Құспан
Айгүл
Сайфоллақызы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрайымы

Депутатқа хат
Мәжіліс депутаттары Корея Республикасының Елшісімен онлайн кездесу өткізді

Нұр-Сұлтан, 4 ақпан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан, депутаттар Вера Ким және Юрий Ли Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хун Сокпен бейнеконференция арқылы кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын талқылап, екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері туралы пікір алмасты. Айгүл Құспан Корея Республикасы Қазақстанның стратегиялық серіктесі, ірі инвесторы және сауда серіктесі екенін айтты. Қазіргі уақытта Корея Қазақстан экономикасындағы ең ірі 10 инвестордың бірі. COVID-19 пандемиясының бүкіл әлемге таралуына қарамастан, екі ел арасындағы сауда қатынасы айтарлықтай жоғары деңгейде сақталды. Өз кезегінде депутат еліміз ынтымақтастықтың әр түрлі салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізіп, қос елді көптеген тарихи, мәдени және адами тағдырлар байланыстыратынына назар аударды.  Бүгінгі таңда Қазақстанда екі ел халықтары арасындағы «достықтың алтын көпірі» қызметін атқаратын 100 мыңнан астам адам тұрады. Кездесуде экономикалық құрамдас бөлік туралы әңгіме барысында тараптар Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Иннің елімізге мемлекеттік сапары барысында қол қойылған «Самал жел» және «Жаңа Солтүстік экономикалық саясат» экономикалық ынтымақтастық бағдарламаларына ерекше назар аударды. Соның аясында елдер арасындағы экономикалық, сауда және мәдени байланыстарды жандандыруға бағытталған жобаларды іске асыру көзделеді. Қазақстан Орталық Азия елдері арасындағы Корея Республикасының негізгі әріптесі екені, сондай-ақ мемлекет басшыларының жаңа бастамаларын іске асырудағы оң аспектілерін атап өткен Ку Хун Сок олардың «Цифрлы Қазақстан» және «Нұрлы жол» ұлттық бағдарламаларымен одан әрі үйлесімді интеграциялануы үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынына тоқталды. Тараптар сондай-ақ коронавирустық инфекция пандемиясының теріс салдарын азайту үшін екі елдің күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты қазақстандық парламентшілер Корея тарапының елдегі эпидемиялық жағдайдың шиеленісуі кезеңінде көрсеткен көмегі үшін алғыстарын білдірді. Әңгіме соңында мұндай кездесулер стратегиялық серіктестік қатынастарын одан әрі нығайтуға, интеграцияны кеңейтуге және парламенттік дипломатияның рөлін күшейтуге ықпал ететінін жеткізді.

_________________________________________________________

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі

Ақпарат көзі: http://parlam.kz/kk/mazhilis/news-details/id48437/1/1

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі