ЕҚЫҰ басшысы Қазақстандағы саяси реформалардың ауқымы зор екенін атап өтті
Нұр-Сұлтан, 1 маусым, Мәжіліс үйі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановпен кездесуінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы, Польша Республикасының Сыртқы істер министрі Збигнев Рау мәлімдеді. З.Рау Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституциялық реформаларын іске асыру нәтижесінде Парламенттің рөлі күшейетінін атап өтті. – Қазақстанды ауқымды саяси реформаларды жүзеге асыруда біздің Ұйым мен ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің барлық ресурсы пен тәжірибесін толық пайдалануға шақырғымыз келеді, – деді ЕҚЫҰ төрағасы. Збигнев Рау Қазақстанға ЕҚЫҰ-ның қайта сайланған төрағасы ретінде өңірмен танысуға арналған сапары аясында арнайы келді. Сонымен қатар оның Өзбекстан мен Монғолияға да сапары жоспарлануда. Ерлан Қошанов ЕҚЫҰ төрағасының сапары Қазақстан үшін маңызды саяси оқиға – референдум қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. Мәжіліс Спикері мұны Мемлекет басшысының реформалары мен жалпыхалықтық референдумды қолдауының дәлелі деп санайды. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ЕҚЫҰ-ның өзара іс-әрекетінің, Қазақстан-Польша екіжақты қатынастарының, соның ішінде екі ел парламенттері арасындағы байланыстың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады. З.Рау өткен ғасырдың 30 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін кезінде Қазақстанға жер аударылған ондаған мың поляктарға қолдау көрсетіп, пана болғаны үшін қазақ халқына алғысын айтты. Сондай-ақ ол Қазақстанда тұратын этникалық поляктардың төл мәдениеті мен тілін үйренуіне барлық жағдай жасалғаны үшін ризашылығын білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық деңгейдегі ынтымақтастықты одан әрі кеңейту туралы келісті.Қазақстан мен Литва арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Нұр-Сұлтан, 31 мамыр, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан мамыр айының 27-31 аралығында Литва Республикасының Вильнюс қаласын жұмыс сапармен барды. Сапар аясында Литва Сеймінің Сыртқы істер комитетінің төрайымы Лайма Андрикенемен кездесу өтіп, тараптар саяси және сауда-экономикалық салалардағы Қазақстан мен Литва арасындағы серіктестіктің өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімінің шеңберінде ықпалдастықты арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ А. Құспан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің дамуына және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларымен таныстырып, литвалық депутатты алдағы республикалық референдумның мән-маңызы туралы хабардар етті. Л.Андрикене өз кезегінде, Литва мен Еуропалық Одақ Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге ықылас танытып отырғанына назар аударды. Осы іс-шаралар аясында НАТО Парламенттік Ассамблеясының көктемгі сессиясы өтті. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасындағы саяси реформалар» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған Литва Сеймінің вице-спикерлері, түрлі фракциялар мен комитеттердің өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел барысында литвалықтармен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы, Жаңа Қазақстанның бағыт-бағдары жөнінде кеңінен әңгіме қозғалды.Балайым Кесебаева Экономикалық ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының конференциясына қатысты
Нұр-Сұлтан. 17 мамыр. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева Бакуде өтіп жатқан Экономикалық ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының үшінші Бас конференциясы аясында Әзербайжанның Милли Меджлисінің төрайымы Сахиба Гафаровамен кездесті. Жүздесуде бауырлас халықтар арасындағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Б.Кесебаева дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жылдың ішінде екі ел арасында сенімді және ашық саяси диалог орнағанын атап өтті. Мәжіліс Төрағасының орынбасары біздің мемлекеттегі Қазақстан Президентінің басшылығымен қолға алынып жатқан ауқымды саяси, әлеуметтік, экономикалық реформаларға тоқталып, Конституциялық өзгерістер енгізуге қатысты бастамаға айрықша назар аударды. – Олардың барлығы, Парламенттің рөлін күшейтуге, сайлау жүйесін жетілдіруге, жергілікті басқару, сот және құқық қорғау органдары жүйесін дамытуға бағытталған, – деді Б.Кесебаева. Тараптар энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы ықпалдастықты, парламентаралық байланысты тереңдету мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, Б.Кесебаева Әзербайжанның Милли Меджлисі төрайымының орынбасары Адиль Алиевпен кездесу өткізді.Ерлан Қошанов Корея Республикасының Қазақстандағы елшісімен кездесті
Нұр-Сұлтан. 29 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжілісте Палата Спикері Ерлан Қошанов Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ку Хонг Сокты қабылдады. Кездесуде Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның Кореямен екіжақты қарым-қатынасты дамытуға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағана 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде көптеген салаларда қарқынды диалог жолға қойылды. Бұған ең алдымен екі мемлекет басшылары арасындағы қалыптасқан диалогтың нәтижесінде қол жеткізілді. Ерлан Қошанов дипломаттың Қазақстандағы жұмысына сәттілік тілеп, бұл кездесу 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында өтіп жатқанын және елімізде 130-дан астам этнос өкілдері достық пен келісімде өмір сүріп келетінін айтты. - Бұл – еліміздің бірегей артықшылықтарының бірі, – деді Ерлан Қошанов. Мәжіліс Төрағасы бүгінгі күннің тарихи маңызына да ерекше назар аударды. - Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ассамблеяның кезекті сессиясында жариялаған ел Конституциясын өзгерту бойынша референдум өткізу туралы шешімімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл біздің еліміздегі үлкен саяси өзгерістердің бастауы, – деді Палата Спикері. Ерлан Қошанов Ку Хонг Сокты ел Президентінің Жолдауында айтылған саяси реформаларға байланысты алдағы айтулы өзгерістер жайлы хабардар етті. Осы орайда Мәжіліс спикері қазақстандық Парламент өкілдері күрделі өзгерістерді іске асыру үшін Кореяның заң шығару тәжірибесін зерделеудің маңыздылығын атап өтті. Мәжіліс Төрағасы Корея Республикасымен сенімді және тату көршілік қарым-қатынасқа тоқталып, бұған қазіргі елімізде тұратын этникалық корейлер де септігін тигізіп отырғанын және олардың Қазақстан дамуына зор үлес қосып келетінін айтты. Өз кезегінде дипломат Кореяның Қазақстанмен байланысты арттыруға мүдделі екенін айтып, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Ку Хонг Сок екі ел арасындағы жаңа экономикалық ынтымақтастық бағдарлама аясындағы табысты ықпалдастықты, мәдени-гуманитарлық саладағы зор мүмкіндіктерді атап өтті. Тараптар кең ауқымды мәселелер бойынша парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағытына ерекше мән берді.Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Нұр-Сұлтан. 27 сәуір. Мәжіліс үйі. Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Отто Иван Рона мырзамен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды мәселелерін талқылады. Айгүл Құспан атап өткендей Мажарстан Қазақстанның стратегиялық әріптесі саналады. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Комитет төрайымы Қазақтан Мажарстанмен достық байланысты өрара түсіністік пен тиімді ынтымақтастыққа негізделген стратегиялық әріптестік туралы Декларация шеңберінде қарайтынын айтты. Айгүл Құспан мәртебелі мейманға «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар жайлы жан-жақты баяндай келіп, Парламенттің қызметін жаңғыртуға қатысты жаңашылдықтар туралы баяндады. Соның ішінде императивтік мандат, Мәжіліс депутаттарын сайлаудың аралас формасын енгізу, саяси партияларды тіркеу рәсімін жеңілдету, сайлау үдерісін жаңғырту сияқты басқа да жаңа қадамдар туралы мәлімет берді. Өз кезегінде Мәжіліске алғаш келген Отто Иван Рона мырза біздің елдеріміз арасында екіжақты қатынастын әлеуеті зор екенін, соның ішінде парламентаралық әріптестікті одан әрі тереңдетуге барынша ықпал ететінін айтты. Кездесуге сондай-ақ, Мәжілістегі «Қазақстан-Мажарстан» парламентаралық ынтымақтастығының жетекшісі, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Марат Құсайынов қатысты.Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов пен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары Пиа Каума ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады
Нұр-Сұлтан, 25 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Финляндия Парламентінің депутаты Пиа Каумамен кездесті. Әңгіме барысында Палата Спикері Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген саяси бәсекелестікті одан әрі арттыруға бағытталған саяси реформаларға тоқталды. Президент бастамаларын жүзеге асыру үшін Мәжілісті ауқымды заң шығару жұмысы күтіп тұр. Бұл жұмыстардың барлығы қоғам өкілдерін кеңінен қамти отырып, барынша ашық жүргізіледі. Осы орайда Мәжіліс Төрағасы қазақстандық парламентшілерге саяси және басқа да реформаларды жүргізу бағытында ЕҚЫҰ институттарымен етене ынтымақтастық орнатуға тілектестік білдірді. Палата Спикері парламентаралық ынтымақтастықты ынталандыру туралы айтып, Мәжіліс депутаттары Ұйым аясындағы іс-шараларға, соның ішінде сайлауға байқаушы ретінде қатысып келе жатқанына назар аударды. Осы тәжірибені есепке ала отырып, Ерлан Қошанов Пиа Кауманы ЕҚЫҰ және қазіргі уақытта Қазақстан төрағасы болып табылатын Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында белсенді диалогқа шақырды. Өз кезегінде ЕҚЫҰ ПА төрағасының орынбасары ЕҚЫҰ елдері парламенттерінің ықпалдастығын одан әрі нығайтудың әлеуеті зор екенін жеткізді. – Біз Қазақстанның Парламенттік Ассамблея аясында ЕҚЫҰ және оның институттарының іс-шараларына қатысуын жоғары бағалаймыз және бұл қарқынның болашақта да арта түсетініне сеніміміз мол, – деді Пиа Каума. Сондай-ақ Пиа Каума қазақстандық парламентішлерді жақын уақытқа жоспарланған ұйымның байқаушы миссияларына қатысуға шақырды. Кездесуді қорытындылай келе, тараптар парламенттік дипломатия аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаратыны төңірегінде ортақ пікір білдірді.Мәжілісте бейбітшілік пен қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқыланды
Нұр-Сұлтан. 21 сәуір. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте «Орталық Азиядағы әйелдердің, бейбітшілік пен қауіпсіздіктің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан жетекшілік етті. Отырысқа Мәжіліс депутаттарымен қатар, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінің Қазақстандағы дипломатиялық өкілдік басшылары, халықаралық және үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысты. Сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Наталья Герман, Қазақтандағы БҰҰ тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, «БҰҰ-әйелдер» өкілі Мария Доценко және бірқатар атқарушы орган өкілдері келді. Айгүл Құспан атап өткендей, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің әйелдерге, бейбітшілік пен қауіпсіздікке арналған қарарларын әйелдердің бітімгершілікке қатысуы тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге гендерлік зорлық-зомбылық және әйелдердің шешім қабылдау процестеріне қатысуын, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуын күшейту тұрғысынан да баса назар аударады. Іс-шараға қатысқан Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева әйелдерге қатысты мемлекеттік саясаттың арқасында Қазақстан барлық салада әйелдердің ықпалын арттыру және оларды зорлық зомбылықтан қорғау жолында тиімді институционалдық шаралар қабылдап, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті. Қазақстан жанжалдардың алдын алу мен реттеу, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту бойынша әйелдердің қатысуын кеңейту жөніндегі күш-жігерді іске асыруда барлық халықаралық ұйымдармен сындарлы және жемісті ынтымақтастыққа дайын. Жиынға қатысушылар Қазақстанда БҰҰ қауіпсіздік кеңесі 1325 қарарын жүзеге асыру және ілгерлету бағытында атқарылған жұмыстарды саралап, әйелдердің бейбітшілікті қолдаудағы, қауіпсіздікті сақтаудағы маңызды рөліне талқылады.Мәжіліс Төрағасы Беларусь елшісін қабылдады
Нұр-Сұлтан, 14 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Павел Утюпинді қабылдады. Кездесуде Ерлан Қошанов Беларусь Қазақстанның маңызды саяси және сауда-экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Дипломатиялық қатынас орнағалы бері барлық салада тығыз мемлекетаралық байланыс орнады. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 850 млн АҚШ долларын құрады. Мәжіліс спикері дипломатқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында көрініс тапқан ауқымды саяси реформалар туралы мәлімет берді. Өз кезегінде Беларусь елшісі екі ел ынтымақтасты барлық бағыттары бойынша қарқынды дамып келе жатқанын және оның экономикалық, мәдени-гуманитарлық серіктесті кеңейту үшін маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Тараптар парламентаралық байланыстың жоғары деңгейіне назар аударды. Беларусь Ұлттық жиналысы өкілдері палатасымен ынтымақтастық бағытында Мәжілісте арнайы топ жұмыс істейді. Бұл заң шығару қызметі бойынша тәжірибе алмасуға және түрлі салаларда ауқымды мәселелер жөнінде пікір алысуға септігін тигізеді. Сондай-ақ екі елдің Парламент өкілдері түрлі халықаралық ұйымдар аясында белсенді әріптестік орнатып, бірге жұмыс істеуде. Тараптар Қазақстан мен Беларусь арасындағы достық қарым-қатынастар екі ел игілігі жолында өзара серіктестік пен сенім рухында одан әрі дами беретініне сенім білдірді.Мәжілісте парламенттік ынтымақтастық комитетінің 19 отырысы өтті
Нұр-Сұлтан. 12 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің 19-отырысы өтті. Оған Мәжілістегі Халықаралық Істер, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы, «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Айгүл Құспан жетекшілік етті. Жиында екіжақты ықпалдастықтың бүгіні мен болашағы, парламентаралық диалогты дамыту жолдары, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру барысы талқыланды. Сонымен бірге қос тараптың депутаттары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде Орталық Азияда ішкіаймақтық интеграцияны және аймақаралық ықпалдастықты ілгерлету мәселелері туралы пікір алысты. Айгүл Құспан еуропалық әріптестеріне Қазақсан Президенті Қ.К. Тоқаевтың еліміздің саяси жүйесін жаңғырту, соның ішінде Парламенттің, Адам құқығы жөніндегі уәкілдің рөлін арттыру, сайлау және сот жүйелерін жетілдіру бағытындағы ауқымды бастамалары туралы айтып берді. Комитет төрайымының пікірінше ол қадамдардың барлығы маңызды экономикалық және әлеуметтік проблемаларды шешуге, сонымен қатар, халықтың ұзақмерзімді сапалы өмірін қамтамасыз етуге арналып отыр. Өз кезегінде Еуропалық Комитет төрағасының көлік және туризм жөніндегі орынбасары Андрис Америкс Қазақтан мен Еуропалық одақ арасында сауда-экономикалық байланыстың жоғары қарқынын сақтаудың және стратегиялық міндеттерді жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. Ал еуропалық депутаттар адам құқығы және заң үстемдігі саласында екіжақты диалогты нығайтуға баса назар аударды. Отырыстың күн тәртібінде халықаралық қоғамдастықтың рөлі, саяси-экономикалық жағдай, демократиялық реформалар, екіжақты қарым-қатынас сынды басқа да көптеген мәселелер қаралып, Мәжіліс депутаттары А. Перушаев, Л. Сүлеймен, А. Сарым, С. Имашева, А. Рау, Д. Тұрғанов, Т. Адамбеков өз ұсыныстарын айтты. Отырыс соңында аталған комитеттің 18-отырысының хаттамасы бекітілді. Келесі 20 отырыс 2023 жылы көктемде Брюссельде өтеді.Мәжіліс депутаттары АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасарымен кездесті
Нұр-Сұлтан, 11 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліске АҚШ Мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары мәселелері жөніндегі орынбасары Узра Зея келді. Ол Қазақстан мен АҚШ арасындағы адам құқықтары мен демократиялық реформалар жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогтың бірінші отырысына қатысқан болатын. Узра Зеямен Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан бастаған Парламент депутаттары кездесті. Айгүл Құспан Қазақстан мен АҚШ сенімді стратегиялық әріптестер елдер екенін айтып, өткен жылдың соңында екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті. Сондай-ақ осы уақыт ішінде сауда және инвестиция, терроризмге қарсы күрес, қауіпсіздік және әскери-техникалық ынтымақтастық салаларында, демократия мен адам құқықтары, денсаулық сақтау және білім беру мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастық орнағанын айтты. Кездесуде депутат АҚШ пен Қазақстан арасындағы адам құқықтары мен демократиялық реформалар жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогтың маңыздылығына назар аударды. Бұның мүлдем жаңа механизм екенін айтып, қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар Айгүл Құспан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде жүргізіп жатқан саяси реформалары туралы айтып берді. Өз кезегінде, Узра Зея АҚШ пен Қазақстан арасындағы ерекше достық, іскерлік қатынастарға тоқталып, біз сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенттің көзқарасын, сыртқы және ішкі саясаттағы қиындықтарға қарамастан Қазақстанды алға жылжытуға деген ниетін қолдайтынын жеткізді. Отырыс барысында Парламентаралық байланыс, адам құқықтары және демократиялық реформалар және тағы басқа да өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Кездесуге Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Ашықбаев, Мәжіліс депутаттары Нұрбек Саясат, Жанат Омарбекова, Айдос Сарым, Ерлан Смайлов және Сенат депутаты Ляззат Қалтаева қатысты.Мәжіліс депутаттары ТМД Парламентаралық Ассамблеясы кеңесіне қатысты
Нұр-Сұлтан. 29 наурыз. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Павел Казанцев бастаған делегация өкілдері ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы 30 жылдығына арналған Кеңестің мерейтойлық отырысына қатысты. Вице-спикер өз сөзінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көпжақты өзара іс-қимылының маңыздылығын тоқтала келе, Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитіне қатысып, онда Астана декларациясын қабылдағанын, барлық мемлекеттер үшін еуразиялық қауіпсіздіктің бөлінбеушілік қағидатын берік ұстанатынын айтты. Сондай-ақ ЕҚЫҰ Астана декларациясы әрбір қатысушы мемлекеттің қауіпсіздігі басқа елдердің қауіпсіздігімен тығыз байланысты деп жариялағанын, «Астана рухы» сенім негізінде өзара түсіністікті көздейтінін атап өтті. П.Казанцевтің айтуынша ТМД ПА парламентшілердің пікір алмасуы, аймақтардың негізгі проблемаларын шешу және ортақ ұстанымдарды жақындастыру үшін таптырмас алаң. Отырыс аясында ТМД ПА Кеңесінің «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының 30 жылдығы туралы» мәлімдемесі қабылданды. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі ТМД ПА тұрақты комиссиясының төрағасы Айгүл Құспан, Аграрлық саясат, табиғи ресурстар және экология жөніндегі ТМД ПА тұрақты комиссиясының мүшесі – Ерлан Барлыбаев қатысты.Парламент Мәжілісінің депутаттары Парламентаралық Одақтың 144-ші Ассамблеясына қатысты
Нұр-Сұлтан, 24-наурыз. Мәжіліс үйі. Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы – «Еуразия» парламентаралық одағы геосаяси тобының төрайымы Айгүл Құспан бастаған делегация Индонезияда өткен Парламентаралық Одақтың 144-ші Ассамблеясының жұмысына қатысты. Бұл жолғы Ассамблея жұмысы негізінен парламенттерді климат дағдарысына қарсы шаралар қабылдауға жұмылдыруға бағытталды. Делегаттар климаттың өзгеруіне қарсы тұруға және климаттық келісімдерді жүзеге асыруға кедергі келтіретін мәселелерге назар аударып, «Жасыл» экономикаға көшуді жеделдету үшін Сovid-19-дан кейінгі қалпына келтіру кезеңін пайдалану қажеттігілігіне көңіл бөлді. Сондай-ақ, қатысушылар шығарындыларды азайту бойынша бастамаларды заңнамалық қамтамасыз ету мүмкіндіктерін талқылады. Пікірталас барысында қазақстандық депутаттар Елдос Абақанов және Айжан Сқақова климаттың өзгеруіне қарсы күреске Қазақстанның ынталы екенін айта келіп, экономиканы терең декарбонизациялау бойынша ұлттық деңгейде іске асырылып жатқан шараларға және қолданыстағы заңнамалық тетіктерге, сонымен бірге, 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуі бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Ассамблеяның күн тәртібіне Украинадағы жағдай төтенше мәселе ретінде енгізілген болатын. Осыған орай, Индонезиялық және Жаңа Зеландиялық – екі қарар жобасы ұсынылды, олар келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге және қақтығысты жеңудің дипломатиялық жолдарын іздеуге шақырады. Бейбіт шешімдерді әзірлеуде парламенттердің рөлін арттыру мақсатында, қазақстандық делегация индонезиялық парламентшілердің Парламентаралық Одақта Украина бойынша мақсатты топты құру туралы бастамасын қолдады. Ассамблея аясында әйел-парламентшілер форумы өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бейбіт үдерістерді ілгерілетудегі, тұрақты дамудағы, оның ішінде пандемия жағдайындағы әйелдердің рөлі болды. Делегаттар Сovid-19 кезінде аналардың, жаңа туған нәрестелер мен балалардың денсаулығын нығайту және пандемиядан кейінгі қалпына келтіру тәжірибесімен бөлісті. Аналар, жаңа туған нәрестелер мен балалардың денсаулығы, сондай-ақ сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізу тұрғысынан кедейлік пен теңсіздікке қарсы күрес мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстандық делегация Жас парламентшілер Форумына да қатысты. Жастар форумының мақсатына сәйкес делегациялар жастардың ұлттық парламенттерге қатысуы туралы ақпараттармен алмасты. Айта кету керек, Парламентаралық Одаққа қатысушы төрт елде ғана жастар квоталары жұмыс істейді, олар заң шығарушы органдарда да, саяси партияларда да жастар үшін орындарды заңнамалық түрде бекітеді. Қазақстан партиялық квоталар қолданылатын Парламентаралық Одақтың он сегіз елінің қатарына кіреді. Ассамблея аясында екіжақты және көпжақты кездесулерге ерекше назар аударылды. Айгүл Құспанның төрағалығымен ТМД-ның он елі қатысатын «Еуразия» парламентаралық одағының геосаяси тобының отырысы өтті. Ассамблея алаңында Айгүл Құспан Бахрейн ұлттық ассамблеясы Өкілдер Палатасының Төрайымы, Парламентаралық Одақтағы Араб геосаяси тобының төрайымы Фаузия бин Абдулла Юсуф Зайналмен кездесіп, дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде екі ел арасында белсенді саяси диалог орнағанын ерекше атап өтті. 2014 жылы Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген болатын. Айгүл Құспан өз сөзінде Бахрейн тарапына 1300 орынды жаңа мектептің құрылысын қаржыландырғаны үшін сондай-ақ Сыртқы істер министріне Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Орталық Азия-Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің Ынтымақтастық Кеңесі» диалог алаңының алғашқы жұмыс кездесуін ұйымдастыруға көмектескені үшін алғыс білдірді. Сонымен бірге Бахрейнді Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының мүшесі болуға, Қазақстанмен тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Ассамблея аясында Комитете төрайымы Индонезияның Халық Өкілдері Кеңесінің (заң шығарушы органның төменгі палатасы) мүшесі, парламентаралық ынтымақтастық комитетінің төрағасы, қорғаныс, сыртқы істер және ақпарат мәселелері жөніндегі комиссияның мүшесі Фадли Зонмен де кездесті. Индонезия Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі. Біздің елдерімізді дәстүрлі достық және сенімді қатынастар байланыстырады. Келесі жылы Қазақстан мен Индонезия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде екі ел арасында қарқынды саяси диалог орнап, жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін берік іргетас қаланғанын атап өткен Айгүл Құспан алдағы уақытта да бейінді комитеттер мен Қазақстан-Индонезия парламентаралық достық тобы желісі бойынша жүйелі диалог құрудың мүмкіндігі зор екенін алға тартты. Іс-шара барысында сондай-ақ Парламентаралық Одақтың төрағасы Дуарте Пашекумен, Парламентаралық Одақтың Бас хатшысы Мартин Чунгонгпен, БҰҰ жанындағы Парламентаралық Одақтың тұрақты бақылаушысы, Венадағы Парламентаралық Одақтың Кеңсесінің Басшысы Бриджит Бреннермен, Парламенттермен және сыртқы байланыстар жөніндегі Парламентаралық Одақтың директоры Анда Филиппен, Түркия делегациясының басшысы-Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының мүшесі Равза Кавакчы Кан, Түркітілдес елдер Парламенттік ассамблеясының Бас хатшысы Мехмет Сурейя Эрмен екіжақты кездесулер ұйымдастырылды. Парламентаралық Одақ 1889 жылы құрылған, бүкіл әлемде бейбітшілікке, демократияға және орнықты дамуға жәрдемдесуді қоса алғанда, кең ауқымды өзекті мәселелер бойынша парламентаралық дипломатияға жәрдемдесетін ұйым саналады.ТҮРКПА-ға мүше парламенттер халықаралық істер комитеттері төрағаларының алғашқы отырысы өтті
Нұр-Сұлтан. 9 ақпан. Мәжіліс үйі. Бүгін ТҮРКПА-ға мүше парламенттер халықаралық істер комитеттері төрағаларының бейнеконференция форматындағы алғашқы отырысы өтті. Бауырлас елдердің өкілдері сыртқы саяси ынтымақтастықты және осы бағыттағы парламенттердің рөлін талқылады. Отырысқа Қазақстан тарапынан Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан қатысты. Өз сөзінде комитет төрайымы Мемлекет басшысының еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандырумен қатар, сыртқы саяси ынтымақтастыққа да баса көңіл бөлетінін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов ТүркПА-ның жұмысымен танысып, Ассамблеяның Іс басындағы Төрағасы ретінде басталған жұмыстарды әрі қарай жалғастыруды тапсырған. Осы орайда Қазақстан тарапы алдағы уақытта ТүркПА-ның атауын «Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы» деп өзгертуді қолға алып, ол жұмыстарды жақын арада ТүркПА Хатшылығымен бірлесе атқаратын болады. Сонымен қатар, ТүркПА-ның аясын кеңейтіп, осы жылдың ішінде толыққанды мүше ретінде Өзбекстанды қосуға бағытталған істер талқыланып, Түрікменстанға ТүркПА-дағы бақылаушы мәртебесін беру жұмыстарын биыл аяқтау керектігіне назар аударылды. А. Құспан «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатының қабылдануы да Түркі елдері ынтымақтастығының дамуындағы жаңа кезең екенін айта келіп, ұйымның жұмысы нәтижелі болу үшін беделді халықаралық парламентаралық ұйымдармен ықпалдасу қажеттігіне тоқталды. Сондай ұйымдардың бірі – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының парламенттік Ассамблеясы. Бұл ретте биыл ТүркПА-ның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясының бақылаушы мәртебесін алуды ұйымдастыру маңызды. Келешекте ТҮРКПА-ға мүше парламенттердің Сыртқы істер комитеттері жылдық іс-шаралар жоспарын белгілеп, ынтымақтастықтықты тереңдетуге бағытталған шараларды қолға алмақ. Бейнеконференцияға ТүркПА-ның Бас Хатшысы, сонымен қатар, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан елдерінің парламент өкілдері қатысты. Ақпарат ретінде айта кетсек, Парламенттік Ассамблея құрылғаннан бері халықаралық және өңірлік деңгейлерде 250-ден астам іс-шара өткізіп, түрлі салалардағы ықпалдастық бойынша 10 Декларацияға қол қойған. Өткен жылы Ыстанбұлда өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің 8-ші Саммитінде түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің атауы «Түркі мемлекеттері ұйымы» атауына өзгерген болатын.Мәжіліс депутаттары Испания Парламент өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді
Нұр-Сұлтан, 2 наурыз, Мәжіліс үйі. Мәжілісте бейнебайланыс режимінде «Қазақстан Республикасы-Испания Корольдігі» ынтымақтастығы жөніндегі парламентаралық топтың кездесуі өтті. Шараға Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы, достық тобының жетекшісі Альберт Рау, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов, Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Кұспан қатысты. Кездесу барысында екі елдің мемлекетаралық және парламентаралық ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды. Альберт Рау Испания Қазақстанның Еуропадағы маңызды стратегиялық әріптесі екенін атап өтті. Әсіресе, әскери-техникалық, жаңартылған энергия көздері саласында әріптестіктің әлеуеті зор. Кездесу соңында екі елдің Парламент өкілдері екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі күшейтуге ынталы екендіктерін жеткізді.Қазақстан мен Өзбекстан парламенттерінің Спикерлері Е.Қошанов пен Н.Исмоилов Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру туралы Келісімге қол қойды
Нұр-Сұлтан, 9 ақпан, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов пен Қазақстанға ресми сапармен келген Өзбекстанның Олий Мажлис Заң шығару палатасының Спикері Нурдинжон Исмоилов Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру туралы Келісімге қол қойды. Кездесу барысында Ерлан Қошанов Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Миромонович Мирзиёевтің көреген, салиқалы саясатының, сонымен бірге, достық пейілдерінің арқасында бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық өте жоғары деңгейге көтерілгенін, соның нәтижесінде заң шығару органдары арасындағы әріптестік те жыл сайын нығайып келе жатқанын атап өтті. Оған дәлел ретінде Мәжіліс Төрағасы жақында Өзбекстан Президентінің біздің елімізге сапары барысында қос ел Президенттерінің парламентаралық ынтымақтастық туралы кеңесті құру келісіміне қол жеткізгенін, оның тарихи маңызын алға тарта келіп, біздің елдеріміз тәуелсіздік алған күннен бастап, бір-біріне қолдау көрсетіп, қос мемлекеттің өркениеті жолында берік, үйлесімді, сындарлы қарым-қатынас орнағанын айтты. Жаңа құрылған Кеңес біздің мемлекеттеріміздің ықпалдастығына тың серпін беретінін, қол жеткен табыстарымызды одан ары тереңдетіп, Президенттеріміздің барлық сала бойынша келісімдерін тиімді жүзеге асыруға, заңнамалық ынтымақтастықты күшейтуге жаңа жол ашатынын атап өтті. Өз кезегінде мәртебелі мейман бұл келісім арқылы екі елдің, соның ішінде, парламенттар арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңі басталғанын, заң шығарушы органдар мемлекет басшыларының келісімдерін жүзеге асыру үшін бар күш-жігерлерін арнайтынын жеткізді. Биыл қос мемлекет арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына тура 30 жыл толады. Бүгінде Өзбекстан Қазақстанның ірі экономикалық әріптесі саналады. Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ, көлік-логистика, құрылыс, транзит және туризм басқа да салаларда әріптестік әлеуеті жоғары. Кездесу барысында Ерлан Қошанов Қазақстан Президентінің атынан Нурдинжон Исмоиловқа бауырлас халықтар арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін II «Достық» орденін табыс етті.Н.Нығматулин Румыния Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары А.Горгиуды қабылдады
Нұр-Сұлтан, 21 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Румыния Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Алина- Штефания Горгиу бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Нұрлан Нығматулин Румыния Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындаған Еуропадағы алғашқы елдердің бірі екенін және маңызды саяси, экономикалық серіктес ел екенін атап өтті. Палата Спикерінің айтуынша, Қазақстан мен Румыния арасындағы қарым-қатынастарының қалыптасуы мен дамуындағы шешуші рөлді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атқарып, бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Румыниямен әріптестікті кеңейтуге үлкен мән береді. Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы Алина Горгиудың елімізге сапары парламентаралық диалогты одан әрі нығайтуға және мемлекеттер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қуатты серпін беретінін айтты. Өз кезегінде, Румыния Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Қазақстан – Румыния үшін маңызды серіктес ел екенін және парламентаралық байланысты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар, сауда-экономикалық ынтымақтастық, ауыл шаруашылығы, экология, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларына қатысты басым бағыттарға назар аударды. Мәжіліс Төрағасы Қазақстан мен Румыния парламентшілерінің бірлескен жұмысын жандандыру заң шығару саласындағы тәжірибе алмасуға, сондай-ақ парламентаралық ұйымдар аясындағы өзара тығыз қарым-қатынасқа ықпал ететініне сенім білдірді.Н.Нығматулин Парламентаралық Одақтың төрағасы Д.Пашекумен кездесті
Нұр-Сұлтан, 20 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламентаралық Одақтың төрағасы Дуарте Пашекумен кездесіп, ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылады. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, қазақстандық Парламент өкілдерінің Парламентаралық одаққа мүше мемлекеттердің әріптестерімен өзара іс-қимылы парламентаризм, заң шығару және демократияландыру мәселелері бойынша сындарлы диалогты дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар Нұрлан Нығматулин бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде болып жатқан саяси жүйені реформалау, экономиканы жаңғырту, азаматтық қоғамды дамыту мәселелері туралы айтты. Палата Төрағасы мәртебелі мейманның Қазақстанға сапары парламентаралық диалогты одан әрі нығайтуға және Қазақстан Парламенті мен Парламентаралық Одақ арасындағы ынтымақтастықты дамытуға елеулі серпін беретініне мән берді. Өз кезегінде, Д.Пашеку Парламентаралық Одақтың Қазақстан Парламентімен ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетініне сенім білдіріп, Қазақстан Еуразия құрлығындағы мемлекет ретінде, Парламентаралық Одақтың мүшесі ретінде өте маңызды серіктес ел екеніне назар аударды. Сондай-ақ Нұрлан Нығматулин қазіргі таңда Парламентте Уәкіл институтын дамыту арқылы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, өлім жазасы, балаларды қорғау, волонтерлік қызмет және т.б салалардағы заңнаманы жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.Нұрлан Нығматулин Мемлекеттік Думаның бірінші вице-спикерін қабылдады
Нұр-Сұлтан, 10 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Дума Төрағасының бірінші орынбасары Александр Жуковпен Қазақстан мен Ресей парламентаралық ынтымақтастығын кеңейту мәселелерін талқылады. Тараптар екі ел арасындағы 30 жыл ішіндегі ынтымақтастық туралы айтып, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екіжақты қарым-қатынастарды дамытудағы тарихи рөлін атап өтті. Нұрлан Нығматулин Ресей Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктесі және одақтасы, сенімді дос және тату көрші екенін, сондай-ақ, мемлекетаралық өзара іс-қимыл одан әрі де арта түсетінін және оған екі ел парламенттері өзіндік үлес қосатынын айтты. Өз кезегінде, мәртебелі мейман Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде асулардан өтіп, елдер арасындағы ынтымақтастық барлық бағыттары бойынша қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин Мәжіліс пен Мемлекеттік Думаның парламентаралық комиссиялары мен Палата комитеттерінің бірлескен жұмысын жандандыруды да қолдады. Отырыс барысында ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, ТМД ПАА аясындағы өзара іс-қимылды нығайту туралы сөз болды. Мәжіліс Спикерінің айтуынша, модельдік заңдар, ұсынымдар мен парламентаралық іс-шаралардың тәжірибелік сипаты қазіргі заманның өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететін болады.Нұрлан Нығматулин Францияның Қазақстандағы Елшісін қабылдады
Нұр-Сұлтан, 10 қараша, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Француз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесспен Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Кездесуде Франция еліміздің Еуропалық Одақтағы стратегиялық әріптесі екенін айтқан Мәжіліс Спикері Қазақстан басшылығының екіжақты саяси байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударатынын атап өтті. Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде өтіп жатқан саяси жүйені реформалау, экономиканы жаңғырту, азаматтық қоғамды дамыту үрдістеріне назар аударды. Сонымен қатар, тараптар екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің басым бағыттары туралы айта келе, көлік және энергетика, денсаулық сақтау және білім беру салаларын атап өтті. Франция елшісі Дидье Канесс тұрақты даму және «жасыл» экономикаға көшу саласында қос мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды дамыту басымдыққа ие екенін айтты. Бұдан басқа, Қазақстан мен Францияның ауыл шаруашылығындағы өзара іс-қимылдың әлеуеті зор екеніне тоқталды. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бейінді комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арасындағы тұрақты кездесулер тәжірибесін қайта бастау заңнамалық қызметті, оның ішінде өнеркәсіпті экологиялық трансформациялау, цифрландыру және т. б. мәселелер бойынша тәжірибе алмасуға ықпал ететін болады.Нұрлан Нығматулин Польшаның Сенат Спикері Томаш Гродзкиймен кездесті
Нұр-Сұлтан, 8 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Польша Республикасының Сенат Маршалы Томаш Гродзкиймен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Палата Спикері келесі жылы Қазақстан мен Польша арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толатынын атап өтіп, осы жылдар ішінде елдер арасында сенімді саяси диалог орнағанын, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың белсенді дамығанын жеткізді. Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан-Польша ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесі ерекше екенін, осы жолда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдер арасындағы жан-жақты әріптестікті дамытуға зор мән беретінін айтты. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, мәртебелі мейманның елімізге сапары парламентаралық диалогты одан әрі нығайтуға және елдеріміз арасындағы екіжақты өзара іс-қимылды кеңейтуге елеулі серпін берді. Өз кезегінде, Томаш Гродзкий Қазақстанмен өзара іс-қимылды дамыту, халықтар арасындағы қатынастар достық пен өзара көмек негізінде құрылатынын атап өтіп, Қазақстанда түрлі ұлт өкілдерінің достық пен келісімде өмір сүріп жатқанына қызығушылық танытты. Сонымен қатар, тараптар парламентаралық диалогты арттыруға ерекше назар аударды. Отырыс барысында Нұрлан Нығматулин Мемлекет Басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси жүйені реформалау, азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі жұмыстарға назар аударды. Мәжіліс Төрағасы сондай-ақ, Қазақстан Парламенті елді саяси жаңғырту үшін қажетті заңнамалық базаны қамтамасыз ете отырып, бұл процеске белсенді түрде тартылғанын атап өтті. Мәжіліс Төрағасы парламентаралық байланыстарды нығайтудың маңыздылығы туралы айта келіп, поляк әріптесіне қазақстандық және поляк парламентшілерінің ынтымақтастық жөніндегі топтар, сондай-ақ заңнамалық тәжірибемен алмасу үшін тиісті комитеттер деңгейіндегі өзара байланысты күшейтуді ұсынды. Өз кезегінде, Сенат Маршалы Томаш Гродзкий поляк сенаторларының Қазақстанмен барлық салада ынтымақтастықты дамытуға қажетті қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты. Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин поляк әріптестерін және Польша халқын 11 қараша күні атап өтетін ұлттық мереке –Польша Тәуелсіздігі күнімен құттықтады. Нұрлан Нығматулин мен Томаш Гродзкий қазақстандық және польшалық Парламент өкілдері арасындағы диалогты жандандыру екі ел үшін де тиімді болатынына сенім білдірді.