Ахметбеков
Жамбыл
Әужанұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Хатшысы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Р.В.Склярға депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің

орынбасары

Р.В.Склярға

Депутаттық сауал

Құрметті Роман Васильевич!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның батыс өңірлерін мұнай-химия кешендерін салуға инвестиция тарту орталығы ретінде қалыптастыру, сондай-ақ мұнай-химия мен жоғары бөліністі газ өңдеуді дамыту міндетін жүктеді.

Айта кету керек, бұл міндетті мемлекеттік органдар Елбасының экономикамыздың шикізаттық бағытынан өнеркәсіпте жаңа бөліністер құруға көшу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде тәуелсіздік алған сәттен бастап орындауы тиіс болатын.

Бірақ қазір Париж келісімі бойынша өз міндеттемелерін орындау аясында көптеген елдер климаттың өзгеруіне қарсы тұру мақсатында қазбалы отынды, оның ішінде мұнайды тұтынуды барынша азайтуға бет бұрған кезде бұл мәселе өзекті бола түсті. Өйткені мұнай экспорты мемлекет кірісінің негізгі көзі болып табылады және оны өндіру халықты жұмыспен қамтамасыз етеді. Мұнай-газ-химия өнеркәсібі өнімдерінің экспорты кем дегенде мұнай экспортынан мемлекеттің шығындарын өтеуге, ал оны өндіру мұнай өндірісіндегі жұмыс орындарының мүмкін болатын шығындарын өтеуге тиіс екені анық.

Сонымен қатар елімізде мұнай-химия кешендерін құру және жоғары бөліністі газ өңдеу мәселесі анау айтқандай қанағаттанарлық жағдайда емес. Сондықтан мұнай-газ-химия өнімдері экспортынан түсетін түсімдердің 2025 жылы 1 млрд-қа дейін, ал 2030 жылы 3 млрд АҚШ долларына дейін өсуі сияқты болжамдар тым оптимистік болып көрінеді.

Бұл күмәнға түрткі болған себеп мынада жатыр.

2007 жылы құрылған «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы 13 жыл ішінде берілетін салықтық және кедендік жеңілдіктерге, мемлекет пен инвесторлар салған қаражатқа қарамастан, шығарылатын өнімнен экспорттық кірістер түрінде өз қызметінде елеулі нәтижелер бермеді.

Полипропилен шығаратын алғашқы ірі зауытты тек осы жылдың соңында, ал полиэтилен шығаратын зауытты тек 2026 жылы іске қосу жоспарлануда. Бүгінгі таңда әлемдегі полиэтиленге сұраныс ұсыныстан асып түседі, ал полипропиленге сұраныс жоқ. Сонымен қатар 2026 жылы полиэтиленді шығарудың белгіленген мерзімдерінің шындығына күмән бар. Өйткені жоба түгілі жобалау туралы тапсырма да берілмеген.

Циклогексан өндірісі бойынша жобаны уақтылы іске асыру (ол 2022 жылы аяқталуы тиіс) одан да үлкен күмән тудырады. Ойткені бүгінгі күні (жобаны іске асырудың төрт жылы өтсе де) оның техникалық-экономикалық негіздемесі жоқ.

Осы айтылғандарға орай келесі сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймыз.

  1. Мұнай-газ-химия өнімдерінің экспортын арттыру жөніндегі оптимистік болжамдар неге негізделіп жасалды? Өнімді өткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттар негізінде ме әлде қандай да бір өнімді шығару бойынша қағазға жоспарланған жұмыстар негізінде ме?

  2. Неліктен көп жылдық салық жеңілдіктері мен тартылатын инвестицияларға қарамастан «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы қызметінен айтарлықтай нәтиже жоқ?

  3. Полиэтилен мен циклогександы шығарудың жоспарланған мерзімі қаншалықты нақты? Үкімет бұл өнімді шығаруды жеделдету үшін қандай шаралар қабылдауда?

Осы депутаттық сауалды қарастырып, аталған проблемалар бойынша Үкіметтің ұстанымын көрсетіп, жауабын заңнамада белгіленген мерзімде ұсынуды сұраймыз.

Құрметпен,

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:


Ж.Ахметбеков

Ф.Каменов

З.Құлахметов

А.Қоңыров

А.Милютин

А.Паяев

С.Решетников

А.Сқақова

Е.Смайлов

И.Смирнова