Ахметбеков
Жамбыл
Әужанұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Хатшысы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникация министрі Д.Ә.Абаевқа депутаттық сауал




18.04.2018 ж. жарияланды.                               

Қазақстан Республикасының

Ақпарат және коммуникация

министрі Д.Ә.Абаевқа

Депутаттық сауал

Құрметті Дәурен Әскербекұлы!

Өзіңізге белгілі, «Қазақ спорты» (бұрынғы «Sport» газеті, қазақша) және «Спорт» (орысша) газеттері – екі тілде бөлек-бөлек шығатын Қазақстандағы тұңғыш спорт басылымдары. Тарихы 1959 жылдың 1 қаңтарынан бастау алатын  бұл басылымдарға 2019 жылы 60 жыл толады.

Кезінде қазақ спортының көш басында тұрған Ә.Нұрмаханов, Ә.Айханов, Б.Сариев, А.Тұяқов, Ғ.Қосанов, Т.Сегізбаев, С.Байшақов, Қ.Ордабаев, Ж.Үшкемпіров, Ш.Серіков, С.Қонақбаев, В.Демьяненко, Д.Тұрлыханов және бүгінде әлемге Қазақстанды танытып отырған басқа да мыңдаған саңлақтарымыздың тұсауын кесіп, сүйіншілей хабарлаған осы қос басылым.

Жыл сайын ҚР Президенті Н.Назарбаевтың спортқа қатысты саясатын жүзеге асыруға атсалысып, әрбір жастың құрыштай шынығып, мығым болып өсуіне ықпал жасап келе жатқан аталмыш газеттер бұқаралық спортты насихаттау, саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында да игілікті істер атқаруда. 

2014 жылы газеттің ақпараттық-сараптамалық экспедициясы Министрліктің мұрындық болуымен, «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып, бүкіл республика аумағына іссапарға шығып, «Дені саудың – жаны сау» атты дөңгелек үстел өткізіп қайтты. 2020 жылға дейін ел халқының 30 пайызын спортқа тарту туралы Президент тапсырмаларына орай, облыс әкімдері арасында «Спортқа қалайсың, әкім?» атты байқау өткізіп, «Спортқа қамқоршы әкім», «Спортшы әкім» аталымы бойынша әкімдер рейтингін түзді.

Ал қазақша осы «Қазақ спортынан» басқа басылым атаулы жоқ. Орыс ттлді басылымдар онсыз да жетіп артылады. Ресейден келетін қаншама спорт газеті бар: «Советский спорт», «Спорт-экспресс», т.т. «Проспорт» та солардың бір көшірмесі. Ал «Қазақ спорты» және орыс тілді «Спорт» республикада қазақ спортының күйін күйттеп жүрген бірден-бір басылым,  газеттің жалпы атауы – «SPORT&kz» газетінің редакциясы» ЖШС.   

2013 жылы барлық мерзімді БАҚ жеке қолдарға өткен кезде республикалық спорт ведомствосының қол астында болып келген бұл спорт басылымдарына «Алатау» баспа-полиграфия корпорациясы» құрылтайшы болды. Бүгінгі күнге дейін қал-қадерінше қаржыландырып келеді. Бірақ орысша-қазақша екі газетті қосқанда (әрқайсысы 8 беттен) 16 беттік А-3 пішімді басылымды тоқтаусыз аптасына бір рет, айына төрт реттен шығарып тұру оңай емес. Өте көп қаражат қажет етеді.  

Бүгінде, қазақ спортының 60 жылдық тарихы бар басылымына жабылып қалу қаупі төніп тұр, Сізден көмек күтеміз, газетті қолдауыңызды сұраймыз.

Депутаттық сауалды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен қарап, жауап қайтаруыңызды сұраймыз.

Құрметпен,

Мәжілістегі ҚКХП

«Халық коммунистері»

Фракциясының мүшелері                            

                                                                                 Ж.Ахметбеков

Г.Баймаханова

В.Косарев

А.Қоңыров

М. Магеррамов

И.Смирнова

Т.Сыздықов