Сартбаев
Бауыржан
Мейрамбекұлы

VII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ҚР Денсаулық сақтау министріне Депутаттық сауал

23.11.2022ж. жарияланды


Қазақстан Республикасы

Денсаулық сақтау министрі

А. Ғиниятқа


Депутаттық сауал


Құрметті Ажар Ғиниятқызы!


Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай «Отандық денсаулық сақтауды жаңғырту ерекше маңызға ие» болып табылады. Сондай-ақ, «АMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: барлығына лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында азаматтарымыздың денсаулығына басты назар аударылған.

Қазіргі уақытта Астанада емделмейтін диагнозы бар науқастар көмек алатын жалғыз паллиативтік көмек орталығы бар. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінде «паллиативтік медициналық көмек - радикалды емдеу жүргізуге көрсетілімдері болмаған кезде жазылмайтын ауру пациенттің ауырсынуын және ауруын жеңілдетуге бағытталған медициналық көрсетілетін қызметтер кешені» деп көрсетілген.

Алайда, хоспистер мен паллиативті көмек орталықтарын қаржыландыру мәселесі әлі де өзекті, себебі бөлінетін қаржы барлық қажет шығындарды өтемейді.

Мәселен, биыл орталық соңғы 2 айда көрсетілген қызметтер үшін қаржыландырудың «негізсіз» 90%-ға қысқаруына байланысты тағы да қаржылық қиындықтарға тап болды. Бүгінгі таңда мекеме көрсетілген қызметтер үшін 2 айда 27 млн. теңге алуы тиіс еді, ал негізінде орталыққа тек 3 млн.теңге бөлінеді. Бұл ақша тіпті несие берушілер алдында қарызды жабуға да, пациенттерге азық-түлік сатып алу үшін де жеткіліксіз. Болашақта бұл мекеменің жабылуына алып келіп, ал 100-ге жуық пациент далада қалуы мүмкін.

Паллиативтік қызметке қатысты қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде көмекке мұқтаж азаматтардың мүдделердің мен құқықтарын бұзатын олқылықтар бар, атап айтқанда:

Денсаулық сақтау министірлігінің 20.12.2020 ж. «Міндетті әлеуметтік және медициналық қор шеңберінде денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 79-тармағына сәйкес паллиативтік медициналық көмек көрсеткені үшін төлем бір емделген жағдай үшін жасалады.

Алайда, 83-тармақта «науқастың ұзақ мерзімді болуына паллиативтік көмек көрсету кезінде төлем 90 күн болған кезде бір төсек-күн үшін тариф бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте, есепті кезеңде 1-ші пациенттің тоқсан күні болған кезде барлық төсек-күндер бір емделген жағдай ретінде есептеледі» делінген. Осылайша, 90 күндік мерзім ғылыми (техникалық) тұрғыдан да, медициналық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да түсініксіз. Орталық бұл талаптарды орындау мақсатында және есепті кезеңде көрсетілген қызметтер үшін төлемді уақтылы жүзеге асыру үшін терминалдық (соңғы) сатыдағы науқастарды шығаруға мәжбүр. Сондықтан қарапайым ауруханалардағы стационарлық жағдайда емделген жағдай мен паллиативті көмек алатын науқастың жағдайын салыстыруға болмайды.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты:

- Шұғыл түрде орталықты қаржыландыру мәселесін шешу жолдарын анықтауды және үй-жай мәселесін шешуді: жалдау ақысын төлеуге жәрдемдесу немесе тұрақты үй-жай беру мүмкіндігін қарастыруды;

- Паллиативтік көмек орталықтары орналасқан жері бойынша жергілікті бюджеттен қаржыландыру ала алатын мүмкіндікті қарастыруды;

- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қатысушыларының қызметіне қойылатын нақты талаптарды ретке келтіріп, мониторинг нәтижелерін талқылады қолжетімді әрі «ашық» етуді;

- Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізіп, «стационарлық» пен «паллиативтік көмек» ұғымдарын нақты ажыратып, осылайша, паллиативтік көмекке мұқтаж пациенттердің құқықтарын қорғау.

Белгіленген заңнамаға сәйкес жауап беруіңізді сұраймын.

Құрметпен,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары,

«AMANAT» партиясы

фракциясының мүшелері

Б.М. Сартбаев

Г.А. Нұрымова

Ж.Ә. Омарбекова

Ә.С. Сапарова