Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Халықаралық қызмет


10.11.2016

Мәжілісмендер ОАР делегациясымен кездесті

Астана, 10 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Оңтүстік-Африка Республикасы халықаралық қатынастар және ынтымақтастық департаменті министрінің орынбасары Номаиндиа Мфекетомен кездесті. Тараптар екіжақты қарым-қатынастың өзекті сұрақтарын талқылады. Осы ретте өзара іс-қимылдың басым бағыттары ретінде ауылшаруашылығы, туризм, энергетика, білім және экономика салаларына айрықша көңіл бөлінді. Н.Мфекето біздің еліміздің даму қарқынын өте жоғары бағалай келіп, еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады. М.Әшімбаев өз кезегінде аталған ел өкілдерін Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауәіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі болуға көрсеткен қолдаулары үшін алғыс білдірді. Комитет төрағасы атап өткендей, Қазақстан осы кезеңде Орталық Азия аймағы және Ауғанстан жағдайларына, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелеріне баса көңіл бөлмек. М. Әшімбаевтың айтуынша, ОАР-ның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы аталған мемлекет үшін зор мүмкіндіктерге жол ашпақ. Кездесу барысында бейінді комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арқылы Қазақстан мен ОАР арасындағы парламентаралық үнқатысуды нығайтуға назар аударылатыны айтылды.

01.11.2016

МӘЖІЛІСКЕ ИРАН ДИПЛОМАТЫ КЕЛДІ

Астана, 1 қараша,Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қоғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Хасан Кашкавимен кездесті. Тараптар екіжақтың саяси, сауда-экономикалық, инвестиция, парламентаралық және мәдени-ізгілікті байланыстары жайында және де аймақтар мен әлемдегі жағдайлар жайында пікір алмасты. Парламентші Қазақстан аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауда Иранның айырықша орын алатынын атап өтті. Бүгінгі терроризм мен діни экстремизм және наша тасымалы мәселелерінің қауіп-қатері жайына да тоқталды. Екі жақ та мемлекеттердің заң шығарушы органдары арасындағы белсенді ынтымақтастық байланыстар жайында ой бөлісті. Депутат пен дипломат әртүрлі деңгейдегі ресми сапарлар, түрлі іс-шараларға қатысу, аймақтық және парламентаралық мәселелер жөніндегі өзекті мәселелер бойынша ақтарыла пікір алмасу байланыстарды бекіте түсетініне сенімділік танытты.

11.10.2016

КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫ ФРАНЦИЯ СІМ ӨКІЛІН ҚАБЫЛДАДЫ

Астана, 11 қазан. Мәжіліс Үйі. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Франция Сыртқы істер және халықаралық даму министрлігі Континенталдық Еуропа Франция Сыртқы істер және халықаралық даму министрлігі Континенталдық Еуропа департаментінің директоры Флоранс Манженмен кездесті. Жүздесудің басты тақырыбы – қазақстан-француз қарым-қатынастары болды. Мейман: қатынастар қарқынды дамып отыр деп бағалады. Соған орай Мәжіліс депутаты жоғары деңгейде екендігіне екі Мемлекет Басшыларының өзара іс сапарларын дәлел етті. Гуманитарлық, сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелер айтылғанда Қазақстанда өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Францияның белсене қатысатыны да мәлім болды. Тараптар алдағы кезеңде парламенаралық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуді жүйелі түрде жалғастыру қажеттігіне тоқталды.

11.10.2016

Мәжіліс Комитеті Ұлыбритания Елшісін қабылдады

Астана, 11 қазан. Мәжіліс Үйі. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэролин Браунмен кездесті. Мейманмен жүздесуінде парламентші Ұлыбритания Қазақстан экономикасындағы сенімді инвестордың бірі болса, Қазақстан Біріккен корольдықтың сенімді серіктесі болып табылатынын мәлімдеді. Кездесуде депутат Ұлыбританияның экс-Премьер-министрі Д.Кэмеронның соңғы жылдары қазақстан-британ ынтымақтастығын барлық бағытта нығайтып, стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге атсалыққанын атап өтті. Сондай-ақ, оның 2013 жылы Біріккен Корольдықтан Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген алғашқы премьер-министр екендігіне де тоқталды. Енді Тереза Мэй басқарған жаңа үкімет құрамы да осы жақсы дәстүрді жалғастыратынына сенім білдірді. Тараптар әңгіме барысында экономикалық дипломатия, әсіресе, Қазақстан экономикасына инвестиция тарту, Астана қаржы орталығы мен мұнай саласы мәселелеріне баса назар аударды. Екі жақтың мүдделеріне тараптар парламентаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызы айырықша екендігіне тоқталды. 20 жылдық тарихы бар қазақстандық Парламенттің көпғасырлы демократиялық дәстүрі бар Ұлыбританиядан үйренері көп екендігін атап өтті.

06.10.2016

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлыбритания Парламенті өкілдерімен кездесті

Астана. 6-қазан. Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі Парламентінің Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі жалпыпартиялық парламенттік топ делегациясымен кездесті. Дәл осы құрамда Қазақстанға алғаш рет іс-сапармен келген меймандарды Қауымдар палатасының депутаты Гизела Стюарт бастап келді. Н. Нығматулин жылы жүздесудің еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанына назар аудара келіп, Ұлыбритания Қазақстанның маңызды саяси әрі экономикалық әріптесі екенін атап өтті. Мәжіліс Төрағасының пікірінше, біздің еліміз келешекте де Біріккен Корольдікпен сауда-экономикалық қатынасты одан әрі тереңдетуге ниетті. Өткен жылы қос мемлекет арасындағы сауда айналымы 1,2 млрд АҚШ долларын құрады. Палата Спикері меймандарға елімізде жүзеге асырылып жатқан Қазақстан Президентінің бес институционалдық реформасы жайында және оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында әңгімеледі. Кездесу барысында мәдени-гуманитарлық, халықаралық қатынастармәселесі де назардан тыс қалмады. Әсіресе, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, көші-қон және босқындар жағдайына көңіл бөлінді. Парламентаралық байланыс мәселесіне келгенде Н. Нығматулин қазақстандық парламентшілердің британдық әріптестерімен ынтымақтастық жөніндегі топтар мен бейінді комитеттер арқылы іс-сапарлар жасап, тәжірибе алмасуға, заң-шығармашылық әріптестікті күшейтуге ынталы екендіктерін жеткізді. Тараптар аталған кездесудің қос мемлекеттің заңнамалық органдары арасындағы ықпалдастықты нығайтуға серпін беретініне сенімді.

04.10.2016

МӘЖІЛІСКЕ КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕЛШІСІ КЕЛДІ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чо Ёнг Чонмен кездесті. Дипломатты қарсы алған парламентші өз сөзінде Қазақстан Шығыс Азиядағы серіктесі Корея Республикасымен арадағы жан-жақты ынтымақтастық байланыстарға айырықша назар аударатынын атап өтті. Жүздесу барысында Астана мен Сеул арасындағы тұрақты байланыстың деңгейінің өсіп отырғандығы айтылды. Депутат 2014 жылғы маусым айында Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хенің Қазақстанға жасаған ресми сапары екі ел арасындағы тығыз достық байланыстың қарқынын өсіргенін мәлімдеді. Кездесуде екі ел парламенттері байланыстарының өзара үнқатысуының маңызы да айтылды. Мәжілісте Корея Республикасымен ынтымақтастық тобы жұмыс жасайды. Ал, Оңтүстік Кореяның Ұлттық ассамблеясындағы Қазақстанмен достық тобының мүшелері біздің елімізге бірнеше мәрте келіп қайтқан. Әңгіме барысында «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өткелі отырған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің маңызына тоқталып, онда оңтүстіккореялық «Samsung Electronics Central Eurasia» компаниясы ресми серіктес болатыны мәлім болды. ЭКСПО халықаралық көрмесі өткізу мен ұйымдастыруға оңтүстіккореялық басқа да компаниялардың атсалысатынына сенім білдірілді.

03.10.2016

Н.Нығматулин: Қазақстан мен Финляндияның парламентаралық ынтымақтастықты нығайту әлеуеті зор.

Астана, 3 қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Финляндияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Илкка Райсаненді қабылдады. Тараптар екіжақты қарым-қатынасты, соның ішінде, парламентаралық үнқатысуды нығайту мәселелерін талқылады. Мәжіліс Спикері аталған кездесудің екі мемлекеттің тарихи кезеңімен сәйкес келіп отырғанына назар аударды. Яғни, биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 25 жыл толса, келер жылы Финляндия тәуелсіздігіне 100 жыл. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Финляндия – Қазақстанның барлық деңгейде сындарлы үнқатысуға қол жеткізген сыртқы саяси және экономикалық әріптесі. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 467 млн. АҚШ долларын құрады. Ал, 2005-2015 жылдарда Қазақстан экономикасына аталған елден құйылған инвестиция көлемі 287 млн. долларға жетті. Одан әрі Мәжіліс Төрағасы: - Ұлт Жоспарын және ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы ауқымды шараларды жүзеге асыру барысында инновациялық дамуды заңнамалық қамтамасыз ету, білім жүйесін жетілдіру, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, ғылыми және іскер ортаның ынтымақтастық тетіктерін дамыту мәселелерінде финдік әріптестеріміздің тәжірибесіне қызығушылық жоғары,-деді. Қазан айында Мәжіліс делегациясы Финляндияға ресми сапармен барады деп жоспарланған. Н. Нығматулин Хельсинкиде өтетін бұл кездесудің маңызды салалар бойынша екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Өз кезегінде елші Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде толағай табыстарға қол жеткізгенін атап өтті. Сондай-ақ, инвестициялық үрдістерді нығайтуда мемлекеттер парламенттерінің де ықпалы зор екенін назардан тыс қалдырмады.

14.09.2016

Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулин Халықаралық бюджеттік әріптестік сарапшысы К. Шутенмен кездесті

Астана. 14-қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Халықаралық бюджеттік әріптестіктің сарапшысы Клэр Шутенмен кездесті. Мәжіліс Спикері атап өткендей, аталған ұйым бүкіл әлемде бюджет ашықтығы мен бақылауды қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосып келеді. Н. Нығматулин ұйымның осы саладағы зерттеулерінің шынайы әрі тәуелсіз екенін алға тарта келіп, барлық бюджеттік бағдарламаларды қарайтын Парламент үшін бюджеттің ашықтығы мен бақылау тиімділігін арттыратын ұсынымдарды зерделеудің маңыздылығы зор екенін айтты. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы: -Алтыншы сайланған Парламенттің екінші сессиясының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен Парламенттің алдына бюджет қаржыларын игеруде қатаң бақылау мен заң шығармашылық қызметінің барынша ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды. Қазіргі уақытта Мәжілісте заң жобаларын қараудың мүлдем жаңа тәртібі енгізілді,-деді. Одан әрі Палата Төрағасы Мәжіліс қарауына түскен еліміздің негізгі қаржылық құжаттары жайында баяндады. Биыл тәуелсіздіктің 25 жылдығын қарсы алғалы отырған Қазақстанның экономикалық жетістіктерін де назардан тыс қалдырмады. Өз кезегінде мейман біздің мемлекетіміздің даму қарқынына ерекше көңіл бөліп, Парламент жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету шараларына жоғары баға берді. Н. Нығматулин Клэр Шутенге мазмұнды кездесу үшін алғысын білдіріп, алдағы бірлескен жұмыс Қазақстан бюджетінің тиімділігі мен ұтымдылығын бұрынғыдан арттыра түсетініне сенім білдірді.

08.09.2016

Мәжіліс вице-спикері Израиль Мемлекетінің бұрынғы білім министрімен кездесті

Астана, 8 қыркүйек , Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева Израиль Мемлекетінің бұрынғы білім министрі Шай Моше Пиронмен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың бағыттарына қатысты бірқатар мәселелерді талқылады. Білім саласының реформасына қатысты мәселелер бірыңғай болғанымен мен онышешу жолдары әртүрлі екендігінде әңгімелесушілердің көзқарастары ортақтасты. Сондықтан екі ел арасындағы қатынастарды өркендету жолында осындай жүздесулер өткізуді тәжірибеге енгізудің пайдалы екендігі айтылды.

06.09.2016

Қазақстан-Латвия: ынтымақтастық әлеуеті

Астана, 6 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Халықаралық Қорғаныс және Қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Латвия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Юрийс Погребнякспен кездесті. Тараптар қазақстандық-латвиялық қарым-қатынасты дамытудың өзекті сұрақтарын талқылай келіп, басым бағыттар саналатын сауда-экономикалық, көліктік-коммуникациялық, инвестициялық салаларда өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне тоқталды. М. Әшімбаев атап өткендей, Латвия мемлекетінің Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуы екіжақты қатынасты одан әрі нығайтуға серпін береді. Өз кезегінде мейман Қазақстан мен Латвия арасындағы саяси үнқатысу деңгейін жоғары бағалады. Елші сондай-ақ, Латвияның 2017-2018 жылдары БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігіне халықаралық аренада жоғары жетістікке ие Қазақстанның кандидатурасын қолдағандығын атап өтті. Кездесу иелері парламентаралық өзара іс-қимылды дамыту жайына да айрықша назар аударып, бұл жолда парламенттер басшыларының өзара іс-сапарлары мен бейінді комитеттер арқылы тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды.

30.08.2016

ЕКІ МЕМЛЕКЕТ ПАРЛАМЕНТТЕРІНІҢ ВИЦЕ-СПИКЕРЛЕРІ КЕЗДЕСТІ

Астана, 30 тамыз , Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Фиджи Республикасы Парламентінің вице-спикері Рувени Надломен кездесті. Мәжіліс Төрағасының орынбасары әріптесіне Семей ядролық сынақ алаңының жабылғанына 25 жыл толғанына және ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнге арналған еске алу іс-шараларына қатысуға арнайы келгені үшін алғысын жеткізді. Мәжілістің вице-спикері Фиджи мырзаға еліміздің 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне сайлануда қолдау білдірген атап өтті. «Ядролық қарусыз әлем құру» деген атпен өткен Халықаралық конференция ядролық қарудан бас тартуға шақыру мақсатындағы әлемдік мүдделерді біріктіруге күш салатынын мәлімдеді. Дүние назарын тіккен атаулы конференция жұмысына ресми шақырылғанына ризашылық білдірген Ф. Надоло ҚР Мемлекет Басшысы Н.Назарбаевтың бейбітшілік жолындағы теңдесіз қызметіне жоғары баға беріп, елордасы Астананың салтанатын атап өтті. Алдағы кезде екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық пен достық қарым-қатынастың жалғасын табатынына сенім білдірді. Әңгіме барысында Мәжіліс Төрағасының орынбасары Г.Исимбаева мемлекеттер арасындағы екіжақты серіктестікке тоқталып, мейманды Қазақстан Республикасы Парламентінің қызметімен таныстырды. Фиджилік кәсіпкерлерді «Болашақтың энергиясы» деген атпен өтетін «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға шақырды. Кездесуге Мәжіліс депутаттары Глеб Щегельский мен Асқар Базарбаев қатысты.

30.08.2016

Н. Нығматулин: Қазақстан Президентінің ғаламдық қауіпсіздікті нығайту бастамалары әлемдік қауымдастықтың қолдауына ие.

Астана, 30 тамыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Нұрлан Нығматулин ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-төрағасы Азай Гулиевпен кездесті. Мәжіліс Төрағасы мәртебелі мейманды жаңа қызметімен құттықтай отырып, Орталық Азия мен ЕҚЫҰ ПА мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту маңыздылығына тоқталды. Кездесу барысында «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясында талқыланған маңызды мәселелерге, сондай-ақ, парламентаралық өзара іс-қимылды дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Қазақстан Президентінің ядроға қарсы бастамалары халықаралық қауымдастықтың кең қолдауына ие екенін алға тартқан Н. Нығматулин Елбасының БҰҰ аясында халықаралық лаңкестік пен экстремизмге қарсы іс-қимылдың бірыңғай әлемдік жүйесін құру туралы маңызды бастамасына көңіл бөлді. Сондай-ақ, Мәжіліс Спикері экономикалық байланыстарды дамыту ЕҚЫҰ кеңістігінде ынтымақтастық пен өзара татулықты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

30.08.2016

Мәжіліс вице-спикері Армения Ұлттық Жиналысының сыртқы байланыс бойынша комиссия төрағасымен кездесті

Астана, 29 тамыз , Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары Владимир Божко Армения Ұлттық Жиналысының сыртқы байланыс бойынша комиссия төрағасы Артак Саакаянмен кездесті. Мәжіліс Төрағасының орынбасары армениялық әріптесін Семей ядролық сынақ алаңының жабылғанына 25 жыл толғанына және ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнге арналған еске алу іс-шараларына қатысуға арнайы келгеніне алғысын білдірді. Биылғы жыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Қазақстан оның алғашқы күнінен ядроға қарсы қозғалыстың әлемдік көшбасшысы болып табылатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздану мен оны таратпау жолын ұстанып келе жатқанын айтып өтті. Сонымен бірге еліміздің 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке сайланғанын айтып, мейманның назарын Қазақстан Президенті ұсынған «Бейбітшілік XXI ғасыр» атты Манифестіне аударды. Мәжіліс вице-спикері қазақстан-арменияаралық сауда-экономикалық қарым-қатынастарды таратып, мейманды Қазақстан Республикасы Парламентінің қызметімен таныстырды. Өз кезегінде Армения Ұлттық Жиналысының сыртқы байланыс бойынша комиссия төрағасы «Ядролық қарусыз әлем құру» атты бүгінгі өткен конференция жұмысына ресми шақырылғанына ризашылық білдірді және ҚР Мемлекет Басшысы Н.Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі елеулі үлесін атап өтті. Сондай-ақ. Екі ел Парламенттері арасындағы достық және ынтымақтастық байланыстардың маңызына тоқталды.

29.08.2016

Н.Нығматулин «ядролық қарусыз әлем құру» Халықаралық конференциясы аясында кездесу өткізді

Астана, 29 тамыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин Парламентаралық одақ төрағасы (ПАО) Сабер Чоудхуримен халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Мейман біздің елімізге алғаш рет «Ядролық қарусыз әлем құру» конференциясына қатысу үшін келді. Н. Нығматулин атап өткендей, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау саласындағы ауқымды бастамалары әлемдік тұрақтылықты, тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау жолындағы ерен еңбегі. Өз кезегінде Сабер Чоудхури де Қазақстан Президентінің осы саладағы батыл қадамдары мен маңызды бастамаларына тәнті екенін білдірді. Мәжіліс Спикері ғаламдық өзекті мәселелерді шешу үшін бүкіл әлем парламенттерінің күшін біріктіруде ПАО рөлінің маңыздылығына тоқталды. Мәжіліс Төрағасының пікірінше, қазақстандық Парламент өкілдері Парламентаралық одақтың ықпалын одан әрі нығайтуға, сондай-ақ, өзара іс-қимылды жан-жақты күшейтуге мүдделі. ПАО төрағасы өз кезегінде Еуразия, Орталық Азия елдері ұйымның маңызды әріптестері екенін атап өтті.

29.08.2016

Мәжіліс Спикері Н. Нығматулин Маршалл Аралдары Республикасынан келген делегация өкілдерімен кездесті

Астана. 29-маусым. Мәжіліс үйі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин «Ядролық қарусыз әлем құру» форумы аясында Маршалл Аралдары елінен келген делегация өкілдерімен кездесті. Делегацияны Маршалл Аралдары Парламентінің төрағасы Кеннет Кеди бастап келді. Жүздесу барысында тараптар ядросыз әлем мәселесіне айрықша назар аударды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік ядроға қарсы қозғалыстың теңдесссіз көшбасшысы екенін айта келе, Нұрлан Нығматулин ядролық қарусыздану және таратпау үрдісінде біздің еліміздің алдыңғы қатарда тұрғанын атап өтті. Одан әрі Мәжіліс Төрағасы Елбасының Семей ядролық полигонын жабу мен әлемде төртінші орын алатын ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешімінің тарихи мәні мен маңыздылығына тоқталды. Мәжіліс Спикері: -Қазақстан Президентінің ядролық қаруды таратпау саласындағы ауқымды бастамалары әлемдік тұрақтылықты, тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау жолындағы ерен еңбегі,-деп атап өтті. Кездесу иелерінің пікірінше, осы салада қос мемлекет халқының тағдыры ұқсас. Себебі ел тұрғындары Қазақстан мен Маршалл Аралдарында өткізілген ядролық сынақтардың зардабын бүгінге дейін көріп келеді. Өз кезегінде Кеннет Кеди: -Сондықтан да біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық зор болуы керек. Біз Қазақстан Парламентіне әсіресе, ядролық қарусыздану мәселесінде толықтай қолдау көрсетуге дайынбыз,-деді. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Елбасының бейбіт өмірге үндейтін «Бейбітшілік. XXI ғасыр» манифестіне ерекше тоқталып, осы орайда «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясы бүкіл әлемдік қауымдастықты ядролық қарудан толық бас тарту жолындағы ортақ мақсатқа жетелейтінін атап өтті. Жүздесу барысында Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне сайлануы, «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесін өткізу сынды маңызды тақырыптарға көңіл бөлінді. Сондай-ақ, кездесу иелері екіжақты қарым-қатынасты дамыту, қос мемлекеттің заң шығарушы органдары арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін жан-жақты талқылады. Айта кетейік, Қазақстанның бастамасымен және БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауымен 29-тамыз халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде белгіленген болатын.

25.08.2016

Н. Нығматулин: Қазақстан Президентінің Түркия мен Ресей ұстанымдарын жақындатудағы рөлі айрықша

Астана. 25-маусым. Мәжіліс үйі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Невзат Уяныкпен алғашқы ресми кездесу өткізіп, қазақстандық-түріктік ынтымақтастықтың өзекті сұрақтарын талқылады. Тараптар қос мемлекет басшыларының мемлекеттік іс-сапарлары мен кездесулерінің арқасында жыл сайын жоғары деңгейде дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынас жайына тоқталды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияда іске аспай қалған әскери төңкеріс жасау әрекетінен кейін алғашқы болып Анкараға ресми сапармен барды. Невзат Уянык өз кезегінде бұл сапарды Түркия халқы мен Үкіметінің өте жоғары бағалағанын, сонымен қатар, бұл сапар әлем алдында Қазақстанның қолдауын айғақтай отырып, нағыз достық пен бауырластықты дәлелдегенін айтты. Мәжіліс Спикерінің айтуынша Түркия халқы осы кезеңде өз басшыларын қолдау арқылы демократиялықтың жоғары үлгісін көрсетіп, ауыр сынақтан лайықты өтті. Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы елшіге және бүкіл түркі халқына рақымсыз лаңкестік оқиғадан кейінгі қайғылы жағдайға байланысты көңіл айту білдірді. -Қазақстан лаңкестік әрекеттің кез-келген түрін қатаң айыптайтынын, оған қарсы батыл күрес жүргізіп, осы бағытта халықаралық қауымдастықпен белсенді іс-қимыл жасайды,-деді Н. Нығматулин. Н. Нығматулин Қазақстан Президентінің Ресей мен Түркия ұстанымдарын жақындастырудағы маңызды әрі сындарлы рөлін алға тартып, Қазақстан әрқашанда Түркияның стратегиялық сенімді әріптесі әрі досы болып қалатынын атап өтті. Өз кезегінде елші Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген әрі салиқалы саясатының нәтижесінде Қазақстанның 25 жылдық мерейтойға қарқынды даму табысымен келгендігі барша Түркиялықтарды тәнті ететінін алға тартты. Парламентаралық байланыс мәселесін де назардан тыс қалдырмаған кездесу иелері екі ел депутаттарының ынтымақтастық жөніндегі топтар мен халықаралық парламенттік ұйымдар арқылы бірлесе белсенді жұмыс атқаруға дайын екендіктерін жеткізді.

17.08.2016

Мәжіліс Төрағасының орынбасары германиялық делегация өкілдерімен кездесті

Астана, 17-тамыз. Мәжіліс үйі. Бүгін Парламентте Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко Германия Федеративтік Республикасы ауылшаруашылығы және азық-түлік федеративтік министрлігінің парламенттік статс-хатшысы Петер Блезер бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Тараптар қазақстандық-германиялық қарым-қатынасты жан-жақты дамыту жайын сөз етті. Әсіресе ауылшаруашлығы саласына айрықша көңіл бөлген кездесу иелері қазіргі уақытта қос мемлекет арасында аграрлық-саяси үнқатысудың табысты дамып келе жатқанын алға тарта келіп, одан әрі нығайту жайына назар аударды. Өз кезегінде мәртебелі мейман аталған салада Қазақстанның әлеуеті бүкіл әлем бойынша өте зор екенін айтып, екіжақты мүмкіндіктерді пайдалана отырып, бірлескен іс-қимылды тереңдетудің маңыздылығын атап өтті. Кездесу барысында В. Божко Қазақстан мен Германия арасындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас мәселелеріне назар аудара келіп, парламентаралық байланыс деңгейіне тоқталды. Сонымен қатар, делегация өкілдерін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып жатқан Қазақстанның стратегиялық даму жоспарларымен таныстырды. Кездесуге сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Сапархан Омаров қатысты.

20.06.2016

ҚАЗАҚСТАН ПАРЛАМЕНТШІЛЕРІНІҢ РЕСЕЙ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН КЕЗДЕСУІ

Астана, 20 маусым, Мәжіліс Үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Светлана Бычкова бастаған бір топ депутаты РФ Президентінің кеңесшісі Вениамин Яковлев бастаған «Ресей заңгерлерінің ассоциациясы» бүкілресейлік қоғамдық ұйымының делегациясымен кездесті. Әңгімелесудің басты тақырыбы заңнамалық бастама, оны әзірлеу, талқылау және заң қабылдау, сот жүйесіне, маман әзірлеуге және соттарды тағайындауға, соттардың тәуелсіздігін нығайтуға қатысты болды. Тараптар мемлекеттік және жекеменшік сот орындаушылардың, төрелік сот шешімдерінің орындалуы тақырыбын да қозғады. Әңгіме соңында олар аталған өзекті мәселелердің заңнамалық шешімін табуда тәжірибе алмасу үшін Парламентте бүгінгідей кездесулер өткізуді алдағы кезде де жалғастыруға келісті. Жүздесуге Мәжіліс тарапынан депутаттар: Арман Қожахметов, Қанат Мусин, Снежана Имашева, Гүлнар Бижанова қатысты.

10.06.2016

ҚАЗАҚСТАН – ҚЫТАЙ КОММУНИСТЕРДІҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

Астана, 10 маусым. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің «Халықтық коммунистер» фракциясының бір топ депутаты Жамбыл Ахметбековтың жетекшілігінде Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Сыртқы байланыстар бөлімінің меңгерушісі Сун Тао мырзамен кездесті. Қазақстандық парламентші Қытай Коммунистік партиясының келе жатқан 95 жылдығымен құттықтады. Ширек ғасырдан бергі екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастың қарқынды өркендеп келе жатқанына, Қытай Қазақстанның стратегиялық серіктесі екендігіне тоқталды. Одан кейін екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастық байланыстардың маңызы жайында, заң шығарушы органдар арасындағы байланыстар жөнінде кеңінен айтып берді. Кездесу барысында «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық саясат мен «Жібек жолы экономикалық белдеуінің» тоғысуы жайында пікір алмасулар болды. Кездесуге ҚХР ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі Ханьхуэй Чжан, сонымен қатар ҚХКП атынан сайланған депутаттар Владимир Косарев, Галина Баймаханова, Айқын Қоңыров және Магеррам Магеррамов қатысты.

10.06.2016

ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ АРАСЫНДАҒЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚАРЫМ- ҚАТЫНАС ТАЛҚЫЛАНДЫ

Астана. 10-маусым. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Михаил Бочарниковты қабылдады. Тараптар қос мемлекет президенттерінің салиқалы саясатының арқасында қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік жайына айрықша назар аударды. Мәжіліс Төрағасы мейманды жыл сайын 12-маусымда аталып өтілетін Ресей күні мерекесімен құттықтай келіп, Ресей Федерациясы әркезде Қазақстанның маңызды әріптесі әрі одақтасы және сенімді досы болып қала беретінін жеткізді. Өз кезегінде елші кешегі жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты көңіл айту білдірді. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Ақтөбеде орын алған аяусыз, қаскөй лаңкестік әрекетті айыптай келіп: -Бұл біздің жас мемлекетіміз үшін ащы сабақ болды. Қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық біздің көп ұлтты Қазақстанымыздың басты құндылықтары болып табылады. Елбасымыз, Үкімет, Парламент, басқа да құзырлы органдар алдағы уақытта мұндай жағдайдың алдын-алу үшін тиісті шараларды қолға алатыны сөзсіз,-деді. Одан әрі тараптар қос мемлекет арасындағы халықаралық қауіпсіздік, мәдени-гуманитарлық байланыс мәселелерін талқылады. Кездесу иелері әлемдік экономикалық дағдарыс екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың дамуына өз салқынын тигізгенін, алайда, өткен жылдың қаңтар айынан іске кіріскен ЕАЭО біздің елдеріміздің ұлттық экономикасын тұрақтандыруда айрықша рөл атқарып келе жатқанын атап өтті. Қазақстандық-ресейлік әріптестіктің барлық салада жан-жақты, табысты дамып келе жатқанын алға тартқан М. Бочарников 2017 жылы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толатынын еске салды. Б. Ізмұхамбетов пен М. Бочарников парламентаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын да назардан тыс қалдырмады. Қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісі мен РФ Мемлекеттік Думасының арасында өзара іс-қимыл орнатылған. Палаталарымыз арасында ынтымақтастық туралы келісім бар. Депутаттар ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ҰҚШҰ, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы аясында жемісті еңбек етуде. Мәжіліс Спикері атап өткендей, РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенконың жуырдағы Қазақстанға сапары парламентаралық ынтымақтастықтың дамуына өзіндік серпін берген.