Ахметбеков
Жамбыл
Әужанұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Хатшысы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә.Сағынтаевқа депутаттық сауал

25.01.2017 ж. жарияланды.                             

Қазақстан Республикасының

             Премьер-Министрі

Б.Ә.Сағынтаевқа


Депутаттық сауал

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Ғасырлар бойы сайын даламызда халқымызбен бірге өсіп-өнген, төрт түлігіміздей болған асыл қазынамыздың бірі – киіктерге жойылып кету қаупі төніп тұр. Жануарларды мүйізі үшін қынадай қырған браконьер-қарақшыларды айтпағанда, соңғы жылдары орын алған табиғи апаттар – киіктердің қырылуы Қазақстандағы киіктердің жер бетінен мүлде жойылып кетуіне ұласуы мүмкін деген қауіпке негіз болып отыр.

Ресми мәліметтерге жүгінсек 2010 жылдан бастап Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарында киіктің жаппай қырылуы басталды. 2015 жылы Батыс Қазақстан облысында 120 мың киік қырылып қалды. Бұл қырғын басталғаннан бері жеті жыл өтсе де, осы күнге дейін бұл табиғи апаттың – киік қырғынының негізгі себебі анықталмай отыр.

Деректерге қарасақ, 1996 жылы Қазақстанды мекен ететін киіктің ұзын саны 1 миллион басқа жетіпті. Бірақ, бас аяғы оншақты жылдың ішінде, киіктерді аулайтын браконьерлерге қатысты мемлекеттік бақылаудың болмауы салдарынан киіктер жойылып кетудің аз-ақ алдында қалды, атап айтсақ 2003 жылы Қазақстанда бар-жоғы небәрі 21 мың киік қалған.   

Ақиқат үшін айтуға тиіспіз, мемлекет тарапынан киіктерді қорғау шаралары жасалуда. Алматыда 2006 жылы Бөкендер мен киіктерді қорғауды көздеген арнайы басқосу болып, сиреп бара жатқан аңдарды қорғау бойынша арнайы жұмыс бағдарламалары жасалды. Ресейде және Қазақстанда киікті қорғау бойынша ауқымды шаралар қолға алынды. 2010 жылы бұл шараға Өзбекстан да қосылды, осы шаралардың бәрі киік басының көбеюіне игі әсерін тигізді. Қорғау шараларының нәтижесінде киіктер саны тұрақтанып, олардың өсу серпіні байқалды. Аталған мемлекеттердің өз аймақтарында киіктерді аулауға тыйым салып, бірлескен бақылау жасақтарын құруы өз нәтижелерін беріп, киіктердің жалпы саны Қазақстанда індетке дейін 250 мың басқа дейін жетті.

2015 жылғы қырғыннан кейін Үкімет киіктің жаппай қырылуы себептерін анықтау үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құрды. Бұл топқа шетелдік және жергілікті ғалымдардың кіргені мәлімделді. Бірақ, киік қырғынының нақты себебі бойынша сарапшыларда ортақ пікір жоқ. Яғни, киік қырғынының ең негізгі себебі әлі күнге анықталған жоқ. Егер бұл мәселеде отандық ғалымдар дәрменсіз болса, мүмкін дүние жүзінің тиісті орталықтары мен ғалымдарына жүгіну қажет шығар.

Індет себебі ашылмаса табиғи апаттың қайталанбасына кепілдік жоқ, яғни киікті мүлде жойып алуымыз әбден мүмкін. Онда бұл ғасыр қасіреті үшін болашақ ұрпақ алдында кім жауапты? – деген сауал туындайды.

Осы қасіреттің алдын алу үшін, Сіздің назарыңызды осы жағдайға аудара отырып, киік қырғынының себебін ашу бойынша тиісті жұмыстарды жандандыруды сұраймыз.

Депутаттық сауалды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіптермен қарап, жауап қайтаруыңызды сұраймыз.


Құрметпен,

Мәжілістегі ҚКХП

«Халық коммунистері»

Фракциясының мүшелері                                                                                           

Ж.Ахметбеков

Г.Баймаханова

В.Косарев

А.Қоңыров

М.Магеррамов

И.Смирнова

Т.Сыздықов