Ахметбеков
Жамбыл
Әужанұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Хатшысы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Р.В.Склярға депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің орынбасары

Р.В.Склярға

Депутаттық сауал

Құрметті Роман Васильевич!

«Қазақстан Халық партиясы» еліміздегі су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу жөніндегі мәселелерді бұрын да бірнеше рет көтерген болатын. Жыл сайын болатын су тасқыны қаншама азаматтарымыздың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіруде. Тасқынмен күреске бөлінетін қаржы көлемі де жылдан жылға өсу үстінде. Егер «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қатерінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасына 42 млрд.теңге бөлінсе, 2020-2023 жылдарға арналған осыған ұқсас Жол картасына бөлінген қаржы 160 млрд. теңгеге жетті.

Осыдан келіп сұрақ туындайды – нәтиже қайда?

Әдетте, Төтенше жағдайлар министрлігі алдымен жағдайдың тұрақты екенін және су тасқынына дайын екенімізді мәлімдейді, ал көктемде еліміздің жүздеген елді мекендері су астында қалады. Тасқын су тұрғын үйлерге, аулалар мен көшелерге құйылады, автомобиль жолдарын су басып, инфрақұрылымдар бұзылады, тұрғындар қауіпті ауданнан шұғыл көшіріледі... Міне, жағдай жыл сайын осылай қайталана береді.

Соңғы бес жылдың өзінде Қазақстанда 272 елді мекенді су басты, бұл  6,5 мыңнан астам үй суға кетті деген сөз. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары жыл сайын су тасқынының құрбаны болып отыр. Ал кеше еліміздің астанасы – елорда мен оның маңы тасқын судан зардап шекті, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Есіл» Тұрғын үй кешенінің жертөле – көлікжайы суға толды. Төтенше жағдайлар министрлігі елорда іргесіндегі Қоянды кентін су тасқынынан құтқару үшін шұғыл аттануға мәжбүр болды. Біздің партияның өкілдері тасқын судың астында қалған Қараөткел (Ильинка) ауылына барып, ондағы су тасқынының зардаптарын өз көзімізбен көрдік. Жергілікті тұрғындар дәрменсіз күйде, еңбекпен тапқан дүние-мүлкінен айрыламыз ба деп қатты алаңдауда.

Елді мекендерді, мал-мүлікті су басып, бүкіл елді су тасқыны жайлаған кезде сусорғымен арпалысқанша, осы апаттың алдын алып, су тасқынын болдырмаудың амалын қарастырған жөн емес пе!

Үкіметтің баспасөз қызметінің бізге берген ақпаратқа қарайтын болсақ, су тасқынына қарсы іс-шараларының Жол картасы шеңберінде 2017 жылдан 2020 жылға дейін  су тасқынына қарсы 402 іс-шара іске асырылыпты. 2021-2023 жылдарға арнап әзірленген жаңа Жол картасында су тасқынына қарсы 200-ден астам іс-шара атқаруды көздеп отыр екен. Алайда, құжаттарды егжей-тегжейлі талдаңқырап қарайтын болсақ, екі құжаттың да тиімділігіне сену қиындау.

Мәселен, Жол картасының 2017-2020 жылдарында су тасқынына қарсы 521 іс-шара жоспарланып, оның 119-ы орындалмай қалған. 78 іс-шара Жол картасының 2021-2023 жылдарына енгізілді, тағы 41 шараның тиімділігінің төмен болуына байланысты одан әрі іске асырмау туралы шешім қабылданған. Өндірістік объектілер мен тұрғын үйлерді су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шегінен тыс жерге көшіру жөніндегі шаралар да жүзеге асырылмастан қалған. Есіл өзенінің арнасын қайта жаңарту жұмыстары да жүргізілмеген. Өңірлердегі өзендердің түбін тереңдету, жағалауды нығайту жұмыстары, дамбалар мен бөгеттер салу және жөндеу, айналма және су өткізу арналарын жасау жұмыстары да іске асырылмаған күйінде қалған. 

Осыдан келіп, қабылданатын бағдарламалық құжаттарды жоспарлаудың сапасы туралы мәселе туындайды. Неліктен бізде сол іс-шаралар бір бағдарламадан екінші бағдарламаға көшіп, ауысып отырады, ақырында орындалмай қалады?! Неліктен бағдарламалық құжаттарға енген іс-шаралар кейіннен «тиімсіз» болып шығады? Ал осы «тиімсіз іс-шараларға» кеткен бюдеттің қаражатына кім жауапты болады? Қалайша бізге Қызылағаш және Көкпекті трагедиялары сабақ болмайды? Тасқынның алдын алу үшін уақтылы шаралар қабылдау керек екендігін түсіну үшін, міндетті түрде қайтадан адам өлімі болу керек пе?

«Қазақстан Халық партиясының» фракциясы Сізден мына сұрақтарға жауап беруіңізді сұрайды:

1. Осындай жағдайда бағдарлама әкімшілерінің бағдарламалық құжаттарды нақты орындауы және олардың бөлінген бюджет қаражатын игеруі үшін Үкімет қандай шаралар қабылдамақ?

2. 2017-2020 жылдарға арналған  Жол картасын орындауға жауапты, бірақ оны орындамаған тұлғалар қандай нақты жауапкершілікке тартылды?

3. Осыған дейінгі атқарылған іс-шаралар жеткіліксіз болса, бұдан былай тұрғын үйлерді, көшелерді су басуға жол бермеу және басқа да төтенше жағдайларды болдырмау үшін, су тасқынына қарсы қауіпсіздікті күшейтуге қандай қосымша шаралар қабылданатын болады?

«Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.

Құрметпен,

Мәжілістегі ҚХП

фракциясының мүшелері:           

                                                                     

                                                                                         Ж. Ахметбеков

Ф.Каменов

А.Қоңыров

З.Құлахметов   

    А.Милютин

А.Паяев

     С.Решетников 

А.Сқақова   

Е.Смайлов

И.Смирнова

«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері:                     Қ.Ержан

 Ә. Әбсеметова