Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Халықаралық қызмет


13.06.2014

Қ. ЖАҚЫПОВ ТҮРКПА-ға ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІНІҢ АЗИЯДА ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЙЫМ ҚҰРУ ТУРАЛЫ ИДЕЯСЫН ҚОЛДАУҒА ҰСЫНЫС ЖАСАДЫ

Астана, 13 маусым. Мәжіліс үйі. Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының 5-пленарлық отырысында сөз алған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов бірқатар ұсыныстарды алға тартты. Солардың бірі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Шанхайда өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 4-саммитінде АӨСШК негізінде Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымын құру туралы идеясын қолдауға қатысты болды. Қабиболла Жақыпов: - Аталған ұйым Азия кеңістігіндегі бейбіт даму үдерісін қамтамасыз етуде маңызды құралдардың біріне айналары сөзсіз. Сондықтан біздің Ассамблеяның осы бастаманы қолдап, өз ұсынысын енгізетініне сенім зор,-деді. Мәжіліс Спикері сондай-ақ, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия елдері парламентшілерінің түркітілдес елдер жастарының білім саласына қатысты көтерген сұрақтарына да назар аударды. Қабиболла Жақыпов, ТүркПА ықпалын одан әрі күшейтудің маңыздылығын сөз ете келіп: - біздің елдеріміз парламенттері ынтымақтастығының ұзақмерзімді стратгеиясы қажет. Осы жолда «Түркітілдес елдер парламенттері ынтымақтастығын дамытудың жол картасын» әзірлегеніміз жөн болар еді. Онда көпжақты ынтымақтастықтан басқа, біздің заңнамаларымызды одан әрі үйлестіруге бағытталған жеке тараулар болады,-деді Мәжіліс Төрағасы.

12.06.2014

Қ.ЖАҚЫПОВ: ТүркПА АЯСЫНДАҒЫ ПАРЛАМЕНТТІК ЫҚПАЛДАСТЫҚ - МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ НЫҒАЙТУ

Астана, 12 маусым. Мәжіліс үйі. Бүгін Бакуде басталған Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы шаралары аясында қазақстандық парламентшілер делегациясының басшысы, Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Джемиль Чичекпен кездесті. Тараптар халықаралық бірлестіктер аясында етене ынтымақтастық пен өзара қолдаудың елдер арасындағы стратегиялық қатынаспен сәйкес келетінін алға тарта отырып, өзара іс-қимылды одан әрі күшейтудің жаңа қырларын сөз етті. Қабиболла Жақыпов Қазақстанның халықаралық бастамаларына, соның ішінде, Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге қолдау көрсеткені үшін Түркия тарапына алғысын білдірді. Өз кезегінде Джемиль Чичек Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бағытының мойындалғандығын, ол біздің елдерімізді одан әрі қарқынды дамытуға ықпал ететінін айта келіп, қазақстандық –түріктік ынтымақтастықтың тек екі ел ғана емес, бүкіл түркітілдес мемлекеттер үшін тиімділігінің зор екенін атап өтті. Ол Түркия келешекте де Қазақстанның халықаралық бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді. Ал, парламентаралық ынтымақтастық жайын сөз еткенде Қабиболла Жақыпов өткен жылы Анкарада қол қойылған Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысы мен Қазақстан Парламенті Мәжілісі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімнің маңыздылығына тоқталды. Қабиболла Жақыпов Түркияның ТүркПА төрағалығына жоғары баға бере келіп, алдағы уақытта да түркітілдес елдер арасындағы парламентаралық ықпалдастыққа қатысты әр салада түрлі шараларды өткізудің дәстүрге айналатынын және оны ұйымға мүше барлық мемлекеттердің қолдайтынын жеткізді.

12.06.2014

Қ. ЖАҚЫПОВ ПЕН А.ЖЭЭНБЕКОВПАРЛАМЕНТАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Астана, 12 маусым. Мәжіліс үйі. Бакуде Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы шаралары аясында (ТүркПА) Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов пен Қырғызстан Жогорку Кенешінің Спикері Асылбек Жээнбеков парламентаралық өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады. Қабиболла Жақыпов одан әрі қарқынды даму жолында қажетті заңнамалық құжаттарды қабылдаудың маңыздылығына назар аударды. Ол ең алдымен, экономика, сауда, сондай-ақ, инвестициялық салаға тікелей қатысты болмақ. Кездесу иелері Еуразиялық экономикалық одақ жұмысына дайындық мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. А. Жээнбеков: -Қазақстанның ЕЭО және КО мүше болуының біз үшін маңыздылығы зор. Өйткені, Қырғызстан тек осы бағытта ғана емес, сонымен қатар, қазақстандық инвестицияны ұлғайту тарапынан да Қазақстанның қолдауына сенеді. Себебі, біздің нарық басқалардан гөрі тамыры, тарихы бір қазақстандық инвесторларға көбірек түсінікті әрі жақын-деді.

12.06.2014

МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ: ТҮРКПА БІЗДІҢ ЕЛДЕРІМІЗДІҢ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

Астана, 12 маусым. Мәжіліс үйі. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыпов пен ӘзербайжанМилли Меджлисінің төрағасы Октай Асадов екі елдің заң шығарушы ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты дамытудың болашағын сөз етті. Қ.Жақыпов әріптесін ТүркПА төрағалығының Әзербайжан еліне өтуімен құттықтай келе, ұйымның елеулі еңбегі алдағы уақытта да түркітілдес елдер халықтарының игілігін арттыруға бағытталатынына сенім білдірді. Өз кезегінде О. Асадов екі мемлекет басшыларының тұрақты байланысының арқасында дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстан мен Әзербайжан елдері арасындағы өзара түсіністікке жоғары баға берді. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатын алға тарта отырып, Астананың таңқаларлықтай даму қарқынын сөз етті. Ал, ТүркПА жайында О. Асадов түркітілдес елдердің тұрақты даму мүмкіндігінің зор екенін, ең бастысы – бірлік екенін айта келіп: - Біздің Парламенттік Ассамблея бауырлас халықтардың бірлігін күшейтуге зор үлес қосады,-деді. Тараптардың атап өткеніндей, мұнай және газ тасымалдау бойынша бірлескен жобалар аясында инвестициялық саланы, ауылшаруашылығын, көлік және коммуникацияны дамыту бауырлас елдер арасындағы ықпалдастықты күшейтудің басым бағыттары болып саналады.

10.06.2014

Қазақстан парламентшілері ТүркПА шараларына қатысады.

Астана, 10 мамыр. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған парламенттік делегация мамыр айының 12-13 аралығында Әзербайжанның Баку қаласында өтетін Түркі тілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) шараларына қатысады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған түркі елдерінің парламенттік бірлестігінің құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия елдері кіреді. ТүркПА-ның алдағы жиыны Бодрумда өткен Түркітілдес елдер ынтымақтастығы Кеңесінің 4-Саммитінде қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асырудың нақты қадамдарын талқылау қажеттілігімен маңызды болмақ. Бағдарлама аясында ТүркПА Кеңесінің жиналысымен қатар, ұйымның 5 пленарлық сессиясы жоспарланып отыр. Шара барысында халықаралық қатынас, экономика, сауда, қаржы, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер талқыланады. Сонымен қатар, ТүркПА комиссиясын қайта құру, олардың төрағаларын сайлау көзделген. Сондай-ақ, Қабиболла Жақыповтың ТүркПА құрамына кіретін елдер парламенттерінің басшыларымен екіжақты кездесулері межеленген. ТүркПА-ның пленарлық жиынының нәтижесі бойынша Баку декларациясы қорытынды құжатын қабылдау қарастырылуда.

09.06.2014

МӘЖІЛІС - ЕҚЫҰ ПА СЫНДАРЛЫ ҮНҚАТЫСУ

Астана, 9 маусым. Мәжіліс үйі. Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы адам құқығы, демократия және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Исабель Сантушпен (Португалия) кездесті. Тараптар парламенттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту жағдайларын сөз ете келіп, оны нығайту мен тереңдетудің маңыздылығына тоқталды. Кездесу иелерінің айтуынша ол заң шығармашылық үрдісінде оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Жүздесу барысында әсіресе, қылмыстық атқару жүйесінің ерекшеліктеріне айрықша көңіл бөлінді. Сонымен қатар, демократияны дамыту, адам құқын қорғау және сөз бостандығы мәселелеріне қатысты парламенттер арасындағы сындарлы үнқатысуды одан әрі жалғастыру назардан тыс қалмады. Кездесуге сондай-ақ, ЕҚЫҰ ПА адам құқығы, демократия және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшесі Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова және Айгүл Соловьева қатысты.

30.05.2014

ҚАБИБОЛЛА ЖАҚЫПОВ КУБАНЫҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ

Астана, 30 мамыр. Мәжіліс Үйі. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Кубаның Қазақстандағы Төтенше және Толық Өкілетті Елшісі Карлос Энрике Вальдес Де Ла Консепсионды қабылдады. Сұхбаттастар қазақстан-куба ынтымақтастығы мәселелерінің кең ауқымын талқылап, денсаулық сақтау, туризм, спорт салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін перспективалы бағыт ретінде атап өтті. Қабиболла Жақыпов Мәжіліс қызметі туралы айта келіп, депутаттық корпустың Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына кіргізу жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін жүргізіп жатқан заң шығару жұмысына баса мән берді. Өз кезегінде Карлос Энрике Вальдес Де Ла Консепсион Қазақстанның ел Президенті басшылығымен қол жеткізген табыстарын жоғары бағалады. Бұл ретте елші біздің елімізде «Қазақстан-2050» стратегиясында белгіленген мақсаттарға жету үшін толық мүмкіндік бар екеніне сенім білдірді. Қ. Жақыпов және К. Вальдес Де Ла Консепсион қазақстан-куба қатынастарын дамытуға парламентаралық байланыстарды нығайту да өз ықпалын тигізетіні туралы ортақ пікір білдірді.

22.05.2014

Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Халықаралық Көші-қон Ұйымының Оңтүстік-Шығыс, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша аймақтық директоры Рената Хельдпен кездесті.

Қ.Сұлтанов Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары бойынша Комиссияның төрағасы ретінде аталған Комиссияның Халықаралық Көші-қон Ұйымымен бірлескен қызметі жөнінде айтып берді. Р.Хельд Халықаралық Көші-қон Ұйымының Қазақстан мен Орта Азия елдерімен белсенді ынтымақтастығы мен әсіресе, адам саудасымен күрес бойынша әзірлеген бірлескен Баяндамасына ризашылығын білдірді. Кездесуге Халықаралық Көші-қон Ұйымы өкілдігінің басшысы Деян Кесерович пен Комиссия Хатшысы Тастемір Әбішев қатысты.

22.05.2014

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева VII Астана экономикалық форумына келген Ауғанстан Ислам Республикасының әйелдер ісі бойынша министрі Хусн Бану Газанфармен кездесті.

Мәжілістің вице-спикері Ауғанстанда Президент сайлауының бірінші кезеңі табысты өткенімен құттықтап, осы сайлау ел өмірінің алдағы тұрақтылығының жаңа кезеңі болатынына сенім білдірді. Дариға Назарбаева сонымен қатар, Қазақстан Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылық орнағанын қолдайтынын және екі ел арасындағы достық байланыстардың жалғасын табуы үшін әрекет ететінін атап өтті. Сондай-ақ, Мәжілістің вице-спикерінің айтуынша ауған қоғамы үшін Ауғанстан жастарының білім алу бағдарламасы ерекше орын алатын көрінеді. - Бұл ағарту жобасына Қазақстан Президентінің тапсырмасымен 50 миллион доллар бөлініп, жүзеге асырылып отыр. Ауған жастары медициналық, техникалық және арнайы білім алып шығуына мүмкіндік туғызады,- деді Дариға Назарбаева. Өз кезегінде Хусн Бану Газанфар біздің Мемлекеттің Басшысына Ауғанстанның бейбіт дамуына әсер етіп, қолдап отырғандығы үшін алғысын айтып, білім беру бағдарламасының елі үшін маңызына тоқталды. Тараптар әңгіме барысында Орталық Азия елдері әйелдерінің аймақ мемлекеттерінің өзара байланысында, соның ішінде экономикалық байланысты нығайтудағы орнына ерекше назар аударды. Мәжіліс Төрағасының орынбасары қазақстандық әйелдердің елміз дамуының өркендеуіне, әсіресе, Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қосқан үлесіне тоқталды. Ауғанстанның Әйелдер ісі бойынша министрі біздің еліміздің тәжірибесі, әсіресе, әлеуметтік саладағы және әйелдердің кәсіпкерлікке араласуының Ауғанстан үшін маңызын атап өтті. Дариға Назарбаева парламентаралық байланыстар жайында сөз қозғағанда, Ауғанстанда парламентаризмді дамыту қажеттігіне назар аудартты. Сонымен бірге Мәжілістің вице-спикері ауғандық депутат-әйелдердің жетістігін, Ауған парламентінде саны үнемі өсіп, бүгінде 28 % жеткенін атап өтті. Д. Назарбаева мен Х. Газанфар Қазақстан мен Ауғанстан парламентшілерінің, оның ішінде әйел-депутаттар арасындағы байланыстар екіжақты ынтымақтастықты ұлғайтуға орасан үлес қосатындығы жөнінен бір пікірде болды.

03.03.2014

Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулин Мәжілістің шақыруымен Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Финляндия парламентінің төрағасы Ээро Хейнялуомамен кездесті.

Тараптардың атап өткеніндей, қос мемлекет – сыртқы саяси және экономикалық маңызды әріптестер.Екі ел басшыларының етене байланыстары да екі жақты қарым-қатынасты одан әрі қарқынды дамытуға деген құлшыныстың айқын көрсеткіші. Өзара ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының қатарында инновация, «жасыл экономика», білім, сондай-ақ, БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі басқа да халықаралық бірлестіктер мен ұйымдар аясында белсенді іс-қимылды атап өтуге болады. Мәжіліс Төрағасы: - біздің елдеріміздің «жасыл көпір» бағдарламасы шеңберіндегі ықпалдастығы «жасыл» технологиялар саласындағы өзара іс-қимылдың жарқын үлгісі бола алады. Біз финдік әріптестеріміз қазақстандық бастамаға қолдау көрсетіп, «Жасыл көпір» әріптестігі бағдарламасы туралы Хартияға қосылады деп есептейміз,-деді. Қазақстанның болашақ дамуы туралы айтқанда Нұрлан Нығматулин Елбасының «Қазақстан – 2050 Стратегиясын» жүзеге асыру асыл мұраттарға жету жолында барша қазақстандықтарды біріктіргенін атап өтті. Өз кезегінде Ээро Хейнялуома, Қазақстанның аймақтағы және әлемдік аренадағы рөлін жоғары бағалай келіп, біздің еліміз жетістіктері, сондай-ақ Қазақстан дамуындағы тұрақтылық дүниежүзі елдері үшін үлгі екендігін айтты. Бейбітшілікті, тұрақтылықты, қауіпсіздікті нығайту мәселесін сөз еткенде Нұрлан Нығматулин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық антиядролық бастамаларының маңыздылығына тоқталды. Ол бастамалар халықаралық қауымдастықта біздің еліміз жауапкершілігінің жоғары деңгейін көрсетеді. - Қазақстан Еуроодақтың қауіпсіздік мәселесі жөнінде Еуроодақ – Орталық Азия жоғары деңгейлі Үнқатысу құру бастамасын қолдады және оның дамуына барынша ықпал етуге дайын,-деді Нұрлан Нығматулин. Мәжіліс Спикері сондай-ақ, қазақстандық парламентшілердің Таяу Шығыста ядролық қарудан және жаппай қырып жоятын қарудан азат аймақ құру туралы халықаралық конференцияға қатысуға дайын екенін жеткізді. Шара Хельсинки қаласында өтеді деп жоспарланған. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, Қазақстан үшін негізгі басымдықтардың бірі – еуропалық құқықтық кеңістікке қосылу болып табылады. Осыған орай екі ел спикерлері парламентаралық қарым-қатынасқа айрықша назар аударды. Оны дамытуға қос мемлекеттің заңнамалық органдарында құрылған ынтымақтастық жөніндегі топтар өз әсерін тигізбек. Нұрлан Нығматулин мен Ээро Хейнялуоманың атап өткеніндей, өзара іс-қимылды күшейту үшін фракциялар мен комитеттер арасында берік байланыс орнату айрышқа рөл атқармақ. Мәжіліс Төрағасы: - финдік әріптестеріміздің инновациялық дамуды заңнамалық қамтамасыз ету, білім жүйесін жетілдіру, экономикаға «экологиялық» көзқарас саласындағы тәжірибелері біздің ерекше назарымызда. Біз ЕҚЫҰ ПА, Парламентаралық Одақ сынды басқа да халықаралық парламенттік ұйымдар аясында бір-біріміздің бастамаларымызды өзара қолдау мүмкіндігіміз зор,-деп атап өтті. Кездесу соңында Мәжіліс Спикері Финляндия Парламенті Төрағасының сапары екі ел парламенттері арасындағы саяси үнқатысу мен өзара түсіністікті орнықтыруға ықпал ететініне сенім білдірді. Ээро Хейнялуома қазақстандық әріптестеріне тілектестігін білдіріп, парламенттердің екі ел халықтары арасындағы достықты мығым етуге өз үлестерін қоса алатындығын сеніммен айтты.

21.02.2014

Әзірбайжанда ресми сапармен жүрген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Баку мемлекеттік университеті профессорлық- оқытушылық құраммен және студенттермен кездесті.

Жүздесу барысында Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму болашағы, Елбасының Жолдауы, сондай-ақ, қазақстандық-әзірбайжандық ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері назарға алынды. Нұрлан Нығматулин Қазақстан үшін Әзірбайжанмен қарым-қатынасты достық, татукөршілік және стратегиялық әріптестік деңгейінде дамыту Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Парламент Мәжілісінің заң шығармашылық жұмысы да тілге тиек етіліп, әсіресе, Елбасы Жолдауын тиімді жүзеге асыруға бағытталған заң жобаларына назар аударылды. Қос ел байланысының әлеуетіне тоқталған Мәжіліс Спикері мұнай-газ, өндірістік сектор, логистика, ауылшаруашылығы саласында өзара іс-қимылды жетілдіру керектігін алға тартты. - біздің бауырлас елдеріміздің сенімді және үдемелі дамуы екіжақты әріптестіктің табысты нығаюы мен біздің елдеріміз арасындағы өзара тиімді интеграцияға тың серпін беретін болады,- деді Нұрлан Нығматулин. Жиналғандар Қазақстан Президентінің Жолдауына аса қызығушылық танытты. Мәселен, Г. Әлиев атындағы «Әзірбайжан - Қазақстан» республикалық достық қоғамының президенті Эльдар Гюнайдын, - Қазақстан Президентінің Каспий аймағына қатысты мәселелердің барлығын қамтығаны өте маңызды. Меніңше, Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатына жетеді. Біз сіздердің елдеріңіздің жетістіктері үшін мақтанамыз және алдағы уақытта да игілік пен гүлдену тілейміз,-деп ағынан жарылды. Одан әрі Мәжіліс Спикері бірнеше жыл бұрын универиситетте ашылған Абай атындағы қазақ тілі, тарих және мәдениет орталығы тынысымен танысты. Бұл жерде студенттер барлық танымдық құралдарды пайдалана отырып, адамзат ғұламасы атанған Ұлы Абайдың шығармашылығымен танысады. Баку мемлекеттік университеті тарих факультетінің түрік халықтарының тарихы кафедрасының доценті Санубар Исмайлова, -екі елдің әріптестігі стратегиялық маңызға ие. Біздің президенттеріміздің салиқалы саясатының арқасында біздің достық және татукөршілік байланысымыз әрқашанда жоғары деңгейде дамитын болады,-деген ойын ортаға сала келіп, алдағы уақытта да Қазақстан мен Әзірбайжан қарым-қатынасының нығая түсетініне сенім білдірді.

21.02.2014

Бүгін, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Қабиболла Жақыпов Франция Ұлттық Ассамблеясының депутаты, қауіпсіздік пен ынтымақтастық бойынша Парламенттік Ассамблея Ұйымының Еуропа мен Орталық Азиядағы арнайы өкілі Тьерри Марианиді қабылдады.

Тараптар кездесу барысында халықаралық парламенттік ұйым шеңберінде ынтымақтастық пен екі жақты өзара байланыс мәселелерін кең көлемде талқылады. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы мен Қазақстан Парламенті ынтымақтастығына ерекше назар аударылды. Қазақстан-француз қарым-қатынасының стратегиялық серіктестік шеңберінде саяси салада ғана емес, сауда-экономикалық қатынастар, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық шеңберінде де жемісті жетіліп жатқаны айтылды. - Мәдени маусымдар өткізу біздің халықтарымыздың мәдени жағынан ынтымақтаса түсуіне белгілі бір дәрежеде әсер етеді,- деді Вице-Спикер. Мәжілісмендер меймандарды Палатаның кезекті бір заң жұмысымен таныстырды. Мәжілістің 5 сайланымында Палата 183 заң жобасын мақұлдағанын мәлімдеді. Мәжілісте қаралған әкімшілік құқық бұзушылық, қылмыстық, қылмыстық-атқарушылық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне баса назар бөлінгені айтылды. Кездесуге Мәжіліс депутаттары З,Балиева, С.Бычкова, В.Рогалев және Ю. Тимощенколар қатысты.

20.02.2014

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Әзірбайжан Республикасының астанасы Баку қаласына келді.

Спикер екі күндік жұмыс сапары барысында Әзірбайжан Милли Меджилисінің төрағасы Октай Асадовпен кездесіп, алдағы өзара іс-қимыл бағыттарын талқыламақ. Кездесу қорытындысында Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Әзірбайжан Милли Меджилисінің арасында ынтымақтастық туралы Келісімге қол қою жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Нұрлан Нығматулиннің Баку мемлекеттік университеті оқытушыларымен және студенттерімен кездесуі межеленген.

20.02.2014

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Әзірбайжан Милли Меджилисінің Спикері Октай Асадов ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойды.

Екі ел парламенттерінің өзара іс-қимыл бағытының жаңа белесіне жол ашатын маңызды құжатқа Баку қаласында қос мемлекеттің заң шығарушы орган басшыларының кездесуі барысында қол қойылды. Тараптар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев арасындағы ұзақмерзімді құжаттарда белгіленген мақсаттарды жүзеге асыруды құқықтық жағынан қамтамасыз етуге баса назар аудара келіп, келешек өзара іс-қимылдың басым бағыттарын талқыға салды. Келісімге сәйкес, заң шығармашылық жұмысында тәжірибе алмасу жолында қос тарап, парламенттің бейіндік комитеттері арасында жүйелі іс-қимылды реттеуге, парламентаралық ұйымдар аясында үйлестірілген және келісілген мәселелерді ілгерлету жолында өзара ықпалдасуға, сондай-ақ, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясы аясында түркі бірлігін нығайтуға ықпал етпек. Нұрлан Нығматулин мен Октай Асадов қазақстандық – әзірбайжандық ынтымақтастықтың басқа да бағыттарын назардан тыс қалдырмады. Кездесу иелері мемлекет басшыларының келісімдері, стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынас туралы Келісім, сонымен бірге, халықаралық және аймақтық сипаттағы өзекті сауалдар бойынша ұстанымның ұқсастығы екі жақты байланыстың үдемелі дамуына жол ашатынына сенімді. Нұрлан Нығматулин: - Әзірбайжан Қазақстанның кавказ өңіріндегі негізгі және сенімді әріптесі. Және біздің президенттеріміздің бастамасымен құрылған түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі түркі халықтарын біріктіруде маңызды рөл атқарады»-, деді. Қос Спикердің пікірінше, біздің елдеріміздің, инвестициялық салада мұнай және газ тасымалдау бойынша, ауылшаруашылығы, көлік және коммуникация, басқа да экономикалық салаларда ынтымақтастық мүмкіндігі өте зор. Аймақтық ынтымақтастықты нығайтуда Баку – Ақтау – Баку бағыты бойынша паромдық қатынас, сондай-ақ, Ақтау және Баку халықаралық теңіз сауда порттары арасында тығыз байланыс орнаған. Өзара сұхбаттың маңыздылығына тоқталған Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин: - Әзірбайжан елінде өткен барлық кездесулерде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңызды бастамаларына ерекше назар аударатынына куә болдық. Және ол бастамалар екі елдің, соның ішінде, заң шығарушы органдар арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға ықпал ететіні айтылды. Сондықтан да біздің Парламенттеріміз арасында арнайы Келісімге қол қойылды. Әрине, бұл Құжат біздің Елбасының және Әзірбайжан Президентінің Стратегиялық келісімдерін заң жағынан қолдауға, сонымен бірге, біздің елдеріміздің келешекте табысты дамуына үлес қосатыны сөзсіз,-деді.

13.02.2014

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рокас Бернотасты қабылдады.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Литва арасындағы өзара түсіністіктің жоғары деңгейін, сондай-ақ, халықаралық және аймақтық саясаттағы өзекті тақырыптар төңірегіндегі ұстанымның ұқсастығын алға тартты. Нұрлан Нығматулин Литва Республикасына 2014-2015 жыл аралығында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде жұмысқа кірісуіне байланысты өз құттықтауын жеткізді. Қауіпсіздік туралы сөз еткенде Мәжіліс Төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғаламдық қауіп-қатерлерге төтеп беруге бағытталған халықаралық бастамаларына баса назар аударды. - Қазақстан Еуроодақтың қауіпсіздік мәселесі бойынша Еуроодақ – Орталық Азия жоғары деңгейлі Сұхбат құру бастамасын қолдады және оның дамуына тиісті деңгейде ықпал етуге дайын. Мұндай тетіктер бүкіл әлемде, соның ішінде біздің аймақтарымызда тыныштықты сақтауға өзіндік үлес қосатыны сөзсіз,-деді Нұрлан Нығматулин. Спикердің атап өткеніндей, сондай-ақ, Еуропа Кеңесімен әріптестік қатынасты дамыту, еуропалық құқықтық кеңеске қосылу біздің еліміз үшін басым бағыттардың бірі болып табылады. Ал, әлеуметтік-экономикалық даму туралы сөз еткенде, Нұрлан Нығматулин Елбасы Жолдауының маңызды бағыттарын жүзеге асыру қазақстандықтар үшін де, сонымен бірге, шетелдік компаниялар үшін де оңтайлы жағдай жасайтынын атап өтті. Өз кезегінде Рокас Бернотас Қазақстанның Литва үшін аймақтағы өте маңызды әріптес екенін атап өтті. Кездесу иелерінің пікірінше, қос мемлекет әріптестігінің маңызды бөлігі болып табылатын екі елдің парламентарлық ынтымақтастық мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Тараптар Қазақстан мен Литваның заң шығарушы органдары арасындағы байланысты кеңейту жолдарын талқылады, бұл ретте әртүрлі бағыттар бойынша тәжірибе алмасу маңызды болмақ. Әсіресе, ынтымақтастық жөніндегі топтар мен комитеттер байланысын нығайту қажет. Мәжілісте Литва Республикасының Сеймімен ынтымақтастық жөнінде топ жұмыс істейді. Құрамында 11 депутат бар. Ал ағымдағы жылы Сейма Спикерінің Мәжіліске ресми сапары жоспарланып отыр. Тараптар бұл екі ел парламенттері, сондай-ақ, жалпы Қазақстан мен Литва арасындағы қарым- қатынасты нығайтуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

30.01.2014

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Үсенгелді Медеуов Страсбург қаласында (Француз Республикасы) Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының жыл сайын өтетін сессиясының бірінші бөлігінің жұмысына қатысуда.

Шараға қатысушылар адам құқы, теңсіздік пен кемсітпеушілікке қатысты демократия институттарының жұмыс жасауы мәселесін талқылауда. Одан басқа, сессия барысында Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясына Төрағалыққа Люксембургтік депутат Анн Брассер сайланды.

30.01.2014

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азиядағы босқындар ісі бойынша Жоғарғы комиссары Басқармасының аймақтық өкілі Сабер Азаммен кездесті.

Кездесу барысында тараптар халықаралық мәселелерге қатысты күн тәртібінде тұрған бірқатар мәселені талқылады. Солардың қатарында Ауғанстандағы жағдайды қоса қарастырып, Халықаралық қауіпсіздікке әсері бар екендігіне тоқталды. Одан басқа Қазақстандағы босқындарға арналаған ереже бойынша сындарлы пікір алмасып, құжатсыз жүргендердің (олардың арасындағы азаматтығы жоқтар) мәселелерін шешу жолдарының мүмкіндігін ақылдасты.

27.01.2014

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко бастаған қазақстандық мәжілісмендер Мәскеуде өткен ҚР Парламенті Мәжілісі мен РФ Мемлекеттік Дума Федералдық Жиналысы арасындағы ынтымақтастық бойынша палатаралық комиссияның тоғызыншы отырысына қатысты.

Отырыс қазақстандық тараптан Мәжілістің вице-спикері, Комиссияның теңтөрағасы Сергей Дьяченко мен ресейлік тараптан РФ Мемлекеттік Дума Федералдық Жиналысының орынбасары, Комиссияның теңтөрайымы Людмила Швецованың төрағалығында өтті. Кездесу шеңберінде қазақстандық және ресейлік парламентшілер екі жақты ынтымақтастықтың өзара пайдасына қатысты мәселелерді кең ауқымда талқылап, сонымен бірге оларды заңнамалық жолмен қамтамасыз етуді қарастырды. Парламентшілер әсіресе, екі ел басшыларының өткен жылдың қараша айында Екатеринбургте Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының аймақтық мерекелік 10-шы Форумы шеңберінде қол қойылған Қазақстан мен Ресей арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен ынтымақтастық туралы Шарттарды жүзеге асырудың келешегіне айырықша көңіл аударды. Бірлескен талқылауға қазіргі замандағы қауіп пен қатер (наша тасымалы, лаңкестік, адам саудасы), агроөндірістік кешен саласын өркендету, білім, ғылым, жаңа технологиялар, инновациялық өндіріс, сауда, экономика мен өндіріс, экология және қоршаған ортаны қорғау, мәдени-гуманитарлық сала, сондай-ақ шекара маңайы және аймақаралық ынтымақтастық мәселелері тақырып болды. Тараптар Комиссияның келесі отырысының күн тәртібін талқылайтын жұмысшы тобын құруға келісті. Комиссияның оныншы – мерекелік отырысын келер жылдың басында Астанада өткізуді жоспарлап отыр.

21.01.2014

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джон Ордвеймен кездесті.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқыға салған кездесу иелері Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында айтылған басым бағыттарды алға тарта келіп, Қазақстанның даму болашағын сөз етті. Мәжіліс Төрағасының атап өткеніндей, алдағы уақытта Қазақстан парламентшілерінің алдында инновациялық индустрияландыруды одан әрі дамыту, агронеркәсіптік кешен, қазақстандықтарды әлеуметтік қорғауды жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнес, мемлекеттік институттар жұмыстарын одан әрі дамыту үшін заңнамалық тетікті жетілдіруге арналған аса ауқымды міндеттер тұр. - Депутаттық корпус Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы сияқты еліміз үшін маңызды стратегиялық құжаттың мықты заңнамалық негізін қалыптастыруды қамтамасыз етеді, - деді Нұрлан Нығматулин. Өз кезегінде Джон Ордвей Елбасы Жолдауының Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер көкжиегін кеңейтетінін баса айта келіп, біздің еліміздің жоғары даму қарқынына тоқталды. Нұрлан Нығматулин мен Джон Ордвей сондай-ақ, Қазақстан мен АҚШ Президенттерінің G20 Саммиті алаңындағы ядролық қаруды таратпау және аймақтық қауіпсіздік салаларындағы әріптестікті нығайту мәселелерін талқылаған маңызды кездесулерін еске ала отырып, барлық салада қазақстандық-американдық қатынасты нығайту қажеттілігін тілге тиек етті. Қазақстанның сыртқы саяси қызметі, атап айтар болсақ, біздің еліміздің Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қатысу жайы да назардан тыс қалмады. Мәжіліс Спикері Қазақстан заңнамашыларының әсіресе, салалық комитеттер және Мәжіліс пен АҚШ Конгресінің ынтымақтастық жөніндегі топтары арқылы қос ел арасындағы парламенттік байланысты дамытуға айрықша назар аударатынын атап өтті. Нұрлан Нығматулин мен Джон Ордвей алдағы уақытта да өзара табысты іс-қимыл жолында Қазақстан мен АҚШ әлеуетінің зор екендігін атап өтті.

09.01.2014

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Корея елінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Пэк Чу Хёнды қабылдады.

Кездесу барысында тараптар қос елдің президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Пак Кын Хенің екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы айрықша үлестерін алға тарта отырып, Қазақстан мен Корея қарым-қатынасының стратегиялық маңызына назар аударды. Одан әрі парламентаралық өзара іс-қимыл тақырыбы сөз болып, Нұрлан Нығматулин оның мемлекет басшыларының келісімдерін тиімді жүзеге асыруға ықпал ететінін атап айтты. Өз кезегінде Пэк Чу Хён біздің еліміздің экономикалық қарқынын жоғары бағалады. Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы өткен жылдың 9 айы ішінде 1 млрд. АҚШ долларын құрады. Бүгінгі күні біздің елімізде оңтүстіккореялық капиталдың қатысуымен 700 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Елшінің айтуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Қазақстан ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің жарқын үлгісі болып табылады. Бұл бүкіл әлемде өте жоғары бағаланады. Нұрлан Нығматулин Кореялық тараптың Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, сондай-ақ, ядролық қарусыздану және таратпау жөніндегі форум жұмыстарына белсене қатысуы екі ел үшін де зор маңызға ие екендігін сеніммен жеткізді. Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы Оңтүстік Кореяның халықаралық көрме өткізудегі өзіндік тәжірибесі мен табысын еске ала отырып, аталған елдің компания өкілдерін ЭКСПО -2017 көрмесінің дайындық жұмыстарына қатысуға шақырды. Кездесу иелері екі ел қарым қатынасын, соның ішінде, парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтуға сенім білдірді.