Құспан
Айгүл
Сайфоллақызы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрайымы

Депутатқа хат
ТАЛХИЗ ҚАЛАСЫНА САПАРЫМ

КӨНЕ ТАЛХИЗ ҚАЛАСЫ

Асқар Алатаудың баурайында Ұлы Жібек жолының өркендеуінің куәгері және Ұлы даладағы қала мәдениетінің айғағы – көне Талхиз қаласы жатыр. ”Жер-судың аты – тарихтың хаты” демекші, қазіргі Талғар қаласы өз атауын сонау ортағасырлық Талхиз қаласынан мұра етіп алған. Тарих сабақтастығы деген осы емес пе?

8-ғасырда іргетасы қаланып, 13-ғасырда өркендеу шыңына жеткен қаланы 8 мыңға жуық адам мекен еткен екен. Археологиялық зерттеулердің көрсетуінше, көне қаланың тұрғындары су қубыры мен канализация сияқты өз кезінің өркениет жетістіктерін пайдаланған. Сауда-саттық, отырықшылық, қолөнері дамыған қалада тіпті өз тиынын соғатын ақша сарайы да болған екен.

Бұл бірегей тарихи ескерткіш 2014 жылы ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандары тізіміне енді және Ұлы Жібек жолы бойындағы 36 тарихи ескерткіштердің бірі болып саналады. ЮНЕСКО-мен қорғалатын бұл нысан енді талай құны жетпес бұйымдарды талап әкеткен “қара археологтардың” құрбаны болмайтыны қуантады. Қалашықтан өтетін су құбыры да басқа жерге көшіріледі. Қалашықты кесіп өтетін тас жолы құрылысының тоқтатылғаны да өте дұрыс болды. Бұндай киелі жерді қирату – кешірілмес күнә. Есесіне осы нысанды көпшілікке танымал етіп дәріптеу – нағыз Рухани жаңғырудың үлгісі болар еді.

Тарихтан сыр шертетін бұл мұраны туристік орталыққа айналдыру үшін, ең алдымен, аса қатаң сақтау шараларын ұйымдастырып, ескеркішті қорғау аймағын ұлғайту қажет, сондай-ақ, сөзсіз, инфрақұрылымды жақсарту өте орынды болмақ. Қазіргі таңда бұл нысан тек қоршау аймағымен ғана шектелген. Ал осындай ескерткішке тиесілі қорғау аймағы, құрылыс салу аймағы, табиғи ландшафт аймағының нормалары мүлдем сақталмағаны ұят нәрсе. Бұл кешенде қазба жүргізетін археологтардың, кешен басшысы мен қызметкерлерінің, Талғар қаласы әкімінің ортақ арманы мен алға қойған басты мақсаты - Талхиз мұражайын ашу. Түрлі уақытта советтік, одан соң қазақстандық зерттеушілер қазба барысында ашқан көптеген артефактілер қазіргі таңда елдің түкпір-түкпіріндегі мұражайлар мен қорларда жүйесіз сақталып жатыр. Талхиз қалашығы маңынан табылған ерте тас дәуірінен кейінгі орта ғасырлық уақыт аралығын қамтитын мәдени ескерткіштерді бір жерде, яғни болашақ Талхиз мұражайында жинақтау - Қазақстан тарихына қосқан зор үлес болмақ. Әрине, бұл мақсатты жүзеге асыру үшін қаражатты молынан құю керек. Алайда, Талхиз қаласының тарихы бұл мәртебеге толығымен лайық деп санаймыз.

Тарихымыз тек кітап бетінде қалмас үшін көне Талхиз қаласы сынды ескерткіштерді дәріптеп, ұрпаққа аманат етіп қалдырған абзал.