Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Халықаралық қызмет


13.12.2022

Мәжіліс төрағасы Пәкістан Ислам Республикасына ресми сапармен барды

Исламабад, 13 желтоқсан. Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының спикері Раджа Первез Ашрафтың шақыруымен Қазақстан Парламенті Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов бастаған делегация Исламабадқа барды. Сапар барысында Ерлан Қошанов Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының спикері РаджаПервез Ашрафпен кездесіп, екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Мәжіліс спикері әріптесін Пәкістан Тәуелсіздігінің және Парламентінің 75 жылдығымен құттықтады. Бауырлас елге бақ-береке тілеп, Пәкістан Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды серіктесі екенін атап өтті. Биыл елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Осы уақыттың ішінде Қазақстан мен Пәкістан жан-жақты ынтымақтастық орнатып, біраз табысқа қол жеткізді,– деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс Төрағасы қазіргі таңда Қазақстанда маңызды тарихи оқиғалар болып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауқымды саяси реформалар жүргізіліп жатқанына назар аударды. – 20 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланды. Келесі жылы Парламент сайлауын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – біздің еліміздегі парламентаризмнің даму тарихындағы жаңа кезең. Жаңа заңнамаға сәйкес саяси партияларды тіркеу рәсімдері едәуір жеңілдеді. Нәтижесінде сайлаудан кейін Мәжілісте саяси партиялардың саны артады деп ойлаймыз. Бұл Парламенттің қоғамдағы рөлі мен беделін нығайтуға септігін тигізеді, – деді Ерлан Қошанов. Өз кезегінде, Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының спикері Раджа Первез Ашраф парламенттік дипломатияның маңыздылығына тоқталды. – Парламентаралық ықпалдастық жалғаса береді. Біздің әлеуетіміз зор. Энергетика, қауіпсіздік, азық-түлік, әскери саладағы әріптестікті дамыта аламыз. Сонымен бірге бауырлас халықтарымыздың достығын нығайту маңызды. Біздің мақсатымыз – Орталық Азия елдерімен байланысты күшейту, – деді Раджа Ашраф. Қазіргі уақытта екі ел парламенттерінің байланысы жан-жақты дамып келе жатыр. «Қазақстан-Пәкістан» достық тобы табысты қызмет етуде. Бүгін екі ел депутаттары парламентаралық ынтымақтастықты арттыруға бағытталған осы топтың алғашқы отырысына қатысты. Басқосуда достық топтар мен комитеттерзаңнама саласында тәжірибе алмасу жөнінде келісті. Сапар аясында Ерлан Қошанов Пәкістанның Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен кездесті. Онда Мәжіліс төрағасы Пәкістан Премьер-министріне Қазақстан Президентінің ыстық сәлемі мен зор ықыласын жеткізді. – Сіздің Қасым-Жомарт Тоқаевпен қысқа уақыттың ішінде екі рет кездесуіңіз елдеріміздің достығын тереңдетіп, байланысымызды арттыра түсуде. Осындай жоғары деңгейдегі қатынастарымыздың жалғасы ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы уақытта Исламабадқа ресми сапары жоспарланып отыр. Бұл сапар достас елдер арасындағы тығыз қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, одан әрі дамуына зор серпін беретініне сенімдімін, – деді Мәжіліс спикері. Ерлан Қошанов Пәкістан мемлекеті Қазақстан Тәуелсіздігін ең алғашқылардың бірі болып таныған ел екенін ерекше атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас жыл санап артып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 100 миллион долларға жуықтады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайып отыр. Пәкістан Премьер-министрі Шехбаз Шариф екі жылда Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-саттықты екі есе арттырға мүмкіндік бар екеніне баса мән берді. – Бүгінгі Ұлттық Ассамблеяның спикерімен кездесуіңіз табысты болды деп ойлаймын. Парламенттеріміздің байланысы нығайып, экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге барлық мүмкіндік бар. Әсіресе, сауда-саттық, логистика, ауыл шаруашылығы, білім мен ғылым саласындағы серіктестіктің әлеуеті зор. Президент Тоқаевқа менің ыстық сәлемімді жеткізуіңізді сұраймын. Алдағы кездесуімізді асыға күтемін және жемісті өтетініне кәміл сенемін, – деді Шехбаз Шариф. Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы Пәкістан Президенті Ариф ур-Рехман Алвимен және Пәкістан Сенатының төрағасы Мухаммад Садик Санджранимен жеке-жеке кездесті. Мәжіліс төрағасы 230 миллионнан астам халқы бар Пәкістан нарығы Қазақстан үшін үлкен қызығушылық тудырып отырғанына мән берді. – Пәкістанның теңіз порттарына шығу еліміз үшін тиімді болар еді. Біз астық, энергоресурстар және басқа да тауарларды экспорттау мүмкіндігін пысықтап жатырмыз. Бізге өңірлік транзиттік және логистикалық инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор, – деді Ерлан Қошанов. Сондай-ақ кездесулерде халықаралық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Тараптар достық байланыстарқос ел көшбасшыларының өзара тиімді ықпалдастығының жемісі екеніне назар аударды. Екіжақты байланысты күшейтуге бағытталған бұл жұмыстар Парламент деңгейінде қызу жалғасады.

08.12.2022

Өзбекстаннан келген медиа-заңгерлер Мәжіліс жұмысымен танысты

Астана, 8 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте «Құқықтық медиа орталық» қоғамдық қоры Internews Network-тың Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп ұйымдастырған тағылымдама аясында өзбекстандық медиа-заңгерлерге арналған экскурсия өтті. Өзбекстаннан келген қонақтарды Мәжіліс депутаттары Дмитрий Колода мен Игорь Панченко қарсы алды. Олар бірлескен және жалпы отырыс залдарын аралап, Палатадағы заң шығару жұмыстарымен танысты. «Құқықтық медиа орталықтың» заңгері Гүлмира Біржанованың айтуынша, тағылымдамадан өтушілер медиа саласындағы заңнаманы дамытуға қызығушылық танытып отыр. – Парламенттегі ашықтық деңгейінің жоғарылығы маған ерекше әсер етті. Шетелдік сарапшылар ретінде біз Мәжіліске келіп, депутаттармен тікелей байланыс жасадық. Оларға сұрақтарымызды қойып, кәсіби қызметімізге қажетті қызықты әрі маңызды ақпарат алдық. Бұл тәжірибені Өзбекстанға да енгізу керек деп ойлаймын, – дейді тағылымдама қатысушысы Мәдина Тұрсынова. Жұмыс топтарындағы заң жобаларын талқылаулар жұртшылықтың қатысуымен өтетіні, жоба мәтіндері мен салыстырмалы кестелер және басқа да құжаттардың ресми сайттағы қолжетімділігі – Палата жұмысындағы қонақтарды таң қалдырған жайттардың бірі болды.

05.12.2022

Ерлан Қошанов ҰҚШҰ елдеріне терроризмге қарсы іс-қимыл туралы модельдік заң қабылдауды ұсынды

Мәскеу, 5 желтоқсан. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстанның парламенттік делегациясы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблеясының кезекті отырысына қатысу үшін Мәскеуге жұмыс сапарымен барды. Кеңестің бірлескен отырысына және ҰҚШҰ ПА XV пленарлық отырысына қатысушылар Армения Республикасының 2021-2022 жылдардағы Ұйымға төрағалығының қорытындылары мен Беларусь Республикасының алдағы төрағалығы кезіндегі басымдықтары туралы ақпаратты тыңдады. Мәжіліс спикері өз сөзінде өңірде тұрақтылық пен қауіпсіздікке нұқсан келтіретін түрлі қауіп-қатерлер мен қақтығыстардың өзекті болып отырғанына назар аударды. Мұндай жағдайларда ашық диалогтың маңыздылығын Қазақстан Президенті талай мәрте атап өткен болатын. Е.Қошановтың айтуынша, осы тұста ҰҚШҰ елдері парламенттеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы Ұйымға мүше елдердің терроризммен күрес саласындағы ұлттық заңнамаларын үйлестіруге мүмкіндік беретін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» жаңа модельдік заңын әзірлеуді ұсынды. – Терроризм қауіпсіздік пен тұрақтылыққа үлкен қауіп төндіреді. Ол заңсыз көші-қонның, трансшекаралық қылмыстың, заңсыз қару-жарақ пен есірткі тасымалының артуына ықпал етеді. Бізге осы сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұрудың нақты құқықтық тетіктерін қалыптастыратын ҰҚШҰ елдерінің модельдік заңнамасының сапалы базасын қамтамасыз ету керек, – деді Е.Қошанов. Отырыста Ұйымға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасын жақындастыру және үйлестіру бойынша ҰҚШҰ ПА-ның қолданыстағы іс-шаралар бағдарламасын іске асыру аясында бірқатар модельдік құқықтық акті қабылданды. Соның ішінде отын-энергетикалық кешен объектілерінде терроризмге қарсы іс-қимыл, халықаралық терроризмнің ҰҚШҰ елдеріне енуі мүмкін арналарға тосқауыл қою, ҰҚШҰ модельдік актілерін қабылдау үшін әзірлеудің және дайындаудың әдістемелік негіздерін жетілдіру бойынша ұсынымдар бар. Сонымен қатар отырыстың күн тәртібіндегі мәселелердің бірі биылғы 20 қарашада өткен Қазақстандағы президенттік сайлауды бақылауға қатысқан ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы мониторингтік тобының қорытындылары туралы болды. ҰҚШҰ ПА миссиясының қорытындысына сәйкес, сайлау халықаралық нормалар мен ұлттық заңнамаға толығымен сәйкес өтті. Айта кету керек, ҰҚШҰ ПА құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан парламенттерінің өкілдері кіреді. Онда әлеуметтік-экономикалық және құқықтық мәселелер, саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері бойынша үш тұрақты комиссия жұмыс істейді.

15.11.2022

Мәжіліс Қазақстан мен Молдова арасындағы парламентаралық байланысты одан әрі нығайтуға келісті

Астана, 15 қараша, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан Молдова Республикасының Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Елшісі Лилиан Дариймен кездесті. Онда елдер арасындағы екіжақты және парламентаралық ынтымақтастықты нығайту және дамыту мәселелері талқыланды. Кездесуді ашқан Айгүл Құспан Лилиан Дарийды Қазақстандағы Елші қызметіне тағайындалуымен, сондай-ақ Молдованың ЕО мүшелігіне үміткер мәртебесін алуымен құттықтады. Депутат елдер парламенттері арасындағы жемісті ынтымақтастыққа қазақстандық тараптың дайын екенін жеткізді. – Біз парламентаралық байланысты нығайтуды мақсат етіп отырмыз, өйткені, байқағанымдай, парламентарийлер екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға елеулі үлес қоса алады. Спикерлердің сапарлары аясында да, сондай-ақ достық топтары және тиісті комитеттер мен комиссиялар арқылы да араласуға болады, – деді А.Құспан. Лилиан Дарий, өз кезегінде, Орталық Азия ол үшін таныс аймақ екенін, Қазақстанға жиі келетінін атап өтіп, өзінің жаңа мәртебесінде табысты жұмыс атқаратынын жеткізді. – Қазақстан – біз үшін өте маңызды серіктес. Қазіргі аймақтық жағдайға қарасақ, менің ойымша, Орталық Азия аймағының және ең алдымен Қазақстанның энергетика саласындағы рөлі артады деп ойлаймын. Біз Молдоваға көмірсутектер мен мұнай өнімдерін жеткізу үшін көлік дәліздерін әртараптандыруға ниеттіміз. Елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықтың келешегі бар. Бұл ретте біз Қазақстанның ұстанымы мен сыртқы саясатын жоғары бағалаймыз, – деді елші өз сөзінде. Кездесу нәтижесінде тараптар Қазақстан мен Молдова арасындағы екіжақты ынтымақтастық аясында парламентаралық байланысты одан әрі нығайтуға келісті.

28.10.2022

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан ТМД ПАА іс-шараларына қатысты

Астан, 28 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан 27-28 қазанда Самарқанд қаласында (Өзбекстан Республикасы) өткен ТМД Парламентаралық Ассамблеясының іс-шараларына қатысты. Айгүл Құспан жетекшілік еткен саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Тұрақты комиссияның отырысында депутаттар ТМД мемлекеттеріндегі сайлау процестерін заңнамалық қамтамасыз ету, сайлау, референдум туралы үлгілік заңдар және олардың мониторингі мәселелерін талқылады. ТМД ПАА Кеңесінің отырысында делегация басшылары қауіпсіздік, экономикалық даму, мемлекеттік құрылыс, білім беру, мәдениет, ақпарат және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін қарастырып, ТМД кеңістігіндегі сайлау науқандарының мониторингі туралы ақпаратты тыңдады. 54-жалпы отырыста парламентшілер экономика, құқықтық және гуманитарлық салалардағы бірқатар үлгілік заң мен ұсынымдық құжаттарды, 2023-2025 жылдарға арналған үлгілік заң шығарудың ұзақ мерзімді жоспарын және Ассамблеяның келесі жылға арналған жұмыс жоспарын қабылдады.

20.10.2022

Мәжіліс төрағасы венгрлік депутатпен ынтымақтастықты нығайту туралы келісті

Астана, 20 қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Венгрия Мемлекеттік Жиналысы төрағасының орынбасары Шандор Лежакпен кездесті. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішінде көпжақты ынтымақтастық нығайып, стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Бүгінде тараптар стратегиялық әріптестік туралы декларация мен Қазақстан-Венгрия Стратегиялық кеңесі шеңберінде өзара іс-қимылды жалғастыруда. Тараптар елдеріміз арасындағы екіжақты саяси диалогтың маңызды бағыты болып саналатын парламентаралық қатынастарды нығайту және жандандыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл туралы әңгіме барысында түркі ұйымдары аясындағы ынтымақтастық мәселесі де сөз болды. Ерлан Қошанов халықтарымызды тығыз тарихи байланыстар, ұлттық мәдениет пен дәстүрді жаңғырту мен сақтауға деген ұмтылыс біріктіретінін атап өтті. Сондай-ақ Палата Спикері Лоранд Этвёш атындағы университетте венгр тілін үйренуге ниетті қазақстандық студенттер мен қазақ тілі курстарына қатысатын венгр жастарының саны артып келе жатқанын айтты. - Қазақтың бас ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы Венгрияда танымал болып келе жатқанына қуаныштымын. Сіздің ұлттық мәдениетті, рухани дамуды, білім беруді қорғау және дамыту туралы идеяларыңыз, сондай-ақ «Лакителек» халық институты Абайдың ағартушылық қызметімен жақын екенін атап өткім келеді, – деді Мәжіліс төрағасы. Әңгіме барысында Ерлан Қошанов венгрлік спортшыларды 2024 жылы Қазақстанда өткізуі жоспарланып отырған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды. Венгрия Мемлекеттік Жиналысы төрағасының орынбасары Мажарстан Парламенті тарапынан Қазақстанмен барлық салада ынтымақтастықты дамыту үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты. - Біз үшін Қазақстан мен бауырлас елдер басты орында тұрады. Туыстық және бауырластық қарым-қатынас өте маңызды капитал болып саналады, – деді Шандор Лежак. Венгрия Парламентінің Вице-спикері Лакителек қаласында венгер Үкіметінің гранты бойынша білім алып жатқан 300 қазақстандық студент туралы жылы лебізін білдірді.

18.10.2022

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан Парламентаралық одақтың 145-Ассамблеясына Қазақстан атынан қатысты

Астана, 18 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан 11-15 қазан аралығында Руанда астанасы Кигали қаласында өткен Парламентаралық одақтың (ПАО) 145-Ассамблеясына және оның аясындағы басқа да іс-шараларға қатысты. Ассамблеяға 122 елдің парламентшілері, 32 халықаралық және парламентаралық ұйымдардың өкілдері келді. Кездесудің негізгі тақырыбы – гендерлік теңдік және гендерлік мәселелерді тұрақты да мықты бейбіт өмірдің қозғаушы күші деп санайтын парламенттер болды. Ассамблеяның ашылу салтанатында Руанда Республикасының Президенті Поль Кагаме, Руанда Парламенті Депутаттар Палатасының Төрағасы Донатиль Мукабалиса, ПАО президенті Дуарте Пашеку, ПАО Бас хатшысы Мартин Чунгонг сөз сөйлеп, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бейнеүндеу жасады. Жалпы пікірсайыс барысында Айгүл Құспан баяндама жасады. Ол Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің гендерлік теңдік жөніндегі қарарларын орындауы, сондай-ақ ҚР 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру барысы туралы айтты. Бұдан бөлек депутат шараға қатысушыларды қазақстандық сайлау заңнамасындағы партиялық тізімдерді қалыптастыру мен депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға 30 пайыздық квота енгізуге қатысты өзгерістермен таныстырды. Парламентаралық одақтың 145-Ассамблеясының нәтижесінде гендерлік теңдік және гендерлік мәселелерді тұрақты да мықты бейбіт өмірдің қозғаушы күші деп санайтын парламенттердің Кигали декларациясы қабылданды. Бұл құжат одақ мүшелерін мемлекеттік органдар мен қоғамда гендерлік теңдікті ілгерілету жөніндегі күш-жігерін жандандыруға шақырады. Декларация парламенттерге саяси шешімдерді қабылдау кезінде тепе-теңдікке қол жеткізу үшін сайлау гендерлік квоталарын енгізуді; заң жобаларын және бюджетті құру кезінде гендерлік перспективаның ескерілуін қамтамасыз етуді; халықтың осал топтарын парламент әрекетінің орталығына қоюды; гендерлік кемсітушілік пен зорлық-зомбылықты тоқтатуды ұсынады. Сонымен қатар «Халықаралық көші-қон деңгейі жоғары елдердің жергілікті және аймақтық дамуына парламенттік серпін, мемлекет қаржыландыратын адам саудасы және адам құқықтарын бұзуды қоса алғанда, барлық нысандарын тоқтату» қарары қабылданды. Оны ПАО-тың Демократия және адам құқықтары жөніндегі Тұрақты комиссиясы әзірлеген. Қосымша іс-шаралар аясында Айгүл Құспан Әзербайжан, Армения, Беларусь, Ресей және Өзбекстан парламентшілерінің қатысуымен «Еуразия» ПАО геосаяси тобының отырысын өткізді. Олар Ассамблеяның күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап, ПАО органдарындағы бос лауазымдарға үміткерлерді анықтады. Сондай-ақ депутат Парламентаралық одақтың геосаяси топтары мен Тұрақты комитеттері төрағаларының бірлескен отырысында сөз сөйлеп, онда Еуразиялық топтың атқарған жұмыстары, Парламенттің бұрын қабылданған қаулыларының орындалу барысы туралы баяндады. Ассамблея аясында депутат Африка парламенттік ұйымдарының өкілдерімен, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Индонезия, Намибия, БАӘ, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция және т.б. парламенттік делегациялар басшылары және мүшелерімен ынтымақтастықты нығайту мен орнату мақсатында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Парламентаралық одақтың 146-Ассамблеясы келесі жылы Бахрейн астанасы Манама қаласында 11-15 наурыз аралығында өтеді.

04.10.2022

Мәжіліс депутаты Андорра Сыртқы істер министрімен кездесті

Нұр-Сұлтан, 4 тамыз, Мәжіліс үйі. Мәжілісте Қазақстан мен Андорра арасындағы саяси және экономикалық байланысты арттыру мәселесі талқыланды. Мәжіліс депутаты, Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Қазақстанға ресми сапармен келген Андорра Сыртқы істер министрі Мария Губах Фонт бастаған делегация өкілдерімен кездесті. «Елдеріміз арасындағы саяси және экономикалық екіжақты байланыстардың тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өткен жөн. Соның ішінде, туризм саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор деп ойлаймын», – деді А.Құспан. Кездесу барысында қос ел арасында сауда, инвестиция және цифрландыру саласында да әріптестікке қол жеткізу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ тараптар Қазақстан мен Андорра арасындағы серіктестіктің одан әрі тереңдеуіне сенім білдірді.

30.09.2022

Ерлан Қошанов Түркияда IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты

Түркия Республикасы Изник қаласы. 30 қыркүйек. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Көшпенділер ойындарына әлемнің 102 елінен 3 мыңнан астам спортшы қатысуда. Қазақстанның атынан 50 спортшы сайыстың бес түрінен бақ сынасады. Олар – көкпар, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, көк бөрі. Мәжіліс Төрағасы дүбірлі дода алдында Қазақстан құрама командасы мүшелерімен арнайы кездесті. Оларға Мемлекет басшысының жылы лебізін жеткізіп, жеңіс тіледі. Мәжіліс Спикері Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бауырлас елдердің мәдени байланыстарын күшейтіп, түркі әлемінің ортақ құндылықтарын әлемге паш етуде маңызы зор екенін атап өтті. – Қазір күллі Қазақстан халқы сіздерге жанкүйер болып отыр. Қоржындарыңыз алтынға толсын. Қазақ спортшыларының қандай мықты екенін дүбірлі додада дәлелдеп, ел абыройын асқақтата беріңіздер, – деді Мәжіліс Спикері. Іс-шара аясында Ерлан Қошанов Түркия Республикасының Президенті Режеп Таийп Ердоғанмен кездесті. Мәжіліс Төрағасы Атажұрттан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен зор ықыласын жеткізіп, Түркияда алғаш рет өткізіліп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылуымен құттықтады. – Жыл өткен сайын біздің мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық артып келе жатыр. Бұл Өзіңіздің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен достық қарым-қатынастарыңыз бен жемісті диалогтың нәтижесі деп білемін. Осы орайда Сіздің осы жылғы қазан айына жоспарланған Қазақстанға сапарыңызды асыға күтудеміз. Бұл сапар бауырлас елдеріміздің арасындағы тығыз қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, одан әрі нығайуына зор мүмкіндік туғызатынына сенімдіміз, – деді Ерлан Қошанов. Өз кезегінде, Түркия Президенті Қазақстанның түркі әлемі мен Түркі мемлекеттері ұйымындағы маңызды рөлін атап өтіп, Мәжіліс Спикеріне IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына қатысқаны үшін ризашылығын білдірді. – Қазақстандағы тұрақтылық бүкіл өңір үшін маңызды. Бұл орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформалары мен кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу жөніндегі бастамасын қолдаймын. Қазақстандағы үдерістерді ерекше бақылап отырмын. Жалпы, Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қатынастар жоғары деңгейде дамып келеді. Осы орайда парламентаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы зор, – деді Р.Т.Ердоған. Мәжіліс Спикері Қазақстан Парламенті мен Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысы арасындағы, соның ішінде парламентаралық ұйымдар аясында екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі аухалы туралы баяндап, бірлескен жұмыс барлық сала бойынша белсенді жалғаса беретінін айтты. Мәжіліс Төрағасы Қазақстан келесі V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөнінде ұсыныс бергенін айтып, түркі қоғамдастығы оны қолдайтынына сенім білдірді. Сонымен бірге Ерлан Қошанов Түркияның бұрынғы Премьер-Министрі Бинали Йылдырыммен кездесіп, тараптар екі ел ынтымақтастығының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

21.09.2022

Мәжіліс депутаттары ДДҰ-мен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Астана, 21 қыркүйек, Мәжіліс Үйі. Мәжіліс депутаттары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клумен кездесіп, өзара іс-әрекеттің өзекті мәселелерін талқылады. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева Денсаулық сақтау мәселелерін жүзеге асыруда ұзақ мерзімді бірлескен ынтымақтастық пен қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Мәжіліс вице-спикері азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелері әрдайым мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін атап өтті. Қазақстан ең озық халықаралық стандарттар мен технологияларға бағытталған денсаулық сақтау жүйесін дамытуда. Бұған 2025 жылға қарай денсаулық сақтауға жұмсалатын мемлекеттік шығыстардың ЖІӨ-ден 5 пайызға дейін кезең-кезеңімен ұлғаюы дәлел бола алады. ДДҰ өңірлік бюросының директоры жалпы алғанда, Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту мәселелеріндегі өзгерістердің оң қарқынын атап өтіп, республикада салауатты өмір салты бойынша тұрақты дамудың жаһандық мақсатына қол жеткізу үшін жақсы жағдай жасалғанына тоқталды. Ханс Клуге сондай-ақ заңнаманы жетілдіру мәселелерінде қазақстандық парламентарилермен жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендігі білдірді. Қазақстан тарапынан кездесуге Мәжіліс депутаттары Жәмиля Нұрманбетова, Зарина Камасова, Гүлдара Нұрымова, Лариса Павловец, Ғалымжан Елеуов және денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қатысты.

15.09.2022

Мәжіліс пен Парламентаралық одақ ынтымақтастықты нығайту жөнінде келісті

Прошло пленарное заседание под председательством Спикера Мажилиса Ерлана Кошанова. Депутаты одобрили ратификацию Договора между Казахстаном и Туркменистаном о делимитации границы и разграничении смежных участков рыболовных зон на Каспийском море и приняли в работу законопроект по вопросам государственной службы. Заседание нижней палаты Парламента началось с рассмотрения нового законопроекта по вопросам государственной службы. Проект представил мажилисмен, председатель комитета по законодательству и судебно-правовой реформе Арман Кожахметов. – Законопроект направлен на выполнение поставленных Главой государства задач по изменению ответственности за государственное управление, кадровую политику, систему принятия решений и их реализацию, - отметил Арман Кожахметов. Кроме того, поправки предусматривают совершенствование механизма ротации и стимулирование ротации госслужащих в регионы. Депутаты определили сроки подготовки заключения по законопроекту и приняли его в работу. Вторым вопросом в повестке стало рассмотрение проекта закона «О ратификации Договора между Казахстаном и Туркменистаном о делимитации казахстанско-туркменской государственной границы и разграничении смежных участков рыболовных зон на Каспийском море». Договор был совершён в Ашхабаде в октябре прошлого года. – Договор завершит процесс делимитации государственной границы Республики Казахстан на южных рубежах и станет первым в истории документом, юридически закрепляющим государственные границы на Каспийском море между прибрежными государствами, - сообщил Заместитель Премьер-Министра – Министр иностранных дел Казахстана Мухтар Тлеуберди. Принятие Договора устранит возможные предпосылки для возникновения споров с Туркменистаном касательно разграничения дна Каспия между государствами, повысит инвестиционную привлекательность казахстанского сектора дна Каспийского моря и обеспечит благоприятные условия для реализации суверенных прав на недропользование и промысел водных биологических ресурсов. Депутат Зарина Камасова поинтересовалась, не скажется ли отсутствие в приложении к договору графических карт с изображением границы на практическом применении договора. - Насколько я понимаю, принятие этого договора послужит основанием для нанесения линий государственной границы на карту. Не вызовет ли проблем в правоприменении отсутствие карт в этом договоре? – отметила мажилисмен. Заместитель председателя КНБ - директор Пограничной службы РК Ерлан Алдажуманов пояснил, что морская граница делится по координатам, на постах технического наблюдения есть современная аппаратура, которая позволяет видеть и контролировать эти координаты. Мухтар Тлеуберди добавил, что данная линия не будет меняться в связи с изменениями на море или понижением уровня воды. Депутаты одобрили проект закона о ратификации договора. Кроме того, на пленарном заседании мажилисмены озвучили свои актуальные запросы к исполнительным органам.

02.09.2022

Қазақстан-Америка ынтымақтастығы Парламентаралық диалогтың маңызды құрамдас бөлігі

Нұр-Сұлтан, 2 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Дом Мажилиса. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Парламентте АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының депутаттары Джимми Панетт пен Томас Суоцциді қабылдады. Тараптар Қазақстан-Америка өзара іс-әрекетінің кең ауқымды мәселелерін талқылап, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған күннен бастап 30 жыл ішінде сенімді саяси диалог құрылғанын және екіжақты қатынастар кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткенін ерекше атап өтті. Мәжіліс Төрағасының пікірінше, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, сауда және инвестиция, терроризмге қарсы күрес, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да көптеген салада тығыз ынтымақтастық орнағаны Қазақстан-Америка қарым-қатынастарының жоғары деңгейінің дәлелі. Мәжіліс Спикері шетелдік әріптестерін конституциялық өзгерістер бойынша өткен референдумның қорытындылары, сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға енгізілетін өзгерістер туралы хабардар етті. Жүргізіліп жатқан реформалар бизнес пен саясатта тең жағдай жасауға бағытталғанын айтты. Өз кезегінде АҚШ Конгресі Өкілдер Палатасының депутаттары Қазақстандағы ауқымды саяси және экономикалық өзгерістерді іске асыру жолындағы жетістіктерін жоғары бағалап, адам құқықтарын сақтау саласындағы үлкен прогресті атап өтті. - Өткен реформалар, кешегі Президент Жолдауы, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі, сондай-ақ діни сенім бостандығы мәселелері – ең жоғары бағаға лайық, – деді Томас Суоцци. Кездесуде парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мәжіліс Төрағасы қазақстандық және америкалық парламентшілердің сындарлы жұмысы екіжақты қарым-қатынастарды жан-жақты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді. Қазақстандық тараптан кездесуге Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан және ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин қатысты.

22.08.2022

Мәжіліске Еуропалық Парламенттің адам құқықтары жөніндегі делегация өкілдері келді

Нұр-Сұлтан, 22-тамыз, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Еуропалық Парламентінің Адам құқықтары жөніндегі кіші комитеті делегациясы мүшелерімен кездесті. Онда Комитет төрайымы елімізде болып жатқан саяси өзгерістер мен конституциялық реформалар туралы айтып берді. Айгүл Құспан атап өткендей, Қазақстан Парламентінің Мәжілісі көптеген халықаралық ұйымдармен, соның ішінде, Еуропалық Парламентпен барлық бағытта сындарлы қатынас орнатқан. Айтуынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы Брюссельге жасаған алғашқы ресми сапары стратегиялық әріптестіктің одан әрі тереңдеуіне тың серпін берді. Сондай-ақ А. Құспан Еуропалық Одақ Қазақстанның маңызды сауда және инвестициялық әріптесі екенін атап өтті. Келесі жылы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Алдағы уақытта да екіжақты байланыс Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы Келісім аясында нығая бермек. Бұдан бөлек, Айгүл Құспан заңсыз шығарылған капиталды қайтару бойынша жұмыс тобын, сондай-ақ «Орталық Азия – Еуропалық Парламент» диалог алаңын құру туралы қазақстандық тараптың ұсынысы парламентаралық байланыстың тиімділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Өз кезегінде делегация жетекшісі Кристиан Сагарц Қазақстан Еуропалық кеңістік үшін маңызды серіктес екеніне тоқталып, өзара ынтымақтастықты, әсіресе адам құқықтары мәселесі бойынша ықпалдастықты осы қарқынмен әрі қарай күшейтуге дайын екендіктерін жеткізді. Кездесуге Мәжіліс депутаттары Арман Қожахметов, Снежанна Имашева, Айқын Қоңыров, Берік Дүйсенбинов қатысты.

02.08.2022

Мәжілісте Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, 2 тамыз, Мәжіліс үйі. Мәжіліс депутаты, Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының «Корея-Қазақстан» достық тобының жетекшісі У Вон Шик бастаған делегеция өкілдерімен кездесті. Отырыста Айгүл Құспан биыл екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толғанын атап өтіп, Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастық осы жылдар ішінде өзара түсіністік пен достық рухында дамып келе жатқанына тоқталды. Сонымен қатар тараптар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өткен жылғы Кореяға мемлекеттік сапары барысында екі ел көшбасшылары кеңейтілген стратегиялық әріптестікті нығайтуды жалғастыруға ниетті екендерін айтты. «Екі ел парламенттері арасындағы өзара іс-қимыл кеңейтілген стратегиялық әріптестіктің маңызды құрамдас бөлігі. Парламент заң шығару қызметінің түрлі мәселелері бойынша корей әріптестерімен серіктестікті тереңдетуге дайын» – деді Айгүл Құспан. Өз кезегінде У Вон Шик жыл өткен сайын Корея мен Қазақстан арасында парламентаралық байланыс нығайып келе жатқанын айтты. Сонымен қатар Қазақстан Оңтүстік Корея үшін Орталық Азиядағы ірі әрі маңызды сауда серіктесі екеніне назар аударды. Отырысқа Мәжіліс депутаттары, Корея Республикасымен ынтымақтастық топ мүшелері Айдос Сарым, Жұлдыз Сүлейменова мен Аманжол Әлтай қатысты. Соңында тараптар Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайту, соның ішінде парламентаралық байланысты одан әрі дамыту туралы келісті.

28.06.2022

Мәжілісмендер Дүниежүзілік банктің вице-президентімен кездесті

Нұр-Сұлтан, 28 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліске вице-президент Индермит Гилл бастаған Дүниежүзілік банк делегациясы келді. Меймандарды Мәжілістің вице-спикері Павел Казанцев, депутаттар Дания Еспаева, Марат Құсайынов, Сәлімжан Нақпаев, Жамиля Нұрманбетова, Берік Оспанов және Екатерина Смышляева қабылдады. Кездесуде тараптар Қазақстанның жаһандық қаржы институтымен бірге 30 жыл ішінде атқарған ауқымды жұмыстары туралы айтты. Мәжіліс Вице-спикері Павел Казанцев елімізде Дүниежүзілік Банктің белсене қатысуымен және жәрдемдесуімен серпінді әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған жобалардың табысты іске асырылып жатқанын атап өтті. – Бүгінгі таңда Қазақстан Дүниежүзілік банк есебінен жалпы сомасы 4,2 млрд АҚШ долларын құрайтын бес жобаны жүзеге асыруда. Ол ирригациялық және дренаждық қызметтердің сапасын арттырып, орта білім беру жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Жолдарды қайта жаңғырту мен салуға бағытталған бірқатар инфрақұрылымдық жобалар да маңызды рөл атқарады, – деді Павел Казанцев. Өз кезегінде, Индермит Гилл Дүниежүзілік банк пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық барысына көңілі толатынын айтып, әріптестік қарым-қатынастарды одан әрі кеңейтуге, соның ішінде еліміздің 2050 жылға қарай әлемнің экономикасы дамыған 30 елдің қатарына кіру бойынша ауқымды жоспарларды іске асыруға дайын екенін атап өтті.

28.06.2022

Ерлан Қошанов Қытай Парламентінің Спикері Ли Чжаньшумен келіссөз жүргізді

Нұр-Сұлтан, 28 маусым, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Қытай Халық Республикасының Халық өкілдері Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен бейнебайланыс арқылы келіссөз жүргізді. Тараптар екіжақты қатынастарды, соның ішінде заң шығарушы органдар арасындағы өзара байланысты тереңдету жөнінде пікір алысты. Ли Чжаньшу Ерлан Қошановты Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы лауазымына сайлануымен құттықтай келе, ыңғайлы уақытта Қытай еліне ресми сапармен келуге шақырды. – Осы жылдар ішінде біз стратегиялық және сенімді қарым-қатынас орнаттық. Жоғары деңгейдегі тұрақты диалог соның берік негізіне айналды. Осының барлығы елдеріміздің көшбасшыларының шынайы достығы мен сенімді қатынастарының нәтижесі екені сөзсіз, – деді Мәжіліс Спикері. Өз кезегінде Л.Чжаньшу екіжақты байланыс жоғары деңгейде дамып келе жатқанын және мемлекетаралық қатынастардың жарқын үлгісіне айналғанын атап өтті. Ерлан Қошановтың айтуынша, геосаяси сын-қатерлерге және күрделі халықаралық жағдайға қарамастан Қазақстан Қытайдың сенімді серіктесі болып қала бермек. Мәжіліс Төрағасы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның басшылығымен мемлекет зор табыстарға қол жеткізгенін және әлемдегі екінші ірі экономикаға айналғанын атап өтті. Ерлан Қошанов Ли Чжаньшуды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйені жаңғыртуға және елді дамытуға бағытталған ауқымды реформалары туралы хабардар етті. Ли Чжаньшу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен саяси тұрақтылық сақталып, Қазақстан халқының тұрмыс деңгейі мен халықаралық аренадағы беделі артып келе жатқанын айтты. Тараптар бірқатар халықаралық ұйымдар шеңберіндегі парламентаралық ықпалдастық мәселелерін талқылап, елдеріміздің «Бір белдеу – бір жол» бастамасын бірлесе жүзеге асыру аясында ықпалдастыққа дайын екенін атап өтті. Бұл ретте Ерлан Қошанов цифрландыру, «жасыл технологиялар» және инновациялар салаларында ірі бірлескен жобаларды іске асыру үшін «Цифрлық Жібек жолы» және «Жасыл Жібек жолы» бастамалары уақыт талабына сай жасалған қадам екенін айтты. Тараптар трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану мәселелерін талқылап, олардың экожүйелерін сақтау және сол бойынша тиісті келісімге қол қоюды жеделдетуге қатысты бірлескен жұмысты күшейту қажеттілігі туралы ортақ пікірлерін жеткізді. Осы орайда Ли Чжаньшу мырза келешекте өзара түсіністік негізінде біздің ортақ трансшекаралық Ертіс өзені достық пен ынтымақтастық көпіріне айналатынына сенім білдірді. Сондай-ақ Парламент спикерлері Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық серіктестікті дамыту мәселелерін талқылады.

24.06.2022

Ерлан Қошанов Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының ХІ пленарлық отырысына қатысты

Қырғыз Республикасы Чолпон-Ата қаласы. 24 маусым. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бауырлас қырғыз елінің Чолпон-Ата қаласында өткен «Парламенттік дипломатия – сенім мен әріптестіктің негізі» тақырыбындағы ТүркПА-ның ХІ пленарлық отырысына қатысты. Алдымен ұйымға мүше елдер Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия Парламенті жетекшілері ТүркПАның Кеңесі отырысында бас қосты. Тараптар түркі әлемінің болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Ерлан Қошанов қырғыз әріптестеріне қонақжайлылығы мен іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдіріп, жиынның түркі мемлекеттері арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келгеніне назар аударды. Сонымен бірге еліміздің осы ұйымға төрағалығы аясында атқарған жұмысын қорытындылап, 2022 жылға арналған іс-шаралар жоспарының толық орындалғанын атап өтті. «Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістандағы басқосудан бері бір жылдай уақыт өтті. Қазақстанның төрағалығы кезеңінде тараптардың атсалысуымен Ассамблеямыздың жұмысы жүйелі және қарқынды түрде жалғасын тапты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың түркі мемлекеттерімен қарым-қатынасты дамытуға ерекше көңіл бөлуде», – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс Спикері төрағалық кезеңде атқарылған жұмыс түркі елдерінің бірлігін бекемдеп, ТүркПА-ның беделін арттыруға, ықпалын күшейтуге бағытталғанын айтты. Сонымен қатар басқосуда Палата Спикері Қазақстанда өткен референдум кезіндегі ТүркПА-ның бақылау миссиясының белсенді қатысқаны және науқанға шынайы баға бергендері үшін ризашылығын білдірді. ТүркПА миссиясының жетекшісі референдум барлық озық халықаралық демократиялық стандарттарға толық сәйкес өткенін атап өтті. Жиында ұйымда төрағалық ету мәртебесі Қазақстан Парламентінің Төрағасынан Қырғыз Парламенті басшысына салтанатты түрде тапсырылды. Сонан соң ТүркПА-ға мүше елдер Парламенттерінің жетекшілері бірлестіктің ХІ пленарлық отырысында бас қосты. Оған қонақ ретінде келген Өзбекстан мен Түркіменстан Парламент басшылары мен бақылаушы мәртебесіне ие Мажарстан Парламентінің делегациясы да қатысты. Отырыста сөз сөйлеген Ерлан Қошанов түркі мемлекеттері арасындағы интеграциялық үдерістер жоғары деңгейде дамып келе жатқанын, сонымен бірге парламентаралық ынтымақтастықты тереңдетудің мәні зор екенін атап өтті. «Біз, парламентарийлер, мемлекет басшыларымыздың бастамасына сәйкес ТүркПА-ның да атауын «Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы» – деп өзгерткелі отырмыз. Бұл ребрендинг, бұл жаңару біздің Ассамблеяның жаңа форматта жан-жақты дамуына ықпал етері сөзсіз. Біздің мүддеміз ортақ. Басты мақсатымыз Еуразия кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтай отырып, мызғымас берік байланыстарды дамыту. Парламенттік дипломатияның халықаралық саясаттағы орны ерекше. Бүгінде оның мүмкіндіктерін түрлі халықаралық платформаларда ортақ мүдделерімізді ілгерілету және түркі әлемінің бірлігі мен ынтымағын арттыру үшін пайдалану өте маңызды», – деді Мәжіліс Спикері. Ерлан Қошанов Мәжіліс депутаттары парламенттік дипломатия арқылы түркі халықтарының бірлігін нығайту жолында бірлесіп еңбек етуге дайын екенін айтты. Пленарлық отырыста Түркі ынтымақтастығын дамытуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылып, ұйымның 2028 жылға дейінгі стратегиялық жоспары мақұлданды. Бірлестікке мүше елдердің ұлттық заңнамаларын жақындастыруға бағытталған әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша модельдік заң қабылданды. Ол Қазақстан Парламентінің бастамасымен әзірленді. Сонымен қатар құрылтайшы парламенттер басшылары Ассамблеяның атын «Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы» деп өзгерту жөнінде құжатқа қол қойылды. Жиын соңында Чолпон-Ата декларациясы қабылданды. ТүркПА-ның келесі ХІІ пленарлық отырысы 2023 жылы Түркияда өтеді. Отырыс аясында делегация басшылары Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кездесті. Онда Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов ұйымның қызметі жайлы мәлімет беріп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ ұйымға мүше елдер арасында саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыс нығайып келе жатқанын атап өтті. Бұдан бөлек, Ерлан Қошанов Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Талант Мамытовпен және Әзербайжан Милли Меджлисінің Төрайымы Сагиба Гафаровамен жеке дара кездесті. Онда парламентаралық диалогты нығайту мәселелері талқыланды.

17.06.2022

Е. Қошанов түркі мемлекеттері Парламенттерінің жастар тобымен кездесті

Нұр-сұлтан, 17 маусым, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері, ТүркПА-ның іс басындағы төрағасы Ерлан Қошанов жастар қанатының алғашқы отырысына қатысуға келген Жас парламентарийлермен кездесті. Мәжіліс Төрағасы өз сөзінде Қазақстан бастамасымен құрылған Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының маңыздылығына және түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығын тереңдету жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Е. Қошанов биыл елдеріміз арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толғанын айтып: - қазіргі уақытта біздің мемлекеттер басшыларының күш-жігерінің арқасында елдер арасындағы қатынастар барлық салаларда өте жоғары деңгейде дамуда. Қазақстан президенті Қасым - Жомарт Кемелұлы Тоқаев түркі мемлекеттерімен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөледі, - деді. Мәжіліс Төрағасы түркі елдері арасындағы тығыз байланысты тереңдетуде Парламенттердің рөлінің зор екенін алға тартып, жас парламентарийлер тобының құрылуы және олардың алғашқы отырысы түркі тамырластығы үшін тарихи оқиға деп бағалады. Ерлан Қошанов жас депутаттарды Қазақстанда жүргізіліп саяси өзгерістер мен жақында өткен Республикалық референдумның маңыздылығы туралы хабардар етті. Жүздесуде әзербайжандық және түркиялық жас депутаттар сөз алып, жоғары деңгейдегі кездесу үшін ыстық ықыластарын білдіре келіп, елдеріміз арасындағы ынтымақтастық үшін жастық жігерлерін аяямайтындықтарын жеткізді. Жастар тобы алғашқы кездесулерінде «Балалар мен жастар – ақпараттық технология дәуіріндегі түркілердің болашағы» тақырыбында кең көлемде талқылау өткізбек.

14.06.2022

Екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Нұр-сұлтан, 14 маусым, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжіліс депутаттары Айгүл Құспан мен Айдос Сарым Лихтенштейн Парламентінің сыртқы саяси комиссиясының төрағасы Манфред Кауфманмен кездесу өткізді. Парламент өкілдерінің бейнеконференция форматындағы кездесуі Қазақстан мен Лихтенштейн арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 15 жыл толу қарсаңында өтті. - Бұл парламентаралық диалогқа қосымша серпін беретін және ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша екіжақты қатынастардың дамуына ықпал ететін ерекше кездесу, - деді Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан. Одан әрі А. Құспан Қазақстан Еуропа Кеңесі мен ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеяларымен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға және қазіргі өзара іс-қимыл тетіктерін кеңейтуге зор мән беріп отырғанын атап өтті. Екіжақты ынтымақтастық мәселелеріне баса назар аудара келіп, 2012 жылдан бастап біздің еліміз толыққанды мүшесі саналатын "құқық арқылы демократия үшін" Еуропалық комиссия (Венеция комиссиясы) шеңберіндегі ықпалдастыққа көңіл бөлді.

10.06.2022

Мәжілісмендер ТМД – ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық жастар форумына қатысты

Нұр-сұлтан, 10 маусым, Мәжіліс Үйі. Мәжіліс депутаттары Вера Ким мен Мәди Ахметов Санкт-Петербург қаласындағы ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық жастар форумының жұмысына қатысуда. "Жас парламентшілер – Достастық болашағына көзқарас" тақырыбындағы Форум ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының 30 жылдығына және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Жастар ассамблеясының 10 жылдығына орайластырылған. Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Вера Ким Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың ТМД форумының қатысушыларына жолдаған лебізін жеткізді. Онда Мәжіліс төрағасы жас парламентшілер ТМД кеңістігінде демократиялық құндылықтарды ілгерілетуде маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өткен. Отырыс барысында Вера Ким сөз сөйлеп, жастардың ТМД-дағы мәдени мұраны сақтау, халық шығармашылығын дамыту, этносаралық қатынастарды қалыптастыру бағытындағы мүмкіндіктеріне тоқталып, қазақстандық жастардың әлеуетіне баса назар аударды. Мемлекеттік деңгейде қолдау шараларына тоқталды. Одан әрі депутат ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жастар ұйымдарының волонтерлік қызмет бойынша іс-қимылына да көңіл бөлді.