың мүшелері мен сарапшылар қатысты. Сала мамандары қарусыздану және ядролық қаруды таратпау секілді өзекті мәселелерді талқылады. Халықаралық конференция барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей полигоны маңында үш жүз мың шаршы метр алаңда шамамен жарты миллион адам тұрған болатын. Кеңестік әскери басшылықтың Қазақстан аумағында полигон орналастыру туралы құжаттамылық негіздемесінде «бұл жерлер елсіз» деген қатыгездікпен қорланған сөздер бар болатын. Полигон ғана емес оған іргелес жатқан аумақтар да қарқынды радиоактивтік ластануға ұшырады», – деді. 

Елбасының айтуынша, ядролық сынақ сол маңдағы адамдар мен тірі табиғаттың сәулелік патологияға ұшырауына әкеп соқтырған. Ал мамандардың бағалауы бойынша сәулеленуге ұшыраған адамдардың жалпы саны бес жүз мыңнан асады. Сонымен қатар, қазақстандықтардың әлі де бірнеше ұрпағы денсаулықтарында ажал құштыратын сынақтардың әсері мен салдарын сезінетін болады.

«Қазақстан мен қазақстандықтар ядролық сынақтардың әлемдегі ешбір мемлекет пен халықтар бастан кешірмеген зиянын шекті. Сондықтан Қазақстан мен Жапония ядролық қарудың қасіретін, оның зардаптарын жақсы түсінеді. Екі мемлекеттің ядролық қаруға тыйым салу туралы бастаманы ұдайы көтеріп отыратыны да сондықтан. Біздің Ядролық қарудан азат елді құру туралы талпынысымыз - Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеясының маңызды құрамы», – деді Н. Назарбаев.