Ахметбеков
Жамбыл
Әужанұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Хатшысы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә.Сағынтаевқа депутаттық сауал


22.02.2017 ж. жарияланды.                             

Қазақстан Республикасының

           Премьер-Министрі   

       Б.Ә.Сағынтаевқа


Депутаттық сауал

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Республикалық профессор-дәрігерлер қауымдастығынан, бір топ ғалымдардан үндеу хат келіп түсті. Бұлар республикамыздағы медицина саласының білікті мамандары, елімізге танымал профессорлар халықты иммундық қорғау саласындағы бүгінде елдегі қалыптасқан жағдайға, әсіресе балаларды вакцинациалауға қатысты жағдайларға қатты алаңдап отырғандарын хабарлады.

Біз осы мәселені былтыр қазан айында да көтеріп, Министрлікке депутаттық сауал ретінде жолдаған болатынбыз, алайда бұл мәселенің, шешілмей сол күйінде қалуы, оның үстіне еліміздің медицина саласындағы ірі ғалым-дәрігерлерінің үндеуі бұл мәселені тағы да көтеруге мәжбүрлеп отыр.

Міне, 2017 жылдың ақпан айы да таусылуға жақын, бірақ әлі күнге дейін Ұлттық Екпе календарына сәйкес алынуға тиісті вакциналар сатып алынған жоқ. Бұл осы жылы 2 жасқа дейінгі балаларды вакцинациялау туралы бағдарлама бұзылды, яғни осыншама балаға ауыру қаупі болады деген сөз.

Денсаулық сақтау министрлігінің Формулярлық комиссиясы елімізде осы күнге дейін тиімділігі өте жоғары болып, жаңа туған сәби балалар арасында пневмококқа қарсы өте жақсы нәтиже көрсеткен «Превенар 13» вакцинасын, 10-валентті (Синфлорикс) вакцинасына ауыстыруды ұсынып отыр.  

Ал профессорлар, медицина ғылымының докторлары оған келіспейді, аталған вакциналар бірін бірі алмастыра алмайды, әрі Комиссияның дәлелдері жеткіліксіз деп есептейді. Дамыған елдерде, мысалы, Италияда және Ресейде осы екі вакцинаның бірін бірі алмастыра алмайтындығы туралы шешім шығарылған. Әрі «Превенар 13» вакцинасының соңғы алты жылда елімізде жүргізілген тәжірибеде оның тиімділігінің өте жоғары екендігі дәлелденген және осы вакцина бізге өндіруші заводтан тікелей келіп түседі. Бұл вакцинаны қолдануды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ұсынған.  

Еліміздің медицина саласындағы білікті мамандары, танымал профессорлар «Превенар 13» вакцинасын сақтап қалу үшін ықпал етуімізді сұрайды, Министрліктің Формулярлық комиссиясының тиімділігі төмен «Синфлорикс» вакцинасын арадағы дистрибьютерлер, яғни делдалдар арқылы алуды мақұлдауына наразы және бұл ұлттық мүддемізге сәйкес келмейді деп есептейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің елімізде 5-6 жыл бойына өте жоғары тиімділік көрсеткен вакцинадан бас тартып, ғалым-профессорлардың қарсылығын да ескермей, бағасы арзан деген желеумен тиімділігі төмен «Синфлорикс» вакцинасын алуды ұсынуы, әрі оны делдалдар арқылы алуды ұсынуында осыдан пайда табуды ойлаған топтық мүдде жоқ па немесе шенеуниктер тарапынан лобби жоқ па? - деген сұрақ туындайды.      

Құрметті Премьер-Министр жолдас! «Халық коммунистері» фракциясы Сізден осы мәселенің маңыздылығын ескере отырып, оның шешімін табуға ықпал етуіңізді және бұл мәселені аталған ғалымдарымызды қатыстыра отырып қайта қарауды сұраймыз. Денсаулық сақтау министрлігі өз қызметінде топтық мүддені емес ұлттық мүддені басшылыққа алуы тиіс.

Депутаттық сауалды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен қарап, жауап қайтаруыңызды сұраймыз.

Қосымша: 12 парақ.


Құрметпен,

Мәжілістегі ҚКХП

«Халық коммунистері»

Фракциясының мүшелері                            

                                                                                 Ж.Ахметбеков

Г.Баймаханова

В.Косарев

А.Қоңыров

М.Магеррамов

И.Смирнова

Т.Сыздықов