Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
04.03.2021

Мәжілісте Партияаралық кеңес құрылды


Нұр-Сұлтан, 4 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Мәжіліс жанынан партияаралық Кеңес құру туралы бастама жасады. Бұл ұсынысты Нұрлан Нығматулин Қазақстанда тіркелген партия өкілдерімен кездесуінде айтты.

Кеңесті ұйымдастырудың басты мақсаты - парламенттік және парламенттік емес партиялар арасында тұрақты диалог орнату.

-Әрқайсымыздың алға қойған жоспарларымыз, міндеттеріміз, жұмыс жасау тәсілдеріміз әртүрлі болғанымен, мақсатымыз бір. Ол – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елімізді дамыту бастамаларын қолдап, халқымыздың өмір сапасын жақсартуға ықпал ету, үлес қосу, - деді отырыста Нұрлан Нығматулин.

Осы жолда Мәжіліс әрқашанда қоғамдық ұйымдармен, тәуелсіз сарапшылармен, журналистермен ашық, қолжетімді және жария жұмыс істеп келе жатқанын алға тартқан Палата Спикері:

- Мәжіліс жанынан Партияаралық кеңесті ұйымдастыруды ұсына отырып, біз, ең алдымен, парламенттік және парламенттік емес партиялардың диалогын кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашқымыз келеді. Осы жаңа пікірталас алаңында әзірленетін талқылаулар, ұсыныстар, ұсынымдар заң шығару процесін одан да тиімді етуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Жалпы, біздің Партияаралық кеңес аясындағы ынтымақтастығымыз өзекті мәселелерді шешудің тағы бір құралы бола алады, - деді.

Нұрлан Нығматулин атап өткендей, партияаралық кеңес консультативтік-кеңесші орган болады. Ол қандай да бір заң жобалары бойынша партия өкілдерінің жұмыс топтарының құрамына кіруіне депутаттық корпустың мүдделі екенін білдіреді.

- Сіздердің идеяларыңыз, ұсыныстарыңыз іс жүзінде жүзеге асырылуы керек. Біз бірлескен жұмысқа дайынбыз. Мұндай ынтымақтастық парламенттік емес партиялар үшін де пайдалы болады деп ойлаймын, - деді Мәжіліс Спикері.

Отырыс барысында парламенттік емес партия өкілдері Мәжіліс Төрағасы ұсынған бастаманы қолдап, бұл Мәжіліс жұмысындағы жаңа бетбұрыс екенін айтты.

«Ауыл» патриоттық партиясы төрағаның бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков:

- Біз «Ауыл» партиясы Парламентке өте алмағандықтан, бірақ қазір кез-келген заң жобасын талқылауға арналған жұмыс тобына өз өкілдерімізді ұсына аламыз. Солар арқылы өз ұсынысымызды бере аламыз және өз ұстанымымызды қорғай аламыз. Бұл дегеніміз парламенттік және парламенттік емес партиялардың арасындағы арақашықтықты жақындатады. Бұндай кеңес құрудың өзі қазіргі Мәжілісіміздің ашықтығын, халыққа жақындығын дәлелдеп отыр. Парламенттік емес партияларға да сенім артқан сайлаушылардың пікірін жеткізу, соның ойын заң жобаларына кіргізу арқылы проблемалар шешіледі деп ойлаймын, - деді.

Өз кезегінде «Adal» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев:

-Бұл бастама Парламентке кірмеген партиялар үшін өте үлкен мүмкіндік деп есептейміз. Себебі, сайлауалды бағдарламамызда бес мыңнан астам кездесу өткізіп, халыққа берген уәделерімізді іске асырып, бағдарламамызда орындалатын мәселелерді келесі сайлауды күтпей-ақ жүзеге асыруға мүмкіндік жасалмақ, - деді.

Сондай-ақ, Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының Төрағасы Асхат Рахымжанов Партияаралық кеңесті құру депутаттардың өздері үшін де пайдалы болады деп есептейді.

-Парламентаралық кеңес депутаттар мен Парламенттің жұмысын ашық көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл парламенттік емес партиялар үшін де пайдалы болады. Олар заң шығару процесімен танысып, белгілі бір тәжірибелік материал әзірлей алады,- деді Асхат Рахымжанов.

Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтерген тапсырмаларына, соның ішінде жаңа заң жобаларын әзірлеуге қатысты мәселелерге назар аударды.

- Біз Партияаралық кеңестің тұрақты жұмыс істейтін жұмыс алаңына айналуын қамтамасыз етуіміз керек. Онда ұсынымдар әзірленеді, содан кейін олар Парламенттегі заңнамалық процестің барлық сатыларында пайдаланылатын болады, - деді сөзін қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы.

Айту кете керек, Мәжілісте өткен жиынға «Adal», «Ақ жол», «Ауыл» партияларының және Қазақстан Халық партиясының, «Nur Otan» және ЖСДП өкілдері қатысты.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі